Кенеден келген қауіп көп
Бұған дейін мамандар аталмыш жұқпалы аурудың Шиелі ауданында басым көрсеткішке ие екенін айтқан еді. Жыл басынан онда аталмышдертке шалдығуы мүмкін деген диагнозбен 3 адам тіркелді. Зертханалық тексеру нәтижесінде екі тұрғынның жұқпалы ауруға шалдыққаны анықталып, оларға тиісті ем-дом шаралары көрсетілген. Мамандар науқастардың жағдайы жақсарғанын, әлі де бақылауда болатынын айтқан еді. Дегенмен ауру салдарынан ауданға қарасты Досбол би ауылының 1990 жылғы тұрғыны көз жұмған.
– Науқастың ауруханаға алғаш түскен кезінде ағзаның улану белгілері көрініс берген. Оған ребавирин препараты мен иммундалған плазмалық емдеу шаралары жүргізілді. Кене шаққан кезде адам ағзасында қанның құрамы өзгереді. Сол себепті оларға иммунды плазма жасалады. Алайда, жасалған ем-домнан өзгеріс болмай, қайғылы жағдай орын алды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов.
Дәл осындай болжаммен өткен демалыста қалаға қарасты Сабалақ саяжайында мал шаруашылығымен айналысатын 1985 жылы дүниеге келген азамат ауруханаға түскен. Алайда, ол ертесіне көз жұмды. Қазіргі таңда оның нақты неден қайтыс болғаны анықталуда.
Айдана СЕЙІЛ.