Жасанды тіс «жасарып» барады
Бұрын жасанды тіске егде тартқан қарт кісілер ғана мойынсұнатын. Қазір оған тәуелділік арта түсуде. Орта буынның басым көпшілігі жасанды тістің көмегіне жүгінетін болды.
Маржандай тізілген тістер – адам көркінің кепілі. Десе де, бүгінде жастар мен орта буын азаматтар арасында оған байланысты қиындық туындап жүр. Бұрын ауырған тісті жұлудан басқа амал жоқ еді. Ал, бүгінде оны емдеп қана қоймай, түзету арқылы сән де беруге барлық жағдай қаралған. Тіпті, сапалы жаңа тіс салуға да болады. Осындай мүмкіндікке қарамастан дәрігерге артылған жауапкершілік те аз емес.
Тіс мазаласа ол ең әуелі жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді. Суық, ыстық, тәтті, қышқыл тағамдарды жеген кезде тістің ауырсынуы сезіледі. Мұндай жағдайда көбісі дәрігерден қорқып, түрлі дәрі-дәрмектер ішеді. Ал, енді бірі емдеу емханасына жетуге асығады.
Байқасаңыз, тісі жоқ адамның бет әлпеті бұзылады. Сөйлегенде сөзі де түсініксіз болады. Сондықтан оны уақытылы емдетуді әдетке айналдыру қажет. Тіс адам өмірінде екі рет шығады. Атап айтсақ, алдымен сәби кезінде сүт тісі жарады. Одан кейін ол түсіп, оның орнына кәдімгі тұрақты 28-32 ақылды тіс шығады.
Қазіргі таңда көп адам тісінің тазалығына мән бере қоймайды. Дәрігердің қадағалауына барып тексерілмейді. Соның салдарынан табиғи тістерін құртып, жасандының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Мәселен, тісте тұрып қалған тамақтың бір миллиграмында 800 миллион микроб болатыны анықталып отыр. Ол адамға әртүрлі кесел жұқтырады. Жиі тазартып тұру денсаулыққа қандай маңызды екенін осыдан-ақ аңғару қиынға соға қоймас.
Тістің бұзылуына әкеп соқтыратын бірден-бір себеп – тұрмыстағы кейбір әдеттер. Мәселен, оқушылардың басым көпшілігі қаламын тістейді. Ал, ересектер сүйек кеміріп, жаңғақ шағады. Сондай-ақ, тігіншінің инені, етікшінің шегені тістеп отыруы – тіс үшін қауіпті әдет.
– Әдетте тісі қатты ауырып, жаны қиналмаған адам дәрігерге көрінуді керек етпейді. Дегенмен, тіс ойыла беріп эмалі, дентині опырылып, қуысындағы қан тамырлары мен нерві зақымдалады. Ауыз қуысындағы микробтар оларды қабындырады. Содан кейін тіс ауруы асқынады. Кейде тістің нерв, қан тамырларының немесе тіс түбірі ұясының ауырғаны ұзаққа созылса, олардың іріңі, бактерия мен қан арқылы денеге тарайды. Мұндай да адамның тұла бойын ірің жайлап, жүрек, бүйрек, бауырға кері әсерін тигізеді. Сондықтан әрбір азаматтың тісі ауырмаса да, арнайы мамандарға жылына екі рет көрініп, дерттің алдын алғаны абзал, - деді «АС-МЕД» тіс емханасының дәрігері Сұлтан Асанов.
Тісі ауырған адам бірден одан құтылғанды жөн көреді. Дегенмен, бүгінде оны емдеп жазуға емханаларда барлық мүмкіндік жасалған. Олар ең соңғы техникалық құрылғылармен жабдықталған. Бүгінде фарфор тіс қолданысқа көп ие бола бастады. Оның эстетикалық қасиеті жоғары әрі гигиеналық талғамға сай. Сондай-ақ, пластмассадан істелген тістер арзан және жасалу жолының ыңғайлығымен ерекшеленеді. Ал, тот баспайтын болат, алтын қорытпасы және металды керамикалық тістер әдемілігімен, беріктігімен көзге түседі.
Ғалымдар жасанды тістерді жетілдіру бағытында жыл өткен сайын нәтижелі жетістіктерге қол созып келеді. Жасанды тісті барынша мінсіз етуде ағылшын ғалымдарының еңбегі зор. Қаралушының тіс үлгісін пайдалана отырып жасалған гибридтің табиғи тістен өзгешелігі жоқ. Қазіргі кезде құрттаған және түскен тістің орнына жаңа әрі сапалы түрін орнатып беруде.
– Халық арасында өз денсаулығын күтуге дұрыс ұғым қалыптаса қоймаған. Ауруының асқынғанын аяғына дейін күтіп, сосын ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Тісті алдын ала емдету арзан екенін білмейді. Соның салдарынан соңында олар жасанды тіс салдыруға мәжбүр. Адам ағзасы бір қалыпты тұрмағандықтан мамандарға жиі келіп тексерілу қажет. Әрине, өзінің табиғи тісіне жетпейді. Десе де, қазір өңірде алып-салмалы жасанды тістер сұранысқа ие. Бізде бірыңғай бекітіп тұрақты өзінікіндей етіп істелетін тіс те бар. Оның бағасы қымбат, көп адамның қалтасы көтермейді. Бізге келген әрбір емделушіні толық тексеруден өткізіп, барлық тиімді жағын түсіндіріп, емді бастаймыз. Сондай-ақ, бұрын тісті емдеген кезде қатты ауыратын болса, қазір заманауи технология арқасында оны емдеу жеңіл жүзеге асырылады, – деді «АС-МЕД» тіс емханасының дәрігері Сұлтан Асанов.
Күйбең тіршілік соңында жүрген қаншама адам тіс мәселесіне немқұрайлы қарайды. Соңғы жылдары аймақта түрлі жеке тіс емханалары ашылды. Дәрігерді де өзің іс-тәжірибесіне, жұмысының сапасына қарап таңдайсың. Біз барған «АС-МЕД» тіс емханада емделушілер қатары қалың. Солардың бірі жасанды тісін қайта жаңғыртудан өткізгелі отырған қала тұрғыны Үміткүл Залиеваның осы тіспен жүргеніне бес жылдан асқан. Жас болғандықтан, ет қызумен бала туған кезде тістің күтіміне мән бермеген. Алайда, қазір ұл-қыздарына ең алдымен «тістің қадірін біліңдер» деп жиі айтып отарады.
Бүгінгі күні жиі кездесетін бұл мәселеге тұрғындар бейжай қарамауы тиіс. Адамның денсаулығының зор болуы тіске тікелей қатысты. Ойланатын жағдай. Күйбең тіршілікті сылтау етеміз. Дәрігер алдына баруға уақыт таба алмай қиналамыз. Денсаулық бәрімізге қымбат. Тісіңіз түгел болсын десеңіз оған күтім жасауды және дәрігер кеңесіне құлақ асуды ұмытпаңыз.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.