ҚАНАТ АРХАБАЕВ: ӨЗІМДІ КҮРДЕЛІ ОБРАЗДА ШЫҢДАҒЫМ КЕЛЕДІ...
Ол тым қарапайым, кішіпейіл, бойында жастыққа тән жігер бар. Қазақы тәрбиені болмысына терең сіңірген жігіттің елгезектік қасиеті де байқалады. Өнерге деген құштарлығы да ерекше. Сірә, «Жастықтың оты жалындап»... деп кезінде хәкім Абай осындай жігері мен өнері қатар ұштасқан жастарға қарап айтса керек. Біз Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының белді әртісі Қанат Архабаев жайында әңгімелеп отырмыз. Расында, Қанат жас та болса, біраз белесті бағындырған өнерпаз. Оның бұл салаға деген шексіз құштарлығы аз ғана уақыт ішінде театрдағы айрықша орнын айқындап бергендей. Жақында театр ұжымының Астанадағы шығармашылық іс-сапарынан кейін жас актермен кездесіп, аталмыш тақырып аясында әңгіме-дүкен құрудың орайы келген еді.
– Қанат, театрдың жас әрі белді әртісі ретінде өзіңізді жақсы танимыз. Енді оқырмандарымыздың сүйікті актері ретінде өзіңіз жайлы кеңірек мағлұмат беріп өтсеңіз.
– Мен 1990 жылы Ресей мемлекетінің Саратов қаласында дүниеге келдім. Анамда жүктілік үдерісінің қиын өтуіне байланысты сонда босануға мәжбүр болыпты. Негізінде, әке-шешемнің арғы түбі Шиелі ауданының тумалары. Сондықтан маған Қызылорда таңсық өлке деп айта алмаймын. Бірақ, естен кетпес балалық шағым түгелдей Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Жетісай қаласында өтті. Сонда дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алдым. Мектеп қабырғасын бітіріп, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. Нағыз қайнаған өнер ордасында білімімді жетілдірдім. Оқи жүріп «Шалқар» радиотолқынында, «Балапан» телеарнасында тәжірибе жинақтадым.
– Сонда өнер адамы болу бала күнгі арманыңыз болды ғой...
– Кішкентайымнан анам мені дәрігер боласың деп миыма құйып өсірді. Адам жанына араша болуға себепкер жандардың ерен еңбегін айтып, сол мамандыққа деген махаббатымды арттыруға барынша тырысты. «Ақ халат киіп, білікті маман боласың» деп үнемі айтып отырғандықтан болар мектеп бітірем дегенше дәрігер боламын деген ойдың жетегінде жүрдім. Тіпті, химия-биология пәні бойынша әзірлік те жасап жүрдім. Бірақ, өзімнің іштей өнерге бүйрегім бұрып тұратын. Үйге қонақ келсе де, алдарында ән айтып, пародия жасайтынмын. Сыныпта да сол, ұйымдастыру, жүргізушілікке, өнер көрсету жағынан қабілетім жоғары болды. Жасырмаймын, ауылдың баласы болғандықтан театрдың не екенін білмей өстім. Әулетімізде де бұл саланың тұтқасын ұстап жүрген ешкім жоқ еді. Бір қызығы, театрдан мүлдем бейхабар болып өссем де, әртіс болуды армандадым. Бір күні теледидардан аталмыш өнер ордасына қабылдау жүріп жатқандығы туралы жарнаманы құлағым шалып қалды. Сөйтіп, аттестат алған соң ізгі арманымды орындау мақсатында Алматыға жол тартқан едім. Содан бері осы саланың ішінде біте қайнасып келемін.
– Осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұлы жолда бағыт-бағдар берген ұстаздарыңыз жайлы не айтасыз?
– Мен осы кезге дейін қандай да бір жетістікке қол жеткізсем, сол ұстаздарымның арқасы деп білемін. Кез келген жорғаның бәйгеде оқ бойы оза шабуы оның баптаған адамына байланысты екені бесенеден белгілі. Сол сияқты, менің өмірімде жүріп өткен жолын өнеге, ғибрат етер жандардың болғанына қуанамын. Оның көш басында Оразхан Кенебаев тұр. Оны өнердегі әкем десем де болады. Кезінде академияда жүргенде алғаш театрдың не екенін соқырға таяқ ұстатқандай етіп ұғындырған оның еңбегі мен үшін өлшеусіз. Одан кейін М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театр директоры Ерлан Біләлден дәріс алдық. Мұнан өзге де театрдың қыр-сырын меңгертуге ықпал еткен ұстаздарым баршылық. Солардың арқасында студент жылдары шығармашылық топпен Англия астанасы – Лондонда өнер көрсеттік. Оған сол кездегі өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы өзі бастама жасап барды. Сонда У.Шекспирдің «Макбет» пьесасын сахналап, бір спектакльде үш бірдей образды сомдап шыққаным бар. Ал, қазіргі таңда театрда өз қолтаңбамды ойып қалдыруда жөн сілтеп жүрген Хұсейін Әмір-Темір ағамыздың орны бір төбе.
– Хұсейін Әмір-Темір деп қалдыңыз, Сыр өнерінің қарашаңырағына қалай келіп жүрсіз?
– Мен мұнда 2014 жылы келдім. Касстингтен өтіп, театрға қабылдандым. Сәті түсіп, келе сала спектаклде ойнау бақыты бұйырды. Негізі мұндай мүмкіндік көп әртісте бола бермейді. Сөйтіп, Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестер» пьесасында алғаш рет Қайраттың образын сомдап шықтым. Бастамасы жаман болмады. Режиссер тарапынан оң бағасын алдым. Қарашаңырақта жүре тұрып, «Болашақ» университеті жанынан құрылған студенттер театрында жас режиссер болып қосымша жұмыс жасадым. Жанымда өнер академиясының түлегі Әсел Баймұханова деген замандасым екеуміз сонда біраз көзге көрінер жұмыстар атқардық дей аламын. Павлодар қаласында өткен әуесқой жастар мен студенттер театры ұжымдарының халықаралық фестивалінде жүлделі оралдық. Ондағы көрермен назарына Жұмагүл Солтиеваның «Адамды шайтан азғырса…» пьесасын ұсындық. Қазір белгілі себептерге байланысты аталмыш театрдың жұмысы уақытша тоқтап тұр.
– Театрға келген санаулы жыл ішінде қанша рөлді сәтті сомдап үлгердіңіз?
– Шынымды айтсам, саусақ бүгіп санамаппын. «Сыған серенадасында» Алеко, «Қарагөзде» Сырым, «Двойникте» Конт, «Бір түп алма ағашында» Мақсат, «Антта» Барақ, «Қысылғанда қыз болдық» қойылымында Алтынбек, «Жүз жылдық махаббатта» Кәженмен қатар өзге де спектакльдерде біраз образды ойдағыдай деңгейде алып шықтым деп айта аламын. Әрбір образ мен үшін сабақ. Түрлі мінез-құлық, түрлі тағдыр. Жаманынан жиренесің, жақсысынан үйренесің. Бастысы, образды көрерменнің жүрек түкпіріне жететіндей етіп шынайы жеткізе білу.
– Актер ретінде мақсат қойып, болашақта қандай образды сахнаға алып шыққанды армандайсыз?
– Дәл осы рөлді ойнасам екен деп армандамаппын. Бұл, мүмкін менің рөл таңдамайтындығымнан болар. Комедия, трагедия, тарихи жанрларда да бақ сынап көрдім. Меніңше, әртістің бір жанрда қалып қоймай, түрлі жанрды байқап көруі жөн сияқты. Мен көбіне бір-біріне қарама-қайшы образдарды сомдағанды ұнатамын. Кейіпкерлерім бір-біріне ұқсамаса екен деймін. Сонда ғана шығармашылық жағынан шыңдалуға болады деп ойлаймын. Соңғы уақытта өзімді психологиялық жанрдағы рөлде сынап көргім келіп жүр.
– «Марапат мерей өсіреді» дейді. Өнерде жеткен жетістіктеріңіз туралы не айтасыз?
– Мен өзімді өнердің шырқау биігіне жеттім деп айта алмаймын. Әлі де ізденіс, әлі де еңбек керегін білемін. Бірақ, бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктеріммен мақтанамын. Бұл – менің төккен терімнің алғашқы жемісі. Осыған дейін «Үкілі үміт», «Қарагөз» спектакліндегі Сырым образы үшін «Ең үздік ер бейнесі», «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығына ие болып, «Үміт» номинациясымен марапатталдым. Мұнан өзге де ірілі-ұсақты марапат иелері қатарынан көрініп жүрген жайым бар. Жақында ғана Елордада болып, облыстың мәдениет күндері аясында өткен шараларға атсалысып қайттық. Жоғары деңгейде өтті. Әзебайжандық драматургтің «Кетпейсің! Болды, кетпейсің...» атты үздік туындысын сахналап қайттық. Астаналық ағайынның ыстық ықыласына бөлендік. Мұндай қолдау біздің екінші тынысымызды ашып, қанаттандыра түсетіні сөзсіз.
– Енді әңгімені тележүргізушілік қабілетіңізге қарай ойыстырсақ.
– Осында тележүргізушілік саласында жүргеніме де үш жылдың көлемінде уақыт өтіпті. Театрға келген жылы екеуін қатар бастадым. Қазір облыстық телеарнада бірнеше бағдарламаны тізгіндеп жүрмін. Неге екенін білмеймін, телередакцияда жұмыс жасаған өзіме қатты ұнайды. «Қара, оқы, ән сал», «Таланттар тайталасы», «Орда like» сынды заманауи бағдарламалардың көрсетілімін жүргіземін.
– Болашақта сізді басқа қандай бағытта көріп қалуымыз мүмкін?
– Менің жан-дүнием театрға жақын. Әлі де осында өзімді біраз шыңдағым келеді. Өнерден алыстап кете алмаймын. Арасында өзгеріс жасап тұрған да дұрыс шығар. Дегенмен, оны уақыт еншісіне қалдырамын.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген: Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.