ТЕАТР САХНАСЫНДА – «ҒАШЫҚТАР ХИКАЯСЫ»
Н.Бекежанов атындағы театрда Қ. Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» комедиясының премьерасы 26 қыркүйек күні театр сахнасында өнер сүйер қауымның назарына ұсынылды.
Комедиялық туынды көрермен көңілін сергітіп, студенттік жылдардың тәтті шақтарына жетелегені рас. Көрермен залында ине шаншыр жер болмады.
Студенттік шақ. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ең бір ғажап кез. Қиял әлеміне жетелейтін ғашықтық сезімін бастан кешесің бұл сәтте. Өз сүйгенің үшін қандай тәуекелге болса да баратын батырлық болады ғой бойыңда. Жатақхана бөлмесіндегі 4 жігіттің тағдыры. Жүректерін ғашықтық дерті бойлап, сезім тәлкегіне түскен жігіттер сүйіктілерін қарату үшін қандай амалға барады? Оқиға осылайша қыза түсті.
Жастардың басты тақырыбы махаббат пен шынайы достықты сипаттайтын спектакль көптің көңілінен шыға білді. Соңғы әуен шырқалған сәтте барлық көрермен орындарынан түрегеліп, қосыла шырқап, осы қойылымды бірге ойнап шыққандай сезімде болды. Көрерменнің жүрегіне жол тапқан қойылымда жастардың көңіл-күйлері көтеріліп, ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар театр аритстеріне деген ыстық тілектері мен гүл шоқтарын ұсынды.