Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » МАҢДАЙАЛДЫ МЕКТЕПТІҢ МОЛ МҰРАСЫ

МАҢДАЙАЛДЫ МЕКТЕПТІҢ МОЛ МҰРАСЫ

 Жеткіншектің жұлдызын жағып, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтуде қашанда білім-ғылым мен тәлім-тәрбиенің ықпалы айрықша. Себебі, бүгінгі дамыған заманда өркениеттің өлшемі, елдің кемел келешегі оқу-ағарту саласындағы оңды бастамалар арқылы жүзеге асады. Ал, оның қайнар көзі – мектеп пен ұстаз дейтін егіз ұғымнан бастау алатыны және белгілі. Шәкірт жүрегіне нұр құйып, жан-жақтылыққа баулитын шаңырақ қоғам үшін қай кезде де маңызын жойған емес.
Осындай талап үдесінен шығып, адам бойындағы ізгілік атаулыны қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қаладағы №140 Абылайхан атындағы қазақ орта мектебінің орны қашанда бір төбе. Алғаш бір қабатты шағын ғана ғимаратта орын тепкен бастауыш мектеп бүгінде толайым табыстарымен танылған іргелі оқу ордасы. Білім бәсекесіндегі үлкен шаңыраққа айналған. Кішкентай ғана аппақ етіп әктелген ғимарат халық арасында сол кездері «Ақ школ» деген атпен танымал болыпты. Кейін 1958-1959 оқу жылында аталмыш білім ошағы 7 жылдық мәртебесін алған. Ол кезде бас-аяғы 300-ге жетер-жетпес оқушы оқыған. Небәрі жеті ғана сынып бөлмесі бар екен. Оқу нысанының тарлығы, қажетті құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі өрендердің білімін тереңнен жетілдіруге біраз қолбайлау болғаны рас. Сөйтіп, басшылар үш кезекпен оқытудың қиындығын алға тартып, 1961-1962 оқу жылынан бастап нәтижелі істің арқасында жаңа ғимаратқа көшіп, еңселі білім ордасына айналды. Мектептің тағылымға толы тарихи жылдары да осы тұстан жаңа серпінмен бастау алған еді.



Жарты ғасырдан астам уақыт аз емес. Өнегелі өткені бар шаңырақ бүгінде талай түлекті түлетіп, өңірдің білім саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Ұжым мүшелері заман ағымына ілесіп, қойылған талап үдесінен шығуға талмай еңбек етіп жүр. Ондағы әрбір мұғалім мектеп мерейін асырып, мәртебесін тұғырлы етуді мақсат етіп қойған. Рухани білім ордасы ашылғалы бері мұнда 7 директор басшылық етті. Олардың қатарында Мәриям Хұсаинова, Абдулла Әбенов, Әділхан Білманов, Берік Бекенов, Сәрсенкүл Биқожаева, Жанат Кенбаева бар. Мәриям Хұсаинова басшылық тізгінін ұстаған 1972 жылдары бұрынғы аралас оқу ошағы бірыңғай қазақ мектебі болып қайта құрылды. Бұл – мектеп үшін тарихи жыл болды. 1997-2003 жылдары ұжым басшысы Б.Бекеновтің тұсында ғимаратқа күрделі жөндеу жасалды. Заманға лайық жаңа мазмұнға сай етіп қайта жабдықталды. Компьютер сыныбы ашылды. Бүгінде ұжымдағы ұстаздар электронды кітапша, интерактивті тақта арқылы еркін сабақ ұйымдастыруға әбден машықтанған.2009 жылы Ж.Кенбаеваның директор қызметіне келген тұста «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ғимарат тағы бір мәрте күрделі жөндеуден өтті. Заманға сай жаңғырды, жаңарды. Тынысы кеңейіп, ажары арта түсті.Ал, ұжымды қазір тәжірибелі ұстаз, іскер басшы Гүлмира Қоңырбаева басқарып отыр. Ол басшылықты қолға алған 7 жыл көлемінде көптеген игілікті істерге ұйытқы болып келеді. – Мектептің ішкі-сыртқы техникалық базасы, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуы, заманауи құрылғылармен оқушылардың жұмыс жасай алу мүмкіндігі – осының барлығы баланың тиімді білім алуына ықпал етеді. Шәкірттеріміздің жеткілікті деңгейде оқуына барынша жағдай жасап келеміз. Өткен жыл мектебіміз үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Білім саласы кезінде қазақ халқын жұдырықтай жұмылдыруға бар күшін салған, Қазақ хандығының беделді тұлғасы – Абылайханның есімін иеленді. 2015 жылы мектеп ауласында ол кісінің құрметіне арнайы ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ, мектеп түлегі, қазіргі таңда жеке кәсіпкер Серік Қарымсақовтың демеушілігімен салынған үлкен аумақтағы ойын алаңы балалар игілігіне пайдалануға берілді. Бұл – біз үшін үлкен тарту болды, – дейді мектеп директоры. Айта кетейік, жоғарыда аталған кәсіпкердің мектеп ұжымына жасаған бұл алғашқы сыйы емес. Кезінде интерактивтік тақталармен сабақ жүргізу жүйесі іске қосылғанда жаңа үлгідегі құралды алғаш болып сол азамат ұшқан алтын ұясына тарту еткен еді. Бұл өз кезегінде білім бәсекелестігіне ұмтылған шаңырақтың ғылыми тұрғыда жетіле түсуіне оң ықпал етті.Осындай жетістіктің сан сатысынан сүрінбей өтіп келе жатқан үлкен оқу ошағында қазіргі таңда 1000-нан аса шәкірт білім нәрімен сусындап жүр. Ал, оларға сапалы білім беру бағытында 100-ге тарта мұғалім ұстаздықтың ақ жолынан айнымай, жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде білім беру мен тәрбиелеуді жүйелі үйлестіруде мектеп жан-жақты жетілген. Сан әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруда ұжым қаламыздағы ең беделді оқу ордаларының алдыңғы қатарында келеді. Мәселен, мектеп есігін айқара ашқан жылдардан бері мұнда жетпіске тарта талапты түлек «Ерекше» аттестатпен аяқтаған. Ал, алтын ұя мерейін асырып, мәртебесін тасытқан Салтанат Қалиева, Мұрсал Нұрила, Байжан Тасбергенов, Назым Мұрсал, Гүлжайна Камат, Арайлым Абдулла, Сандуғаш Сейткамал, Жандос Гайдар, Арайлым Аманжол, Жұлдызай Нұржанова сынды «Алтын белгі» иегерлерін ұстаздары әрдайым мақтан етеді. Жыл сайын ҰБТ көрсеткіші де артып, үздіктер қатары көбейіп отыр. Қазір сан салада еңбек етіп жатқан түлектер киелі шаңырақты қастер тұтады. Жыл сайын 40-50-ге жуық оқушы мектептен үлкен өмірге жолдама алып, қанат қағуда. Олар бүгінде қандай жетістік шыңын бағындырса да, жүрек түкпіріне нұр құйған осынау қасиетті шаңырақты ұмытпай, әркез мақтан етіп жүретіндері көңіл қуантады. Осындай еліміз бен облысқа танымал түлектер арасында «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» кинофильмінде басты рольді сомдаған әртіс Дариха Көшекбаева, облыстық филармония әншісі Баян Бектұрғанова, кезінде қалалық мәслихат депутаты, облыс жастарының белсенді жетекшілерінің бірі болған Бауыржан Мәстеков сынды азаматтар бар. Мұнан да өзге, республиканың сан түрлі саласында беделді қызметтегі білікті мамандар, басшылармен қатар халықаралық спорт шеберлері де бар. Мәселен, соңғы он жылдың өзінде олар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, 3 рет Түркияда өткен байрақты бәсекелерде, Германия, Вьетнам, Таиланд, Бангкок шаһарларында, Африка құрлығында ұйымдастырылған әлемдік жарыстарға қатысып, ел намысын қорғады. Қазақстан бойынша бес дүркін чемпион, дзю-до мен самбодан спорт шеберлері Махаббат Айтембетова мен «Жылдың үздік спортшысы» атағының иегері болған Нұргүл Тағаева осы мектеп түлектері екенін мақтанышпен атаған жөн. Сондай-ақ, тоғызқұмалақтан республика чемпиондары Қайрат Омаров пен Нұрлан Ізмаханов, қазақша күрестен жеңімпаз Нұрболат Жүсіпов сынды ел мақтаныштарын түлеткен мектептің еңсесі әрқашан биік, өресі жоғары, әлі де алар асуы алда екені анық.Ал, үнемі жан-жақтылыққа бет бұратын киелі шаңырақ өрендерді тереңдете оқытып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін шыңдау, қоғамға бейімдеу, түрлі деңгейдегі мәдени-рухани іс-шараларға белсене атсалысу істеріне де дағдыландырады. Себебі, әрбір көзіқарақты ата-ана баласының тек толыққанды білім алуын ғана көздеп қоймайды. Сонымен қатар, олардың ой-өрісі, дүниетанымының кеңеюін де қалайды. Осы орайда жыл сайын қызықты мазмұнмен ұйымдастырылатын «Көктем аруы», «Жігіт сұлтаны», «Жыл оқушысы», «Күз ханшайымы» сайыстары оқушылардың жан-жақты қырынан ашылуына септігін тигізіп отыр. Сондай-ақ, «Жол сақшысы», «Жас өрт сөндіруші» байқаулары балаларды ережеге сай қауіпсіз өмір сүруге дағдыландырса, көгалдандыру жұмыстарына белсене араласуы табиғатты сүюге, өскен ортасына жанашырлықпен қарауға баулыды. Соның нәтижесінде бүгінде мектеп ауласы жасыл желек саябағына айналған.Білімнің биік мінберінен ойып орын алған мектеп ұжымы осылайша өркениетті заманның талап үдесінен шығу жолында әркез талмай еңбек етуде. Себебі, мұнда өз ісіне адал берілген майталман мамандар мен кемел келешегім – білімде деп ұғынатын ынталы шәкірттер бар.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретке түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

22 қаңтар 2018 ж. 2 142 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам