ДҰҒАЛОВАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ СЫР БЕРДІ
Әмбебап өнер иесі Жанар Дұғалова біраз уақыттан бері шығармашылық тоқырауда болды. Әнші бір жылға жуық уақыт ешқандай ән жазбады, бейнебаян да түсірмеді. Бір сөзбен айтқанда тыңдарманынан қол үзіп қалды.
“Гәкку” арнасына берген сұхбатында Жанар көрінбей кетуінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Денсаулығым сыр берді. Сондықтан ұзақ уақыт бойы билей алмадым. Тіпті ұзақ уақыт отыруға, тұрып тұруға тыйым салынды. Емделуге тура келді”, – дейді Жанар.
Жанардың тыңдармандарына алаңдауға еш негіз жоқ. Себебі дәрігерлердің бақылауында болған әнші бүгінде денсаулығын толық қалыпқа келтірген.
“Қазір жұмысқа дайынмын. Көп уақытым студияда өтіп жатыр. Жаңа әндер жазып, жаңа клиптің түсіріліміне дайындалу үстіндемін. Сондай-ақ, фильмге түсу бойынша ұсынысты қарастырудамын.
Жалпы бұл уақытты тиімді өткіздім. Себебі көптеген әндер, өлеңдер жаздым. Кереметтей кітаптар оқыдым. Басқа адамдардың шығармашылығына қанықтым”, – дейді Жанар.