Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ӘДІЛХАН САЛҒАН ЖЫР ҚАНДАЙ...

ӘДІЛХАН САЛҒАН ЖЫР ҚАНДАЙ...

    Халқымыздың мәдени мұраларында жыраулық дәстүрдің алатын орны айрықша. Қазақ топырағында ғұмыр кешкен жыршы-термешілердің барлы­ғы дерлік өз жыр-толғауларында елдік, ынтымақ, бірлік мәселесін ту етіп, достық дәреметін дәріптеген. Аталмыш құндылықтар әсіресе, Сыр сүлейлері шығармашылығында айқын көрініс тапқан. Олардың алдыңғы қатарында қызыл тілі көмекейді күйдірген сөз ұсталары – Ешнияз жырау, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Жиенбай жырау, Қарасақал Ерімбет, Нұртуған жырау, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Тұрмағамбет секілді шайыр­лар тұрды. Тектілік тамырын тереңнен тартқан топырақ осылайша талай талантты жыр бесігінде құндақтады. «Сырға барсаң жыршымын деме» деген халық мақалы осы­ны меңзесе керек. Бүгін біз осындай текті өнерді тәбәрік етіп, өткендер мұрасын бүгінге дәріптеп жүрген Сыр сүлейлерінің сарқыты – Әділхан Қуаңбаев жайлы әңгіме өрбітпекпіз. 
Жырдың жерұйығы
          – Мен туған өлке ән мен жырға бай мекен. Тұтас Тұран жұртының ортақ абызы – Қорқыт бабамыз жатқан, Марал ишан, Ер Сейітпенбет пен Мағзаман сынды бір ауылдан 117 шайыр шыққан қасиетті Қармақшы ауданына қарасты Тұрмағамбет ауылында дүниеге келдім. Балалық шағымның тәтті естеліктері сол ауылмен тікелей байланысты. Менің әкем – Бөрібай Қуаңбаев сол 100 шайырдың бірі болған. Ол кісінің суырып-салма ақындық қасиеті өте зор еді. Осы өнердің соңында кетпесе де, одан еш қол үзген жоқ. Кейін өмірінің соңғы 40 жылға жуық уақытын ұстаздық жолына арнады. Әкемнің өнерге бір табан жақындығы мені де айналып өтпеді. Кішкентайымнан қолыма домбыра алып, жыр-термелерді жатқа айтатынбыз. Кітап көп оқытатын. Отбасымның, өскен ортамның барлығы жыршылықпен етене байланысты болғандықтан, менің де бұл саладан азды-көпті хабарым болуы заңдылық қой. Бала күнімізден тыңдап өскен сол талай толғаулардың мақамы әлі де құлағамызда қайталанып, санамызда жаңғырып тұрады, – деп бастады жыршы бізбен әңгімесін.                                                                              Айтуынша, бұл салаға бет бұруына өзінің әкесі алғашқы ұстаздық еткен. Сондай-ақ, ауылында көршілес-рулас ағасы Жаппар жырау Тұңғышбаев аталмыш дәстүрлі өнердің қыр-сырын меңгеруде айрықша ықпал берген. Жырлардың әуездік табиғатын, мазмұны мен мақамын, ырғағына дейін бағыт-бағдар беріп, жыршылық өнерге баулыды. Жиын-тойларға бірге барып, жыраулық өнердің қайнаған қазанында пісті, көрді, білді, үйренді. Осылайша жыр тұнған құтты мекеннен қанат қағып шыққан Әділхан ер жеткен соң  қанмен дарыған бұл өнерді жанына серік етті. Политехникалық бағыттағы оқуға түскенімен, бүйрегі бәрібір өнерге бұрды да тұрды. Оқудың ерте-кеші жоқ. Ақырында осы қабілетін шыңдай түсуді мақсат етті. Сөйтіп, облыс әкімінің білім грантын жеңіп алып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығы бойынша оқуға түсті. Бүгінде облыстың осы іргелі оқу орнында студент. Биыл тәмамдап, атадан қалған дәстүрлі өнердің кәсіби тұрғыдағы маманы атанбақ ниетте.
Бекзат өнердің бағасы
         Атадан қалған асыл сөзді домбыра шанағында сөйлетіп, күміс көмейден төгілткен Әділхан бүгінде бұл өнерге әбден төселген. Ертеден шапса кешке озып, ылдидан салса төске озған жырау қай терме-толғауды жырласа да көсіле шабады. Қара домбыраны қолға алып, арғы-бергі тарихтан толғап, алмастай жарқылдаған жырларымен көпшілік көзіне танылып та үлгерді. Былтыр Оралда өткен Марабай Құлжабайұлының шығармашылығына арналған республикалық байқауда жүлделі I орынды қанжығасына бөктерді. Қазақ тарихында зор орны бар әйгілі Көкжар жәрмеңкесіне 150 жыл толу қарсаңында Ақтөбе облысында ұйымдастырылған жыраулар бәйгесінде де жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, Текей батырдың 350 жылдық тойы қарсаңында Қызылордада өткен республикалық сайыста бас жүлдеге ие болып, бекзат өнердің мерейін тағы бір мәрте көкке көтерді.                                                                                            – Қазіргі таңда 60-тан аса жыр-термелерді жадыма тоқыдым. Оның ішінде ұзақтығы жағынан өте көлемді шығармалар бар. Мәселен, Әлиақбар Жұматаевтың «Жүз сауал» қиссасы үздіксіз тоқтамай айтқанда бір жарым-екі сағатқа созылады. Бір «Қобыланды батыр» дастанының өзі неге тұрады? Шораяқтың Омарының діни-ағартушылық бағытында жазған «Мұхамед», Үрліхан Өңдібаеваның «Шонайдың асында» сынды өзге де толғауларды жырлап жүрміз. Мұнан өзге әкемнің де жырларын, өзімнің авторлық құқығымдағы 20-30-дан аса термелерді көпшілік назарына ұсынып жүрмін, – дейді сыр сүлейлерінің ізбасары.                                                                              Осылайша кішкентайынан лағыл жырмен сусындап өскен Әділхан бүгінде ұлттық өнерді ұлықтап жүрген нағыз өнер жанашырына айналған. Тектінің тұяғы, жақсының жалғасы баба өнерін дәріптеп, қазақ мәдени мұраларының өміршеңдігін өскелең ұрпақ санасына жаңғыртуда үлес қосып келеді. Ұлы – Нұрсұлтанды осы салаға баулысам деген ниеті де жоқ емес. Бастауыш сыныпты әлі тәмамдап үлгермеген кішкентай Нұрсұлтанның да өнерге деген құштарлығы ерекше. Домбырасын қолтығынан тастамай, шағын термелерді қазірден-ақ тебірене толғайды. Бабадан балаға жалғасып, текті өнер тұнған шаңыраққа қарап, «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген тәлімді тәмсіл тіл ұшына орала берді. Әсілінде, атадан қалған аманатты арындай сақтау деген осы емес пе?
                                                                                   Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
16 сәуір 2018 ж. 2 247 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 081 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам