Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Серік ЖАҚСЫҒҰЛОВ: ДӘСТҮРЛІ ӘНШІЛЕРДІҢ ТАБИҒАТЫ МҮЛДЕ БӨЛЕК

Серік ЖАҚСЫҒҰЛОВ: ДӘСТҮРЛІ ӘНШІЛЕРДІҢ ТАБИҒАТЫ МҮЛДЕ БӨЛЕК

   Серік Жақсығұлов 1980 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін тәмамдаған. 2007 жылғы «Тау тұлға Тұрмағамбет» атты жыраулар байқауының бірінші орын иегері. 2011 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Сегіз қырлы» телебәйгесінің бас жүлдегері атанды. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2014 жылы Ақтөбе қаласының Ойыл ауданында өткен «Көкжарым бойы-ағын жыр» тақырыбындағы республикалық жыршылар байқауының І орын иегері. Бүгінді таңда Қармақшы аудандық «Жыраулар үйінің» директоры.

Жыраулық дәстүр – халқымыздың баға жетпес байлығы. Көнеден келе жатқан киелі өнердің қашанда бәсі биік. Десе де, бүгінде осы асыл мұрамыз кенжелеу қалып қойған жоқ па?
– Жалпы, қазір дүниежүзінде саф өнер кейін қалып, бұралқы өнердің бұйымтайы бұрындау жүріп тұр. Оған түрлі әсерлер бар. Оның ең бастысы –жаһандану процесі деп ойлаймын. Қазақ елінің бағзы замандардан келе жатқан текті өнері атадан балаға мирас болып жетті. Көздің қарашығындай сақтаған құндылықты үздіксіз дәріптелсе де, оның көрінбей қалуы қалың тоннан жалтыраған шүберектің озғаны сияқты көрінеді. Кей кезде көпшілік өнердің озығын емес, ата-баба қанымен келген қасиетте емес, қайдағы мен жайдағыны таңдап жататындығы бар. Оны көзіміз де көріп жүр. Насихат аз емес, оны танитын, яғни ұлттық өнерді ұғынатын таным-зерде, саңылауы бітелген. Әйтпесе, жеті атасынан жыраулық дәстүрді насихаттап, дәріптеп қана қоймай ұстанып келе жатқан ұрпақ өкілдері арамызда кездеседі.
Жастар көбіне сөзі де, сазы да жанды баурай қоймайтын арзан әндер мен уақытша дәуірі жүріп тұрған әншілерге әуес. Жыр-терме тыңдауға құлқы жоқ? Неге?
– Жастардың мұндай талғамсыздығы, жыр-термені ынта-ықыласымен тыңдамауы – бұл қоғамның үлкен дерті. Сан ғасырлар бойы елімізге сыртқы жауларымыз көз тігіп қана қоймай, көптеген шапқыншылық жасап, қазақ халқын жер бетінен жойып та жібергісі келді. Жаратқанның өзі сақтап, байтақ даланы қазаққа енші етіп берді емес пе? Осынша ұлы даланы ұран тастап, сақтап келе жатқан ұрпақтың осал жері – оның рухани байлығын қиып, таным-түсінік, наным-сенім сынды саңылауларын бітеп дүбәра ету мақсатында даңғырлақ әндердің құрал болып пайдалануы соның айқын айғағы. Әйтпесе, ұлттық өнер қазақтың төбесіне көтеріп отыратын ұлы өнері емес пе?! Татулықтың туы іспетті қазақ төріне үкілі домбырасын ілді. Жаулық пен соғыс кейін қалсын деп, босаға жанындағы керегеге мылтық іліп, әр жырауды таңға дейін кәдесін беріп, жырлатып, ұрпағын тектілік, мәрттік, бекзадалық, жомарттық, сақилық, батырлық, білімпаздық, өнерпаздық қасиеттерге тәрбиеледі. «Жігітке жеті өнер де аз» деп, аталарымыз өмір жолында қандай бір қиындық тумасын, жеңіп шығатын жігер мен қайсарлық қуат, бойына рух – осы ұлттық өнерден келетінін меңзеп өтті. Ананың сүтімен, атаның қанымен сіңген бұл қасиеттер әрбір ер жігіттің бойынан табылуы тиіс. Ал, мазмұны жоқ ән тыңдап өскен адамды байқасаңыз, оның мінез құлқы да, денсаулығы да, дене бітімі де әлжуаз келетіні сондықтан.
Қазақта «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген бар.Қасиетті өнер әлеміне сізді алып келуге кім себепші болды? Ұстаздарыңыз кім?
– Шығыс даналары «Атаңнан ұстаз ұлық» деген сөзді басты бағдар етіп пайдаланған. Сол секілді жасымыздан бұл өнерге келуімізге ата-анадан алған тәрбиемізбен қатар өскен ортамыздың әсері болды. Әкем – Орынбек Шәріпұлы жастайынан жүз жырау шыққан мекенде, жыр қонған топырақта аунап-қунап өскен жан еді. Көшеней Рүстембеков, Қуандық Бүрлібаев, Шамшат Төлепова секілді жампоз жырауларды көріп қана қоймай, таңға дейін жырын тыңдап, туысқандық қатынастарымен де араласқан. Анам Тұрды Құдайбергенова өзі жыр айтпаса да жампоз жыраулардың терме-толғауларын, жыр-дастандарын жаттауыма, осы жолға түсуіме ықпалын тигізді. Әкем белгілі жырау Алмас Алматовқа он үш жасымда өз қолымен апарып, табыстағаны да есімде. Бұрыннан ауылдас, он жас үлкендігі бар әкем Алмас ағамызға қарап: «Мына баланың еті сенікі, сүйегі менікі» деп жымия қарағаны да ерекше әсер етті. Содан бері жыраулық-жыршылық әлеміне өз қосымызды тігіп, өнер өлкесіне қадам бастық. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің «Дәстүрлі музыкалық-өнер» кафедрасынан тәлім алып, сол кафедра қабырғасында талантты ұжыммен талай дарынды жыршыларды өнер кеңістігіне ұшырдық. Профессор Алмас Алматов басқарған кафедрада 12 жыл қызмет атқардық. Алмас ағамыздан ұстаз ретінде тәлім-тәрбиесін көріп, біраз тәжірибе жинадық.
Еліміздегі жыршылық дәстүрдің даму деңгейі қандай?
– Қазіргі таңда жыраулық дәстүрдің дамуы қарқынды десе де, шешілмей жүрген мәселелер де жеткілікті. Мысалы, Қармақшы ауданында республикамызда алғаш ашылған Көшеней Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйі» 11 жылдан астам уақыт халыққа мүлтіксіз қызмет етуде. Осындай игілікті істер жалғасын тауып, Арал, Шиелі, Қазалыда да жыраулар үйі жұмыс жасап жатқанын естіп-көріп жүрміз. Бұл игі бастама басқа да аудандарда жалғасын тапса екен. Сонда халыққа қазақтың рухани байлығын насихаттауға, жас ұрпақтың ұлттық өнердің күре тамырынан қуат алуына жол ашылар еді. Себебі, бесік жырын тыңдап өскен бала анасының ақ сүтін ақтау үшін сол бойына сіңген үннен бастап-ақ қанына дарыған қасиеттен арылмайды. Туған жердің топырағын жауға бастырмайтын айрықша азамат болып өседі. Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деуінің өзі қазақ халқы фольклорының байлығын көрсетіп тұр. Ұлттық өнерді ұрпақ қастермелесе, қайғының көкесі осы деп білем. Ал, оны ұлықтап, осы заманда қолына қара домбыра ұстап ата жырын, ата жолын ұстанған әрбір өнерпаз майданда соғысқан мың сарбазға тең.
Жыраулық дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіне тигізер пайдасы жөнінде бір ауыз айтсаңыз…
– Дәстүрлі ән және жырға әрбір қазақ құлақ түреді. «Айтушыдан тыңдаушы мықты болсын» деген сөз айтушының емес тыңдаушының орнын анық көрсеткен. Онсыз өнер жетім қалады. Біз айтып жүрген дәстүрлі ән-жыр мен құлақ құрышын қандырмайтын кейбір бауырларымыз – өздерін қалалық көріп, өзге мәдениетті өз төл өнерінен жоғары ұстаған жандар. Бірақ, олар да сол даңғырлақтан шаршайды, бойындағы қаны оянып, асыл сөзбен, текті өнердің бұлағынан қанып ішетініне сенемін.
Шәкірт тәрбиелеуде ұстанатын қағидаңыз?
– Жыраулар үйі Көшеней Рүстембековтің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында 2006 жылы қазан айында ашылды. Өнер ордасының жанынан 5 үйірме құрылған. Әр үйірмеге белгілі жыраулар Базар, Жиенбай, Тасберген, Рүстембек, Көшеней жыраулардың есімдері беріліп, жоғарғы білімді мамандар қызмет етеді. Сол арқылы 90-нан астам шәкірт тәрбиеленіп, баба өнерін бойына сіңіріп жатыр. Шәкірттеріміздің алды Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын тәмәмдап, ұстаз атанса, бірі Қазақ ұлттық Өнер университетінің қабырғасында дәріс алуда. Қорқыт ата атындағы ҚМУ және Қазанғап атындағы музыкалық колледжін дәстүрлі жыр мамандығы бойынша тәмамдап, туған жеріне келіп, еңбек жасап жатқан шәкірттеріміз де бар. Халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық деңгейлерде белсенділік танытып, байқаулар мен фестивальдарда үздік өнер көрсетіп жүрген түлектер де көп. Елбасының батасын алып, үкілі ақ домбыраны иемденген, ең жас шәкіртіміздің бірі – Арай Оңғарқызы.
«Дәстүрлі әннің айтушысы бар да, тыңдаушысы жоқ» деген пікірлерді естіп қаламыз. Осы сөзбен келісесіз бе?
– Келіспеймін. Тыңдаушылар бар. Дәстүрлі әншілердің табиғаты мүлде бөлек. Талантына дауыс бояуын қосып, ұлттық нақышты бұзбай, үш нәрсені қауызға сыйдырып айтады. Бір әнді неше түрлі ырғақпен, неше түрлі темппен айта береді. Он түрлі етіп те айта алады. Стандартқа бағыну деген жоқ. Тек – дәстүрлі ән орындаушының жеткізуіне қарай. Нақышына келтіріп орындаса, онда міндетті түрде тыңдайтын құлақ болады.
Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?
– Отбасым – қазақтың қарапайым шаңырағы. Жарым – Жақсығұлова Назерке. Үш баланың анасы. Үлкен ұлымыз – Ғұбайдулла Орынбеков қара домбыраны шабыты келгенде ғана шертіп, сабақтан тыс уақытын спортқа арнайды. Ал, 9 жасар Ерали деген ұлымыз қисса-дастандарды оқығанды ұнатады. Кіші ұлымыз Шадияр мектеп қабырғасына енді барып, әкесі мен ағаларына еліктеуде.

Сұқбатыңызға рахмет.
Сұқбаттасқан: Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.

26 желтоқсан 2017 ж. 2 985 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам