Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТАРТ КҮЙІҢДІ, ДОМБЫРА!

ТАРТ КҮЙІҢДІ, ДОМБЫРА!

  Ұлт құндылығын ұлықтау мақсатында Қызылорда қаласында «Домбыра Fest» атты домбырашылардың шеберлік сағаты өтті. Оны облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырды. Тағылымды шара алдымен «Ана мен бала» перинаталды орталығынан бастау алды. Онда дүние есігін ашқан 20 сәбиге қазақтың қара домбырасы тарту етілді. Әрбір баланың есімі аспап бетіне арнайы әспеттеліп ойылып жазылыпты. Перзенттеріне берілген тұңғыш сый-сияпатқа жас аналар да дән риза. – Бала – біздің болашағымыз. Елбасымыздың өзі ана мен бала жағдайын басты назарда ұстап, оған әрдайым көңіл бөліп келеді. Біздің жаңа туған сәбилерге мұндай сый беруіміздің өзі бекер емес. Шыр етіп жерге түскен минутынан олардың бойына халқымыздың құндылығын дарытып, ұлттық тәрбиені қалыптастыру мақсаты жатыр. Осы домбырадай текті, дарынды болып өссін деген ниетіміз бар. Ал, олардың арасынан болашақта елді аузына қаратқан талай жыршы-термеші, күйшілердің шығуы әбден мүмкін ғой. Алғаш рет қолға алынған шараға қаладағы «Қолөнер» ұлттық дүкені мен «Ұшқын» қоғамдық бірлестігі қолдау білдірді. Алдағы уақытта осы бағыттағы бірлескен игілікті істер өз жалғасын табады, – деді облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас. Мұнда бірі алғаш рет ана бақытын сезініп жатса, енді бірі үшінші, төртінші нәрестесімен отбасы қатарын толықтыруда. Олар айтылған жүрекжарды лебіз бен көрсетілген ілтипатқа өз ризашылықтарын білдірді. – Бұл күн біздің есімізде мәңгі қалары анық. Күтпеген жерден керемет тарту болды деп ойлаймын. Алланың қалауымен, дәрігер мамандардың біліктілігімен бесінші баламды аман-есен дүниеге әкелдім. Нұрасыл деп азан шақырып есім бердік. Сый-сияпатты өзім жақсы ырымға балап отырмын. Мүмкін, ұлым болашақта осы домбыраның құлағында ойнайтын күйші атанар, – дейді Әсия Досжанова есімді ана бізбен әңгімесінде.Сондай-ақ, жиын барысында Сыр сүлейлерінің сарқыты, тағылымды толғаулары шырқалып, шешен домбыра шанағынан күмбірлеген күй төгілді.Мұнан соң игілікті шара Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында жалғасын тапты. Онда Әділхан Қуаңбаев, Жанболат Өмірзақ, Ізбасхан Дәулетханұлы бастаған Сыр сүлейлерінің ізбасарлары мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің талантты студенттері өнер көрсетіп, жас өрендерге күй мен жырдан шашу шашты. Көне дәуірдің көзіндей музыкалық аспаптың күмбірлеген үнінен рухтанған әрбір жастың жанарында ұшқын атып, көмейден төгілген тағылымды толғауларды ықыластана тыңдады. Үстіміздегі жылы ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған мектеп ұжымы бұл бастамаға қолдау білдіріп, жастарға ұлттық құндылықты дәріптеу жолында бірлесе жұмыс атқаруға даяр екендерін жеткізді. Ал, оқушылар да үзіліс кезінде күй тыңдасақ деген ұсыныс-тілектерін айтуда. Мұны мектеп директоры Данабек Әбдірайымов та мақұлдады. Енді алдағы уақытта білім ордасында үзілісте арнайы күй тыңдату дәстүрге айналмақ.
Шара соңы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №1 оқу ғимаратында қорытындыланды. Мұнда да «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа», «Көроғлы» күйлері орындалса, Дүр Оңғар мен Нартайдың нақыл термесі, Жаңабергеннің жыр бастауы әуелете шырқалып, дәстүрлі өнердің құдіреті паш етілді. – Мұны жастар арасында қолға алынған байыпты бастама ретінде ерекше қолдаймын. Себебі, шыны керек, бүгінде домбыраның құлағын бұрайтын жастар қатары айтарлықтай көп емес. Осы олқылықтың орнын толтыруда мұндай игі шаралардың ықпалы айрықша. Біз де бұл тұрғыда жыр дүлдүлдерінен қалған асыл мұраларды жырлап-насихаттап, өз үлесімізді қосуға әркез дайынбыз, – дейді облыстық филармонияның дәстүрлі орындаушысы Әділхан Қуаңбаев.Домбыра – ұрпақтан ұрпаққа бабамыздың көзіндей аманат болып жеткен бірден-бір асыл қазына. Қазақ пен домбыра қашанда егіз ұғым дейтініміз сондықтан. Оны бір-бірінсіз елестету әсте мүмкін емес. Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, толғамы терең тарихы осы музыкалық аспаппен үндесіп жатқандай.Домбыраны тарту – ата-баба дәстүріне бойлау, бойға сіңіру білу. Атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер буынға аманат етсе, нұр үстіне нұр. Кімде-кім домбыра құдіретін шын ұғынса, психология, физика, математика, тарих, педагогика ғылымдарының барлығын оңай меңгере алады екен. Оның бойында пәндік білімнің барлығы дерлік кездесетіндігін айтады мамандар. Өйткені, бұл музыка аспабы көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын сезімді ұғындыра алатын қасиетке ие. Ендеше, әрбір иісі қазақ бұл жәдігерді ұлттық құндылықтың бірегейі ретінде бағасына жете білгені ләзім.


Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.


26 ақпан 2018 ж. 2 014 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам