ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖҮРЕК
Заман көшінде 200 жылдық тарихы бар Қызылорда шаһарының ең үлкен тұрғыны кім? Ол қаланың «Шанхай» бөлігінде тұратын тыл және еңбек ардагері, 106 жастағы Рәбиға Қоянбаева.
Ұзақ жасаған ғибратты ғұмыр иесімен әңгімелесіп, ақ батасын алудың өзі үлкен мәртебе. Жүз жасағандар, одан асқандар – ашаршылықтың да, сұрапыл соғыстың да көзі тірі куәгерлері. Рәбиға әжейдің балалық, жастық шағы осы қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келді. Ол өз құрдастары секілді еңбекке тым ерте араласты. Яғни, өмірдің ауыр тұсы тез есейтті.
– Әжеміз Тереңөзек ауданында 1912 жылы маусымның 6-да дүниеге келді. Құжаты бойынша солай. Бірақ, біз ол кісінің дүниеге келген күнін жылда 8 наурызда атап өтеміз, – деді немере келіні Бибісара.
Неге десеңіз, кейіпкеріміз көктемді ерекше жақсы көреді. Тіршіліктің бастауы деп отырады. Азан шақырып қойған есімі – Ырысбике. Кейін құжатқа Рабиға болып жазылып кетеді де, осы атпен қалады.
Кейуана жастық кезеңін күрсініс пен еске алды. Отызыншы жылдардағы зұлматта әкесі жер аударылып, мал-мүлкі тәркіленіп, тағдыр тезіне ұшыраған әулет Ұлы Отан соғысы кезінде де тар жол, тайғақ кешті.
– Күріш ектік, өгіз арбамен жер жырттық. Түнімен күріштің күрмегін тазартамыз. Ішінен ірісін теріп алып, үкіметке өткіземіз. Бізге 2-3 келі ұн, 3 түйір шәй береді. Соны үнем жасадық. Қиын жылдардағы сүреңсіз күндер солай өтті, – деді Рәбиға әже.
Расында да жастайынан тынымсыз тер төккен жан, күріштің масағына дейін жиып-теріп, ел игілігі үшін еңбек етті. Бейнеттің ауыртпалығына мойыған жоқ. Отбасы құрып, 6 құрсақ көтерді.
Бүгінде мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған әулетте Рәбиға әже немере сүйіп, шөбере қолынан су ішіп, шөпшегін көріп отыр. Қарап отырсақ, бұл үй – бай үй, қазыналы қарты, кішкентай сәбилері бар. Әженің айтқан ақылымен, тәрбиесін бойына сіңіріп келе жатқан екі келіні өз өнегелі ісімен ерекшеленеді. Біз үйде отырған сәтте сырттан енген Рахима есімді қызы анасы жайында ағынан жарылды.
– Анам мені үйде босанған екен. Ол кездің әйелдерінің денсаулығы мықты. Дүниеге бала алып келіп, көп ұзамай даланың шаруасына шығып кете беретін болған. Менің анам да солай. Сөйтіп жүріп бізге де тәрбие берді. Қазір апама күніне бірнеше мәрте келіп тұрамын. Келіндерге ризамын. Үлкен кісіні күтудің өзі – еңбек. Шүкір, олар өз анасындай қарайды. Жасым 70-ке келсе де, арасында апама еркелеп аламын, – дейді қызы. Иә, баланы мәпелегендей ерекше күтімді қажет ететіні рас. Дәрігерлер келіп тексереді. Оларға әжейдің ризашылығы зор. Қазір екі шырағы – көзі көрмей қалғаны болмаса, денсаулығы бірқалыпты. Өздігінен жүре алмаса да, сөзі мәнерлі, мағыналы. Арасында әзілдесіп қояды. Ал, берген батасын көрсеңіз, нағыз байлықпен тең. Тіпті, көршілері де, ағайындары да, сырттан келетіндері де апамыздың ақ батасын алмай кетпейтін көрінеді.
Рәбиға әжеміз Қызылордаға 1954-1955 жылдары көшіп келген екен. Кітапханада қарапайым жұмыс жасап, балаларын жеткізген. Анасының ауыр кезді басынан өткізгендерін ұрпағы еш ұмытпайды.
Жалпы, ұзақ жасаудың да өз сыры бар. Әрі ол тұқымға да байланысты. Текті әулеттің жерінен шыққаны байқалып тұр. Тағы бір ерекшелігі, әжеміздің айтуынша, ол сәби кезінде қатты ауырып қалса керек. «Сонда әкем мені молдаға ұзақ жасасын деп оқытыпты. Жаратқан сол дұғаны қабыл еткен болар. Менің көп өмір сүруімнің бір сыры осы шығар» деді балалық шақты еске ала отырып. Одан бөлек, көп жасағандығы жастайынан еңбекке ерте араласқандығынан болар. Өйткені, әжеміз еңбектің қаншалықты пайдалы екендігін де сөз етіп отырды.
Шынайылық пен адамгершіліктің, тазалық пен парасаттылықтың белгісіндей болған кейіпкеріміз қаншама қиындықты көріп өссе де, өмірге өкпесі жоқ. Қайта аузынан Аллаға шүкірі мен қанағаты түспеді. Өнегелі өмір иесі қарттықтың мәні ғасыр жасау емес, ғибратты ғұмыр кешу деп біледі.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.