ҒАСЫР ҒҰМЫР
Міне, айналасына шуағын шашып көктем келді. Бұл мезгіл – жылылыққа, мейірімге толы. Ананың жұмсақ жүрегі секілді... Көктемгі алғашқы мерекенің бастауы – ақжаулықты аналардың, қызғалдақтай құлпырған қыздарға арналған емес пе... Осы бір шуақты шақта ғасыр жасаған қариялар қуанышымен бөлістік.
Қала тұрғыны Зүлфия Дәулетова биыл 100 жасқа толып отыр.
Жалпы, Қызылорда қаласында осыдан бірнеше жыл бұрын жүз жасаған кісілердің саны шамамен 5-6 адам еді. Бүгінде екі тұрғынымыз бар. Соның бірі – тыл, еңбек ардагері, көпбалалы батыр ана Зульфия әжеміз. Ұзақ жасаған ғибратты ғұмыр иесімен әңгімелесіп, ақ батасын алудың өзі үлкен мәртебе.
Содан дереу әзиз әженің мекен-жайын алып, іздеуге шықтық. Фототілшіміз Нұрболат Нұржаубай екеуміз «Арай» мөлтек ауданына қарай жол тарттық. Жолда бір кісіні кездестіріп, жөн сұрастық. Сөйтсек, көршісі болып шықты, кейіпкеріміз тұратын үйді бірден тауып берді.
Маханбетов көшесіндегі шағын әрі қарапайым үйде бізді күлімдеп, жүзі жылы бір апа қарсы алды. «Мен сіздер іздеген әженің қызымын. Үйге кіріңіздер» деп кейуананың бөлмесіне апарды. Шағын үйдің іші шұғыла шашып тұрғандай. Бізге жып-жылы сезілді. Неге дейсіз ғой. Себебі, ол шуақтың иесі – жүзі жайдары, жүрегі жұмсақ әже. Расында да, қарты бар үй қашанда қазыналы.
Біз барған сәтте төрдегі төсекте ол кісі демалып жатыр екен. Бірақ, біздің барғанымызды сезгендей төсегінен тұрып, жақсы қабылдады. Тіпті, ақ батасымен қарсы алды.
Зүлфия әжейдің балалық, жастық шағы ашаршылық, сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Ол өз құрдастары секілді еңбекке тым ерте араласты. Есейді. Өмірдің ауыр тұсы оны тез есейтті.
– Қарақтарым, мен жайында жазуға келсеңдер, айтамын ғой. Біз не көрмедік, – деп бастады әңгімесін әжей бір күрсініп. 1918 жылы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында дүниеге келдім. Салмақты, салиқалы сөйлегенінен текті әулеттің ұрпағы екені байқалды.
– Өмірдегі бір айыбым – оқи алмадым. Себебі, біздің заман басқаша болды. Қазір білім алсаң – өсесің. Әйткенмен, менің оқуым – еңбек еді, – деді ақжаулықты апамыз. Бірақ, оқымаса да, өлең шығаратын қасиеті бары сезілді. Ол жастайынан кетпен шауып, соғыс кезінде жүн шұлық тоқып, оны Отан қорғауға кеткен майдангерлерге жіберіп отырған. Отты жылдары әбден қалжыраған халық шаруашылығын қалпына келтіруге жас буын осылай зор үлес қосты.
Қаншама қиындықты көріп өссе де, кейуананың өмірге өкпесі жоқ. Қайта аузынан шүкірі мен қанағаты түспеді. Әжеміз бес уақыт намазын жібермейді. Әйткенмен, қазір көзі көрмей қалған соң орнында отырып, шамасы келгенше оқиды. Міне, жүрегінде имандылық нұры бар аяулы әженің асыл дінге деген құрметі.
Шіркейлінің шырайлы қызына Жалағаш ауданы Мәдениет ауылына келін болу бұйырды. Жиырма жасқа жетер-жетпестен Әбілқақ есімді азаматпен шаңырақ көтерді.
– Бізді үлкендер қосты. Ата-анамыз не айтса, сол заң болатын. Отағасы 1902 жылы дүниеге келген. Өмірде қатал кісі еді. Ауылшаруашылық саласына зор үлес қосты. Қайын атам да ауылдың ардақ тұтар ақсақалы болды. Көпір, мешіт салған. Мен сондай үлкен үйдің келіні атандым, – деп жастық шақтан сыр шертті әзиз әже.
Шынайылық пен адамгершіліктің, тазалық пен парасаттылықтың белгісіндей болған кейіпкерімізді сол кезден бастап Бибі деген ат қойыпты.
– Мені көбі Зульфия демейді, кейбірі шын атымды білмейді. Бибі деп атап кеткен. Өзіме де осы есім ұнайды, – деп күліп алды.
Ақжаулықты ана 12 баланы дүниеге әкелді. Бүгінде ұрпағының алды 64-ке келсе, кенжесі 43 жаста. Немерелерінен шөбере сүйіп, олардың қолынан су ішу бақыты бұйырған. Барлығы мереке сайын осы шаңыраққа әженің жанына жиналады.
Мәуелі әулеттің отанасы көбіне тұқымын жайылғыр деген сөзді жиі айтып отыратынын байқадық. Иә, көпті көрген көнекөздеріміздің айтқаны келсін. Одан соң әңгімеміз келіннің келбетіне ұласты.
– Бізді ата-анамыз қатал тәрбиеледі. Сол тәрбие келін болған кезде көп көмектесті. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, ата-ананы сыйлау болды. Міне, бүгінгі жас келіндерден де осыны көргім келеді. Қарияларды құрметтегеннен ешкім кем болмайды, – деген өнегелі ойымен бөлісті.
Негізі бұл отбасында ұзақ жасаудың қасиеті бар. Әбілқақ атаның өзі 90 жастан асқанда көз жұмған. Ал, қазіргі күніне шүкір етуші, бақыт иесі ғасыр жасағанын Алланың берген сыйы деп қарайды.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.