Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ӘЗИЗ ӘЖЕЛЕРДІҢ ӘСЕМ ӘНДЕРІ

ӘЗИЗ ӘЖЕЛЕРДІҢ ӘСЕМ ӘНДЕРІ

   Осыдан он бір жыл бұрын құрылған «Жаншуақты» фольклорлық ансамблінің Сыр өңірінің мәдени өмірінде алатын орны бөлек.
Сырдария ауданы Бесарық ауылы атағын аспандатып жүрген өнер ұжымы – ұлттық өнер мен салт-дәстүрдің жарқын жалғаушысы. Осы жылдар бедерінде құрамында 14 ақжаулықты әже бар ұжым халықтық, дәстүрлі ән өнерінің кең қанат жаюына да ұйытқы болып келеді. Репертуарда халық әндерінен бастап қазіргі қазақ композиторларының 40-тан астам әуезді туындылары топтасқан.
Тәлімі мен түйгені көп ақ жаулықты аналар халқымыздың ғасырлық ғибратын өскелең ұрпаққа сіңіріп келеді.  Өнер ұжымындағы ең жасы үлкен Хадиша Балташева – саналы ұрпаққа 30 жыл білім дәнін сепкен ұлағатты ұстаз.  Ардақты жан 10 баланы дүниеге әкелген батыр ана.
Қазір фольклорлық ансамбль мүшелері әжелеріміз қазақ, орыс, ағылшын тілінде өлең айтады. Ұрпаққа ұлағат сыйлаған ақ жаулықты аналар өнердің бар түрінен кенде емес. Ән айтумен қатар, би де билейді, күмбірлете күй де тартады. Көпті көрген әжелер өнерді өрге сүйреумен қатар, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып келеді. Ән айта жүріп, құрақ көрпе, сырмақ тігіп, кілем тоқиды. Ісмер әжелер әдет-ғұрыптың жанданғанына марқаяды.
Өнегелі өмірін әнмен өрнектеп жүрген жезтаңдай әнші әжелердің өнердегі жолы ескерусіз қалған жоқ. Ансамбльге Мәдениет министрлігінің жоғары орындау шеберлігі және көркемөнерпаздар шығармашылығының дамуына қосқан үлесі үшін «халықтық өнерпаздар ұжымы» атағы берілген. Сонымен қатар, олар облыстық, аудандық бәйгелерде топ жарып жүр. Ансамбль жетекшісі әрі әншісі Оразкүл Ахметова:
– Бұл – халықтың сұранысы. Қазір жұртшылық жанды дауысқа, ұлттық өнерге құштар. Ансамбль құрылғалы бері ауылда бірнеше рет жеке концерт қойдық. Жұртшылықтың ұлттық өнерге шөліркеп қалғаны байқалады. Ауданға қарасты ауылдарда «Әжелер ән салғанда» бағдарламасымен концерт беріп жүрміз. Биылғы жылы Айдарлы, Жетікөл, Шіркейлі мекендеріне әнмен шашу шашуды жоспарлап отырмыз. Қуанатынымыз, бүгінде ұлттық өнерге сұраныс жоғары. Салтымыздың өшкені қайта жанып, ұмыт қалған өнеріміз жаңғырып келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай аманат болып қалып жатса, біз үшін сол үлкен мәртебе. Ақ тілекті, ақ жаулықты әжелердің басты мақсаты – тілегі сол, – деді ағынан жарылып.
Бұл ұжым облыс, қала көлемінде өткізілетін мәдени шаралардың көпшілігіне қатысады. Он бір жыл көлемінде ансамбль халыққа жақсы танылды, байқауларда өнер көрсетті. «Қарттардың да өнерге бар таласы атты» атты аудандық байқауда жеңімпаз атанды. Аудандық көркемөнерпаздар фестивалінде әрдайым көпшіліктің жылы ықыласына ие болып келеді. Сонымен қатар, аудан әкімінің бірқатар алғыс хаттарымен марапатталды.
– Баян, домбыра секілді аспаптардың сүйемелдеуімен әндерді жанды дауыста орындаймыз. Ансамбль мүшелері жеке-жеке де ән айтады. Олардың ішінде қазақтың халық әндері, композитор Ш.Қалдаяқовтың туындылары бар. Ән орындап қана қоймаймыз, халықтың салт-дәстүрлерін насихаттаймыз.  Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақы әндерді жаңартуға көңіл бөліп келеміз. Ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауды үйренуге ден қойдық. Алдағы уақытта домбыра, шылдырмақ, сазсырнай, дауылпаз секілді секілді аспаптардың сүйемелдеуімен әндер айтамыз, – дейді О. Ахметова.
Қазақы аспаптарды аз уақыттта меңгеріп алған «Жаншуақты» әжелер ансамблінің мүшелері өзге тілдерде де тосырқамай ән салады. Мәселен, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін ағылшынша орындайды. Хадиша Балташова орыс әндерін айтудан алдына жан салмайды. Ал, Сейдігүл Оспанбекова ұйғыр, қырғыз тілдерінде әуелете ән шырқайды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Маржан Дүйсенбаева өнер ұжымын өрелі биіктерге жетелеу жолында тынбай тер төгіп келеді.
Халық әндерінің қаймағын бұзбай шырқайтын әжелер отандық сазгерлердің де туындыларын орындайды. Ән айтса жасарып, жадырап қалатын қариялар елдің елдігі ұлттық өнерде деп біледі.
                                                                            Айтолқын АЙТЖАНОВА.
18 маусым 2018 ж. 1 891 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 073 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам