ӘСЕМ ӘНДІ ӘУЕЛЕТКЕН ӘЖЕЛЕР
Адам бойына біткен асыл қасиеттер, кім-кімге болса да жарық дүниемізді нұрландырып тұрған анамыздан дариды. «Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді» деп Ғабит Мүсірепов атамыз айтпақшы бүгінде шаңырақтағы жүзінен мейірім мен шуақ шашып тұрған сол бір аяулы жандар жөнінде лебізіміз ерекше.
ақында Белкөл кентіндегі мәдениет үйіне ат басын тіреудің сәті түскен еді. Клубтың тыныс-тіршілігімен танысып жүріп кимешек киген әжелер суретін байқап қалдым. Сұрастыра келе бұл 2008 жылы еңбек ардагері, колөнер шебері марқұм Барша Жанымқұлованың ұйымдастырумен құрылған «Ақ бата» әжелер ансамблі екенін білдім.
Өнер ұжымының құрылуына Барша әжеміз ұйымдастырушылық қасиетімен қатар, қолөнерді де бірге алып жүрген екен. Ол кісі жыл мезгіліне қарамастан киіз үй тігіп ұлттық дәстүрді ұлықтаған жан еді. Сонымен қатар, ісмер апамыз қыздары мен немерелеріне тігін тігу өнерінің де қыр-сырын үйренуге баулыған еді.
Батыр аналар, еңбек ардагерлері мен зейнеткерлерден құрылған өнер ұжымының құрылғанына биыл 10 жылдан асты. Қазір таңда құрамындағы Маңдайлы Дәулетбаева, Көркем Әмірқұлова, Несібелі Жанділдаева, Әсем Жұмаділдаева, Бақыт Ержанова, Күміскүл Сембаева, Зина Жанымқұлова сынды әжелеріміз біздің салт-дәстүріміз бен өнерімізді жастар арасында дәріптеп жүр. Ол кісілер бүгінде талай өнер бәйгесінде жеңіс тұғырынан көрініп те үлгерген. Мәселен, қалалық «Әжелер – алтын қазынам» атты байқаудан 2 орынды иеленді. Сол секілді одан өзге де аймақтық байқауларға қатысты. Әрқайсысы – бір шаңырақтың ақылшысы, қамқоршысы. Олардың өнері баға жетпес байлық, бойға тереңінен сіңіретін таптырмас тәрбие екені сөзсіз.
Қазақ өнеріне ерекше мән беріп, шын берілген ақ жаулықты әжелер халқымыздың ескі тарихы мен мұрасын насихаттап келеді. Бірнеше өнерді бойына сіңірген ол кісілердің шығармашылық қорында бүгінде 15-ке жуық ән бар.
– Мен бұл ансамбльге келіп өз замандастырымды таптым. Топ құрылғаннан бері кенттің мәдени-рухани, көпшілік шараларына белсене атсалысып келеміз. Әр мейрамға арналған ұлттық киімдер мен халық әндерін өзіміз таңдап аламыз. «Ақ бата» әжелер ансамблін құрғандағы ойымыз – қазіргі жастарға заманауи әндерді ғана емес, бұрынғы дәстүрлі әндеріміз бен салт-дәстүрімізді, ұлттық өнерімізді дәріптеу, – дейді топтың белсенді мүшесі Зина Жаманқұлова.
Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА.