ӨНДІРГЕН ӨНІМДІ ҚАЛАЙ ЖАРНАМАЛАЙМЫЗ?
Нарықтың талабы – табыс көзін тауып, еңбек ету. Ондай болмаған жағдайда өмірден де, заманның ағымынан да құр қаларың белгілі. Кез келген кәсіппен немесе шығармашылық іспен айналысып алдымен өзіңе, содан соң айналаңдағы адамдарға пайдаңды тигізіп жатсаң, онда сен қоғамдағы өз орныңды тапқаның. Ал адамды жұмыспен қамти алсаң, елдің өркендеуіне үлесіңді қосқаның. Қазіргі әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда ел арасында жұмыссыздықтың салмағы басым. Сондықтан оны жою үшін әрбір адамның өзі кәсіптің көзін тауып, еңбек ете білуі қажет-ақ.
Елімізде шағын және орта бизнесті одан әрі өркендету мен дамыту жайында жыл сайынғы Елбасы Жолдауында айшықты мән беріліп келеді. Жолдаулардан туындаған тапсырмалар мен міндеттерді іске асыру барысында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осыған орай, кәсіп етем деушілерге мемлекет тарапынан қолдау мен жеңілдік жетерлік.
Елімізде бүгінгі күні краетивті экокономиканы көтеруде әртістер, музыканттар, суретшілер, режиссерлер, модельерлердің үлес салмағы басым. Бұл қатарға енді қолөнер династиялары келіп қосылуда. Қарап тұрсаңыз, қазір адамдардың көбі бұрынғы үлгімен қолдан жасалған ұлттық құндылықтарды алуға көңіл бөлуде. Әрине, бұл құптарлық жағдай. Өйткені, әр ұлттың, әр өңірдің өз тарихы, шежіресі бар. Жалпы, креатив экономиканың ресурсы – адами талант. Ал талантты жандарды қолдау әрқашанда қажет. Бүгінгі біздің елде бастауыш сыныптан бастап білімге зор мән берудің басты себебінің де негізі осында жатыр. Оны игере білген бүгінгі жастар келешекте ғаламтор арқылы небір жобалар мен инфрақұрылымдарды басқара алатындығы кеңінен айтылуда.
Мәселен, іргемізде көршілес жатқан өзбек ағайындар креативті экономиканы бізден бұрын игеріп алған. Олар қара судың өзінен табыс тауып келеді. Бұл – шындық. Өзбектің ұл-қыздары жазда да, қыста да су мен ашытпа көжесін вокзалдарда, сапаржайларда үнемі сатады. Бұл – креативті экономиканың нағыз өзі мен көзі. Осыған қарап, креативті экономиканың іргесі бізге дейінгі дәуірде қалыптасқанын ұғасыз. Осы өзбек ағайын демекші, қазақтың іскер азаматтары табыс таба білгенмен әлі күнге дейін жарнамаға мән бермейтіндігі шындық. Оны өрістеудің екінші көзі жарнамада жатыр.
Жақында Шымкентке барғанымда өзбектер шығарған «Brend LIDER» атты шоколады қолыма түсті. Жарқыраған сыртын ашып, дәмін көрдім. Содан қолымдағы конфеттің сыртын ораған қағаздың ішкі жақ бетіндегі тола жазуға көзім түсті. Ол жай жазу емес, өзбек халқының мәтел-мақалдары
екенін білдім. «Мехмонға ош құй, Икки қулини бош қой» депті. «Жесең шоколад, Сизгий мархобат», «Біздің шоколад дәмдий, қадирин билган алдий» деп екі қатардан бұдан да бөлек көптеген өздерінің нақылдарын жазып тастаған. Міне, жарнама.
Бұл нені байқатады? Өндірген өнімнен бұрын тілге құрметін, содан кейін барып отандық кондитерлік өнімге деген ілтипатын байқатса керек. Табыс әкелетін өнімнен бұрын, руханияттың өзегі – тілді бірінші орынға қойғандығын білуге болады. Бізде ше?! Бізде керісінше өндірген өнімді өткізсек болды, соған мәзбіз. Керек болса, өнім сыртын орыс пен ағылшын тілінде айшықтап тастауға дайын тұрамыз. Креативті экономиканы жүргізе отырып, алдымен өзбек ағайын өз тіліне барынша мән беріп отырғандығын аңғарасыз. Сол тілін құрметтеу, қадірлеу арқылы шоколадын жарнамалап ел арасына сатып, пайда тауып отыр. Біз бұл жерде олардың отандық өнімдері арқылы өз тілін дәрежелеп отырғандығын еске сала кеткенді орынды санадық.
Жасыратыны жоқ, бізде қазір өзекті нәрсе – әр адамның еңбек етуі мен табыс табуы алдыңғы орынға қойылған. Бәсекеге сай еңбек ету көзделген. Соған сай еңбек жасап та жатырмыз. Алайда, біздің аймақта Қазалыдан ащы конфет өнімі өндірілетіні белгілі. Оның сырты сол баяғы ақ кленкамен қапталған орам. Бұрын Қазалыдан өндірілетіні жазылатын, қазір ол да жоқ. Бұл деген өз ісімізді қалай көрсетудің, таныстырудың, жарнамалаудың, сатудың жолын толық білмегендік болар. Біздің конфетіміз өзбектің шоколадынан артық болмаса, кем емес. Ол өнімді халық алса болды деген ойдан әрі аспайтын сияқтымыз. Біз оны жарнамалауға келгенде енжармыз. Жергілікті телевидениеге, газетке бір-екі рет берсек, содан соң көшеге суретін ілсек, бәрін тындырып тастадық деп ойлаймыз. Ал, өзбектер секілді өнімді қолына ұстатып, дәмін таттыра отырып, сыртқы орамына ұлттық даналық сөздерді жазуды қалдырсақ, жұрт өзі іздеп алатындығына сенімдімін.
Жасыратыны жоқ, тілі мен өздерін, өнімдерін жарнамалауға келгенде қытай мен өзбектер алдарына жан салмайтын сияқты. Бұл жағына келгенде, біз олардан асып кете алмайтын секілдіміз. Мұндай жағын оларға білдіртпей үйреніп, не шығарсақ та ұлттық құндылықты дәріптеуден сырт қалмағанымыз дұрыс.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ