Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ӨРЛЕУ ОТБАСЫ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРАДЫ

ӨРЛЕУ ОТБАСЫ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРАДЫ

 
Елбасы тапсырмасымен елімізде «Өрлеу» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл пилоттық жоба негізінде Қызылорда қаласы бойынша табысы аз қамтылған отбасыларға шартты ақшалай көмек көрсету 2015 жылдың шілдесінен бастап қолға алынды. Аталмыш жоба – күнкөрісі төмен шаңырақ иелеріне әлеуметтік көмек бағдарламасындағы жаңа бағыт. Оның басты мақсаты – тұрғындар арасындағы кедейліктен шығуға жағдайы бар, бірақ, еңбек нарығына қайта оралу және өмір сүру деңгейін арттыру жолында кедергілерден өту үшін қолдау көрсетуді, қолдауды қажет ететін топтарға көмек көрсету.
Отбасы белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты негізінде шартты ақшалай көмекті алу үшін үйдің еңбекке жарамды мүшелері өздеріне жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу, нормативтік құжаттарда көрсетілген талаптарды орындау, қиын өмірлік жағдайдан шығу үшін күш салу міндетін алады.
Бағдарлама жұмысы үш жыл бойы қалай жүруде?
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы қала және қалаға қарасты ауылдық округтер бойынша 166 отбасымен әңгімелесу жүргізілді. Оның 20-сы келісімге келіп, 100 адамға 3,8 млн. теңге шартты ақшалай көмек төленді. Олардың қатарындағы еңбекке жарамды 27 жанның 15-і жұмыспен қамту орталығы арқылы ақылы қоғамдық, 10-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 2-і қайта даярлау курстарында оқытылды.
Ал, 2016 жылы ондай отбасылар саны өсіп, 1846 шаңырақ иесіне бағдарлама мәні түсіндірілді. Нәтижесінде 77 отбасының 397 адамына 15 млн. теңге төленді. Сондай-ақ, 96 адамның 41-і ақылы қоғамдық, 54-і тұрақты жұмысқа орналасса, 1-і әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді.
Биыл аталған мақсатқа жоспар бойынша 1942 адамды қамтуға республикалық бюджеттен 35,8, жергілікті бюджеттен 36,1, барлығы 71,08 млн. теңге қаралды. Жыл басынан бері қала және қалаға қарасты ауылдық округтер бойынша 2153 отбасы келді. Оның ішінде 1448 адамға 52,4 млн. теңге шартты ақшалай көмек берілді. Нәтижесінде 326 адамның 101-і ақылы қоғамдық, 210-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 1-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 4-і жастар тәжірибесіне, 10-ы қайта даярлау курстарына жолдама алды.
Бүгінде шартты ақшалай көмек алғандар келісім-шартта көрсетілген міндеттемелері бойынша өз кәсібін ашты. Олар жұмыссыздар санын азайтып, кедейлік деңгейден шығу үшін отбасы белсенділігін арттырып, кіріс көздерін ұлғайтуда.
Сонымен қатар, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа форматтағы бірыңғай жәрдемақы-атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. Бұл көмектің түрі табысы аз отбасыларға арналған қолданыстағы үш әлеуметтік төлемді біріктіреді. Яғни, төрт және одан да көп балалы жандарға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.
Жаңа форматтағы АӘК табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға олардың еңбекке қабілетті мүшелерін міндетті түрде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларына қатыстыра отырып, шартты түрде көрсетіледі. Бұл дегеніміз – жәрдемақылар біріктіріліп, азаматтар үшін оңтайланады және олардың мөлшері артады деген сөз. Егер бүгінде азаматтар осы үш жәрдемақыны алу үшін үш пакет құжат даярлап, үш түрлі мекемеге баратын болса, енді жаңа жүйе аясында бір пакет құжат әзірлеп, бір мекемеге, жұмыспен қамту орталығына жолығады.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің өзіндік шарттары да бар. Үйдегі еңбекке қабілетті азаматтардың барлығы еңбекпен қамту шараларына мемлекеттік бағдарламалар аясында оқыту, кәсіби біліктілікті арттыру, жұмысқа тұру, кәсіп ашуға қатысуы шарт. Еңбекке қабілетті әрбір азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе микрокредит алып, өз ісін ашуға қолдау жасалады. Егер ондай адамдар жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Алайда, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға, бала күтімімен отырған аналарға, нақты себептерге байланысты жұмыс істей алмайтындарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалып, төленеді.
Жыл басынан бері бөлім мамандары қала бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу жөнінде бекітілген кестеге орай жұмыспен қамту орталығы арқылы табысы аз отбасыларды анықтау мен ақпараттандыру, олардың белсенділігін арттыру мақсатында 2 кент, 7 ауылдық округтегі 34 орта мектепте тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Бұған дейін елімізде жан басына шаққанда орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленіп келді. Енді «Өрлеу» жобасы бойынша шартты ақшалай көмек егер жұмыссыз адам осы жобаға қатысудан бас тартса, онда оған атаулы әлеуметтік көмек төленбейді. Сол себептен азаматтарды еңбекке тартуға зор ықпал ететін болады, – деді аталмыш бөлім басшысы Гүлмира Рахметова.
Сондықтан да «Өрлеу» жобасы кедейліктен шығуға мүмкіншілігі бар топқа, тек кездесетін қиыншылықтарды жеңуге көмек қажет ететін, өз мүмкіндіктерін толық пайдалануға ұмтылғандарға ғана берілуге тиіс.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
13 қараша 2017 ж. 2 355 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам