Айнуза БЕГІМСАЛОВА, Қобыздың үні – құдірет
Қорқыт пен қобыз мұқым түркі жұрты үшін егіз ұғым. Сан мың дәуір шежіресінен сыр шертіп, күні бүгінге аты аңыз болып жеткен осы қос құдіреттің ұлт руханиятындағы орны қашанда төбе. Халық өмірін өнерімен өрнектеп, ел-жұртын қобыз атты киелі аспаптың көмейіндегі мұңды сазбен әлдилеген небір керімсал күйшілердің бүгінгі ізбасарлары да атадан жалғасқан бұл дәстүр сабақтастығынан әлі күнге дейін қол үзген емес. Шерлі аспаптың үніне құлақ түріп, өткен ғасырдағы Қорқыттың гөй-гөйін бүгінмен тоғыстырған сондай өнерлі жандардың қатарында қызылордалық Айнуза Бегімсалова да бар. Қобызшы Айнузаны әңгімеге тартып, өз өнері жайында жайдары ой түйіндеріне зер салдық.
– Жақында ғана Сыр топырағында тұңғыш рет шымылдығын түрген"Қорқыт-Қобыз" республикалық қыл қобызшылар және қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылар байқауында жүлделі бірінші орынға ие болдыңыз. Сіздің өрелі өнеріңізге куә болдық. Бұл жеңіс неше жылдық еңбектің жемісі еді?
– Кешегі Кеңес үкіметі тұсында Қорқыт мұрасы тұмшаланып, насихатталуына тыйым салынған. Дегенмен, уақыт өте келе ол құндылықтар өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Кешегі өткен "Қорқыт-Қобыз" шарасы осы сөзімнің дәйегі. Республиканың түкпір-түкпірінен он бестен астам өнерпаз келіп бақ сынады. Баба өнері жаңғырды. Өнер жанашыры ретінде дәл осындай шараның қолға алынғанына бөркін аспанға атып қуанған жанның бірі менмін. Алғаш рет ұйымдастырылып отырғанына қарамастан жоғары деңгейде өтті деген ойдамын. Алдағы уақытта аталмыш шара дәстүрлі түрде жолға қойылып, "Қорқыт және Ұлы дала сазы" музыкалық өнер фестивалі секілді халықаралық шеңберде ұйымдастырылатыны жайлы да жағымды жаңалықты құлағымыз шалып, қуанып қалдық. Осындай қолдау табылса, біз баба өнерінің жаңғыруына атсалысуға қашанда әзірміз. Байқауда мен "Қорқыт күйі", "Байлаулы киіктің зары" және Әлқуат Қазақбаевтың «Жаппас қобыз – домбыра» атты үш шығарманы орындадым. Сайыс ережесі бойынша жеребеден түскен Қорқыттың он күйінің бірін орындау міндеттелді. Алайда, абыз шығармаларын жатқа білетін мен үшін бұл тапсырма қиынға соқпады. Осы тұста бір айта кететінім, Қорқыт күйлерінің санына байланысты қазіргі таңда екі ұшты пікірлер қалыптасқан. Бір деректерде он, енді бір жерлерде ұзын саны он екі деп айтылып жүр. Ал, соңғы кезде Астанадағы Қорқыттану ғылыми орталығының қызметкерлері, қорқыттанушы ғалымдар оның қырыққа жуық күйі бар екенін айтуда. Алдағы уақытта сол қырық күйі топтастырылған кітап та жарыққа шығады деп естідік. Енді бұл біз үшін үлкен жаңалық болғалы тұр.
Ал, өзімнің осы салада келе жатқаныма он сегіз жылдай уақыт болыпты. Он төрт жасымнан бастап осы музыкалық аспапты серік еттім. Жалағаш ауданындағы музыкалық мектепте оқыдым. Домбыра аспабы бойынша дәріс алдым. Ал, 9 сынып бітірген соң, қаладағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжге келдім. Мұнда келген соң осындағы оқытушы-ұстаздар саусағымның ұзын әрі жіңішкелігі домбырадан гөрі қобыз аспабына көбірек икемді болатынын алға тартып, қыл қобыз сыныбын ашайық деген ұсыныс айтты. Сөйтіп, колледжден қыл қобыз сыныбы ашылып, алғашқы шәкірт болып қабылдандым.
– Сонда атын естігенмен, затын ұстап-тұтып көрмеген аспапты игеріп кете аламын ба деген үрей болмады ма?
– Бәрі ынтаға, баланың зейініне байланысты ғой. Ұстазым Бақыт Аханқызының арқасында өмірімде қолыма ұстап көрмеген аспаптың қыр-сырын бір адамдай меңгеріп кеттім. Кейін музыкалық білімімді кәсіби тұрғыда жетілдіру үшін Қазақ ұлттық өнер академиясын аяқтадым. Сөйтіп, өнер жолына бағдаршам болған осы колледжге қайтып келіп, еңбек жолымды бастадым. Қазір мұнда шәкірт тәрбиелеп келе жатқаныма сегіз жылдай уақыт өтіпті. Дәріс алған оқушыларымның алды оқу бітіріп, өзіммен әріптес болып жатқаны да бар. Шәкіртіңнің осындай алғыр, еңбекқорлығын көріп марқаясың.
– Қазақта күй құдіретті саналады. Тіпті, бағзы заманда күймен емдейтін бақсылар да болған деседі. Бұл көне аспапты бақсылықпен байланыстырудан туған ұғым болса керек. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Әрине, бұл сенім шариғат тұрғысынан келгенде ақылға сыймауы мүмкін. Десе де, музыканың, оның ішінде күйдің адам жан-дүниесіне әсер ететіні анық. Өзіміз де кейде көңіл хошымыз болмай, бей-жәй күй кешкенде қолыма қобыз алсам, кәдімгідей жақсарып, жан-сарайым жадырап сала береді. Бұл аспапта өзі сай-сүйегіңді сырқырататын мұңлы сарын, шерлі үн басым ғой. Сондай күй орындаған сәтте ерекше толқып, біздің де құлазып қалатынымыз бар. Аспаптың мұндай қасиетінің астарында енді бәлендей бақсылық жатыр деп айта алмаймын. Әйткенімен, ертеректе бақсы бабаларымыз қобызға неше түрлі шылдырмақ-қоңырау тағып, науқас емдегені туралы аңыз-әпсаналарды оқып-біліп жүрміз. Бір жағынан бұл әңгіменің жаны бар. Өйткені, өз басым бұл музыкалық жәдігерді қолымызға күнде алып жүрген соң оның басқа аспаптарға қарағанда ерекше қасиеті бар екенін талай мәрте аңғардым. Мәселен, кейде қобыз тартуға онша құлшынысың болмай, әйтеуір тек ойнап шығу керек болған соң ғана қолыңа алсаң, күй бәрібір ойыңдағыдай сәтті шықпайды. Қанша тырыссаң да, ондағы белгісіз бір күш саған бағынбай тұрғандай болады. Сондай-ақ, қобыз дауысының қанық, әрі әдемі шығуына ауа-райының да әсері орасан. Әсіресе, бұлтты, желді күндер қобыз үніне айтарлықтай ықпал етеді.
– "Ән айта алмаған абалайды, күй тарта алмаған сабалайды" демекші бүгінгі күйшілер, оның ішінде, домбырашылар күйді тек естігені бойынша тартады. Бұл өз кезегінде күй табиғатының бұзылуына, өзгеріске ұшырауына әкеліп соғады деген пікірлер жиі айтылып жүр. Мұндай кемшілік қобызшыларда да кездесе ме?
– Әрине, нота болмаған жерде міндетті түрде ауытқушылық болады. Қанша жерден адам тума талант болып, онда әуенді ести алу қабілеті жақсы дамығанымен, олқылықтар орын алып жатады. Сондықтан егер осы өнер жолын таңдаймын деген ниеті бар жанның қалайда нота сауаттылығын арттырғаны дұрыс. Біздің де алдымызға ауыл-аймақтардан тек есту қабілеті арқылы тартып жүрген, музыкаға икемі бар балалар көп келеді. Мақсатымыз – оларды кәсіби тұрғыда шыңдау болғандықтан, біз оларға әуелі нота үйретуден бастаймыз.
– Қобызды – бүгінгі скрипканың атасы деп жатады. Бұл пікір қаншалықты қисынға келеді?
– Расында, қобыз қазіргі оркестр құрамында жүрген біраз аспаптың түпнұсқасы, атасы десек қателеспейміз. Скрипка, виолончель, прима қобыз дегендердің бәрі осы көне жәдігердің музыкалық мүмкіндігі тұрғысынан жетіле түскен нұсқалары деуге әбден болады.
– Аспап қашанда музыкалық бабында тұруы үшін қандай күтім жасайсыздар?
– Әнші өзінің даусына қаншалықты мән беріп, күтім жасаса, аспапқа да дәл сондай қамқорлық керек. Аязды, салқын ауа райы – музыкалық аспаптың нағыз жауы. Сондықтан мүмкіндігінше қалыпты ауа қысымында алып жүрген дұрыс. Қылының әрбір талына да ерекше мұқияттылықпен қараған жөн. Өйткені, қобыз үнінің қарқыны оның осы қылына тікелей байланысты.
– Қобыз аспабын таңдар алдында не нәрсеге аса көңіл бөлген жөн? Кәсіби маман ретінде берер кеңесіңіз?
– Аспапты сатып аларда ең бірінші оның ағашына көңіл аударған абзал. Ол бітеу, берік ағаштан жасалуы керек. Сосын қылына зер салған дұрыс. Әсіресе, айғыр малының қылы өте шыдамды болып келеді. Ондағы әрбір қылдың үзілмей, түгел болуы аспаптың даусына үлкен әсер береді. Сондай-ақ, бетіне тартылған терінің де әбден кепкені дұрыс. Әрі өте тегіс жайылуы шарт. Тері дұрыс дегдімеген жағдайда оны күн көзіне қойып, кептіріп алуға болады.
– Көне жәдігермен неше жылғы достығыңыз өзіңіздің шабыт сарайыңызға қаншалықты әсер етті? Мүмкін, әлі нотаға түспесе де, көңілде піскен авторлық күйлеріңіз бар шығар?
– Ойымда жүрген дүниенің бірі. Бұрын өзімнен мұндай қабілетті байқамаппын. Әлде онша ынта болмады ма, әйтеуір, бұған дейін күй шығарып көрмеппін. Ал, кейінгі кезде қобыз тартып отырып, әлдебір әуендердің ойыма оралатынын аңғардым. Өнердегі аға-апаларым да осы тақырып төңірегінде ой қозғап қояды. Санамда қайта-қайта жатталып жүрген бірнеше күйдің нобайы бар. Уақыты келгенде жаңа бір тың дүниенің тұсауы кесілер деген ниетте жүрмін.
– Тәңір сізге ерекше өнермен бірге қайталанбас есім де беріпті. Сөз соңында сұрамасам болмас, ныспыңыздың берер мағынасы қандай?
– Бұл есімнің мән-мағынасын білу үшін ғылыми-зерттеу жұмысынан кем емес ізденген шығармын. Бірақ, ешқандай жерден таппадым. Естуімше, өзбек ұлтына тән есім екен. Атымды суретші ағам қойыпты. Шығармашылық адамы кішкене жүрек үніне құлақ түріп, қиялға жақындау келеді ғой. Жас кезінде "Айнуза" деген ерекше сұлу қызға ғашық болып, мен дүниеге келгенде сол қыздың құрметіне осылай деп атапты. Содан Айнуза атандым.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.