«Қорқыт ата» кітабының жаңа жазбасы Ираннан табылды
«Қорқыт ата» кітабының жаңа жазбасы Иран жерінен табылды. Бұл жөнінде Сыр өңіріне келген сапарында ирандық ғалым коллекционер мәлім етті. Парсы елінен келген мейман Қызылорда облысында өткен түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» өнер фестивалі арнайы келіп қатысқан еді.
Бүгінгі күнге дейін дархан даланың ұлылығын дәріптеген жауһар жырдың екі нұсқасы бізге белгілі. Айта кетелік, «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден және Ватикан қалаларында сақталған екі қолжазбасы бар. Бірінші нұсқада 12, екіншісінде 6 дастан жазылғаны бұрыннан мәлім. Ендеше, ирандық ғалым ұсынып отырған тағы бір нұсқа сол құнды қазынамыздың молаюына сүбелі үлесін қосатыны анық.
«Сыр бойы» газетіне берген сұхбатында Вели Мухаммед Ходжа ұзақ жылдан бері құнды жәдігерлер жинаумен айналысып келе жатқанын жеткізді. Осындай ізгіліктің істің нәтижесінде оның қолына қадым заманның қилы-қилы бейнесін қаз-қалпында жеткізетін жауһар жырдың жаңа нұсқасы түскен.
Иран ғалымы бұл жайында төмендегіше сыр шертті. Оның айтуынша, түсінде Қорқыт ата қолынан жетектеп жоғары шығарған көрінеді. Арада көп ұзамай ол кісі әдеттегі дағдысымен Иран астанасы - Тегеран шаһарындағы кітап дүкеніне бас сұғады. Кітап дүкенінн көне дүниелерді алып шығады. Одан кейін су алу үшін азық-түлік дүкеніне кіргенде онда бір адам ақ матаға оралған кітапты сататынын айтады. Ол дүниенің қолжазба кітап екенін аңғарған Вели Мухаммед Ходжа сатып алады. Кейіннен оны түркиялық ғалымдарға оқытты. Құнды дүние «Қорқыт ата кітабының» тағы бір нұсқасы екені анықталды. Мұндай тұжырымды АҚШ еліндегі ғалымдар да жасады.
Бұдан бұрын әдебиеттану PhD докторы Бекарыс Нұриман «Қорқыт ата» кітабының тағы бір эпосы табылғанын жеткізген еді. Бұл жағымды жаңалықты Түркияның Байбұрт қаласында өткен халықаралық симпозиумда профессор Метин Екижи баяндамасында баяндап берген.