Қадым заманның құнды жәдігері
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында "Көне дәуір жәдігерлері" атты сирек кітаптар көрмесі өтті.
"Архив-2025" бағдарламасы аясында қолға алынған шара күллі түркі дүниесіне ортақ әдеби жәдігерлерді көпшілікке етене таныстыру, сол арқылы өскелең ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту мақсатын көздеді. Үш күнге созылған көрмеге шетел архиві мен кітапханаларынан әкелінген ұлтымыздың құнды мұралары қойылды. Олардың қатарында Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білік", Махмут Қашқаридың "Диуани Лұғат ат түрк", Ахмед Иүгінекидің "Хибатул хақайық", Әл-Ферғанидің "Астрономия", Әбу Райхан Әл-Бирунидің "Медицина" еңбектері және "Қорқыт ата кітабының" Дрезден мен Ватикан нұсқаларының көшірмесі бар.
– Кезінде еуроцентристік көзқарастың салдарынан түркілердің қалыптасу тарихы әлемдік ғылыми айналымға түгелдей енбей қалды. Әйтпесе, бір Сығанақтың өзінен 20-дан астам ғалым шыққан. Олардың арасында философ, математик, астроном, ақындар да бар. Бір қызығы, тұғырлы тұлғалардың жазып кеткен еңбектері күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймай отыр. Керісінше, уақыт өткен сайын тарихи, әдеби маңыздылығы айшықталып келеді. Біз ұлттық діңімізден ажырап қалмайық десек, осындай бағалы жәдігерлерді әрдайым дәріптеп, ұлт руханияты жолында кәдеге асыра білуіміз шарт, – деді облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас.
Расында, дала данышпандары қалдырған бұл мұралардың әлемдік өркениет пен ғылымға қосқан үлесі орасан. Мәселен, әл-Ферғанидің астрономия ілімі туралы еңбегі тұтастай Еуропа ғылымының дамуына әсер еткен. Ал, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» кітабында ұлттық болмысымыз, салт-дәстүріміз, мемлекеттік жүйеміз нақтыланған.
Жиын барысында филолог, тарихшы ғалымдар көрме төрінен орын алған кітаптардың мазмұны, оның әлемдік ғылымға қосқан үлесі туралы тұщымды ойларымен бөлісті. Түсінгенімізше, Әбу Райхан әл-Бирунидің "Медицина" атты еңбегі арқылы сонау заманның өзінде бүгінгі дамыған медицинаның негізі қаланғанын аңғардық. Облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының бөлім басшысы Бекарыс Нұриманның айтуынша, аталмыш туындыда сол ескі заманның өзінде қазіргі денсаулық сақтау саласына тән барлық терминдер өздерінің ғылыми атауын иемденген. Сондай-ақ, олардың барлығына дерлік ғылыми түсінік беріліп, сараланған көрінеді.
Тәлімі мен тағылымы мол шара соңында көзі қарақты оқырман көрмені еркін аралап, қадым заманнан сыр шерткен көне жәдігерлермен жақын танысуға мүмкіндік алды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.