Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қамқорлыққа құмбыл қамкөңіл

Қамқорлыққа құмбыл қамкөңіл

     Ел арасында «Жақсылық жүрген жерде, тапшылық болмайды» деген сөз бар. Халқымыз жетімін жылатпаған,жесірін қаңғытпаған. Сондықтан жығылғанға демеу, құлағанға сүйеніш болуды ұрпақ тәрбиесінде негізге алған. Біз қазір сананы тұрмыс билеген, өз қамыңды күйттеген қоғамда өмір сүріп жатырмыз. «Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» дегенді ұстаным етіп алғандаймыз. Десек те әр заманның өз Атымтай Жомарты, қайырымды жандары болады. Олардың бүгінгі ізбасары ретінде еріктілерді айтсақ артық болмас. Иә, жақсылық жасау үшін сенің бай-бақуатты болуың шарт емес. Иманың берік, жүрегің мейірімге толы болса болғаны. Осы орайда қазіргі қоғамда ізгілікті іске ұйытқы болып, қаншама мұқтаж жанға шапағатын төгіп жүрген «Жомарт» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майя Наримовамен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Майя Зұлхарнайқызы, сұқбатымызды сіздің алғашқы  қайырымдылық жасаған кезден бастасақ. Әркім өз басын күйттеген тұста, қамкөңіл жандарға қол ұшын созу бәрінің қолынан келе бермесі белгілі...
– Мен көпбалалы отбасында өстім. Әкем де, анам да ерте жастан жетім қалып, тек еңбек арқылы шыңдалған кісілер еді. Бізді де солай тәрбиеледі. Ол тұста оқыған, талаптанған адамға жол ашық еді. Алтыншы сыныпқа аяқ басқанда, оқудан тыс жұмыс істедім. Балабақшада тәрбиеші (няня), бетон-плита шығаратын зауытта қара жұмысшы да болдым. Кейін ата-анам сауда саласына бет бұрды. Жеке кәсібін ашты. Сол кісілердің қасында бірге жүріп, еңбекке машықтандық. Дегенмен өмір бірқалыпта тұрмайды ғой. Әкем ерте көз жұмды. Кейін анам қатты науқастанып, басымыздан қиын күндер өтті. Үйдің үлкені болған соң бар жауапкершілік менің мойнымда еді. Бауырларым мектеп жасында. Өзім тұрмыстамын. Соған қарамастан анамның денсаулығы үшін күрестік. Ол үшін қолымдағы бар мүлкімді сатуға тура келді. Өмірімде бармаған ломбард дегеннің есігін аштым. Дәрігерлердің еш үміт жоқ дегеніне қарамастан, емдеп-жазудың жолын іздедім. Алла Тағаланың қалауы болады ғой. Анам бойын дендеген дерттен айыға алмады. Солай өмірден озды. Бұл мен үшін ауыр жағдай, күйзеліс болды. Осы жайттың барлығы жүйкеме әсер етіп, бір-ақ күнде есеңгіреп қалдым. Бірақ, өмір жалғасады. Сен қайта тұрып, тіршілік етуге міндеттісің. Қиналған сәтте жақындарыңның қолдауы ауадай қажет. Жылы сөздің, рухани демеудің жанға дәру екенін сол сәтте ұғынғандаймын. Менің қайырымдылық жолындағы алғашқы қадамым осы жағдайдан соң басталды деуге болады.
– «Жомарт» қоғамдық бірлестігі қашан құрылды?
– Алғаш рет қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандарына әлеуметтік дүкен ашсақ деген ұсынысымды айттым. Бұл ойым қолдау тауып, қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды қолға алдық. Жыл сайын 1 маусым – балаларды қорғау күнінде тізім бойынша мүгедек балаларға сыйлық әзірлеу үрдіске айналды. Бір күні жолдасым сыйлықтарды балаларға өзім табыстаймын деп шешті. Сол шарадан соң үйге өңі бозарып келді. Себебін сұрасам, бұл ісіміздің дұрыс еместігін айтты. Неге дейсіз ғой. Оларға деп тәттінің небір түрін, ойыншық, киімдер саламыз. Ал балалардың біріне тәтті жеуге болмайды. Бірі ойыншыққа мұқтаж емес. Оларға ең қажеттісі дәрі-дәрмек немесе қаржылай көмек екен. Сол сияқты тұрмысы төмен отбасылармен де осы бағыттағы жұмыс істейміз. Бірақ, сол баяғы тізімнің саны азаймайды. Оған қоса келесі бір қайырымдылық шарасында тағы сол отбасылар көмек алып жатады. Яғни, біз еріктілер бұлай қол ұшын созғанымызбен нәтиже шықпайтынын түсіндім. Ақырында «Жомарт» қоғамдық бірлестігін құруды көздедім. Он жыл ерікті болған уақытта жинақталған тәжірибенің нәтижесі осындай шешімге әкелді. Солай 2017 жылы осы бірлестік құрылды. 
– Алғашқы бастама кедергісіз болмаған шығар?
Кедергі, қиыншылықтар болды. Әлі күнге дейін кездеседі. Көпшілік еріктілерді қабылдай алмай жатады. Оларды алаяқ, өз пайдасын ойлайтындай көреді. Иә, ақша жүрген жерде ондай дүниелердің орын алатыны бар. Кейбір адамдар ауру балалардың атын жамылып, желі арқылы осындай сомада қаржылай көмек керек деп жариялайды. Ақша жиналған кезде не өзі, не көмегі жоқ. Тағы бір айта кететін жағдай, қайырымдылық жәшіктерінің көптігі. Қазір оны кез келген дүкеннен көруге болады. Бірақ ол шынымен мұқтаж жанға арналған ба? Ешкім байыбына бармайды. Алдыңғы жылы осындай жәшіктер саны қалада 800-ге жуықтайтын. Былтыр екі мыңнан асты. Көбісі Түркістан өңіріне тиесілі екен.Тексеру жүргізілмегеннен кейін көбейіп отыр. Міне, осындай жайттардан соң біздерге сенім аз. Алайда бізге қол қусырып отыруға болмайды. Өйткені көмекке мұқтаж жандарды көзіңмен көріп жүргеннен кейін бұл істен бас тарту қиын. Еріктілер – өз еркімен, ешқандай ақысыз, мәжбүрлеусіз қайырымдылық жасайтын жандар.  Оларды ешкім қаржыландырмайды. Қайырымдылық шарасы қарапайым азаматтардың, кәсіпкерлердің басқа да ірі компаниялардың қолдауымен жүзеге асады.  Сондықтан оларды қаралағаннан гөрі, сөзбен болса да қолдау білдірген жөн.  Айтпақшы, осы еңбекке баулу мақсатында жолдасымның қолдауымен әлеуметтік шаштараз ашқан едім. Еріктілер шаш қиюды үйрететін. Дегенмен, екі ай өтпей өртке оранды. Тергеушілер қасақана жасалған іс деген шешім шығарды. Бұлда бір кедергі.
– Қазіргі таңда ізгілікті іс шара да көп, мейірімді жандар да көп. Тіпті, жомарт азаматтардың қолдауымен баспаналы болып жатқандар да бар. Бірақ, жақсылық жасаған сайын мұқтаж жандардың қатары артқан сияқты. Неге?
          – Біздің қазіргі қоғам өкілдері бардың қадірін білмейміз. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ, ондай адамдар арамызда бар. Жай ғана аман-есен, денің сау оянғаныңның өзіне шүкірлік айту, қанағат қылу, тәубе етуді ұмытамыз. Біз Ақмешіт мөлтек ауданынан өмірде қиын жағдайға тап болған, аз қамтылған, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылар үшін әлеуметтік орталық аштық. Оның ішінде қойма, дүкен орналасқан. Сонымен бірге психологиялық көмек көрсетіледі. Кез келген тұрғын қолдан келгенше азық-түлік, киім-кешекпен әкеліп, қолдау білдірсе болады. Орталыққа кейде жап-жас аналар келеді. Есіктен кіргеннен «маған берге» басады. «Көмектеспесең қазір әкімге айтамын» деген сияқты сөздер айтып, тіпті, балағаттап жатады. Оларға бұл жердің жеке нысан екенін, көмектің ерікті түрде жасалатынын түсіндіру мүмкін емес. Керегіне қолы жеткенде рақмет айтуды да білмейді. Сондай кезде іштей қынжыласың. Мұндай оқиғалар мен 10 жыл бұрын ерікті болған кезде де жиі орын алатын. Әлі де бар. Яғни, қазіргі қоғамның дерті өзімшілдік. Тек өзіме болса, ала берсем деген мақсат. Өз бетінше еңбек ету, талап қылуды ойламайды. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Орталыққа бір жас келіншек келді. Алты баланың анасы екен. Күйеуі бар, әке-шешесі, ата-енесі бар. Денсаулығы жұмыс істеуге жарайды. Бірақ, ешқашан жұмыс істемеген. Өзін мұқтаж жандардың санатына қосып, бізден көмек сұрайды. Біреуге қол жайғанша, неге өздерің әрекет қылмайсыңдар десең, түрлі сылтау айтады. Оның мұндай халде жүргеніне үкімет басындағылар не басқалар кінәлі емес. Бұл жерде адам өзінен бастау керек. Саналы түрде ойлану керек. Тәрбие керек. Жақсы өмір сүргің келе ме? Еңбек етуді үйрен.  Менің ұстанымым – осы.
          – Осы уақыт ішінде қандай да бір мәселенің шешілуіне ықпал ете алдыңыз ба?
– Ықпалым болды деп айта аламын. Кезінде мұқтаж жандардың санатында тұрған қаншама отбасылар, сол тығырықтан шығып бүгінде өздері көмек беретін дәрежеге жетті. Тағдырдың жазуымен баласы мүгедек боп туылған аналардың біразы жеке ісін жүргізіп, өзін-өзі қамтуды үйренді. Отбасынан жылу таппаған қыз-келіншектер бірігіп, кәсіп ашты. Мұның барлығы еріктілердің еңбегінің жемісі деп білемін. Бізге қазір дайын асты ұсынғаннан гөрі, соған әрекет етуді үйреткен абзалырақ. Мәселен, мен әркез өзімді жетілдіріп отыру үшін түрлі халықаралық семинарларға қатысамын. ЮНИСЕФ-тен білім аламын. Сол алған білімді, тәжірибемді айналамдағы еріктілермен бөлісемін. Нәтижеге, сапаға жұмыс жасауды құп көремін.  Өмірде тағдырдың ауыр соққысына төтеп беріп, баласы үшін, отбасы үшін бәріне шыдайтын төзімді жандар болады. Мәселен, баласы сал ауруына немесе қант диабетіне т.б дертке ұшыраған ата-аналар бар. Олар кез келген қиындыққа қарамастан күрес жүргізеді. Баласының бойындағы кішкене өзгеріске қуанады. Үміт күтеді. Сондай күрескер жандарға қарап, сенің проблема деп жүргеніңнің жай нәрсе екенін түсінесің. Осы жолда мен ерік-жігері мықты көптеген ананы кездестірдім. Солардың басын қосып, бір-біріне демеу болатын, тәжірибе алмасатын алаң құруды мақсат еттім. Сөйтіп, «Ерекше мектеп» деген жобаны жүзеге асырдым. Бұл аты айтып тұрғандай балалары ауыр дертке шалдыққан аналардан құралған мектеп. Онда олар бір-бірімен білгенімен бөліседі, үйретеді. Ал біздің бірлестік аталған алаңда қозғалған мәселені қоғам назарына ұсынады. Түрлі қайырымдылық шарасын ұйымдастырады. Жиналған қаржы өз орталарынан сайланған бір адамға ғана беріледі. Әрі қарай қажетті дәрі-дәрмегіне, басқа да керегіне өзі үйлестіреді.
– Бүгінде жақсылық істің жаршысы, негізгі күші де – еріктілер екені белгілі. Ал, қоғамдық бірлестіктің демеушілері бар ма?
Қоғамда саналы түрде ойлай алатын, жүрегі мейірімге толы жандардың көбейгені біз үшін үлкен жетістік. Біздің мақсат демеуші тарту емес, айналамызды жақсылыққа жұмылдыру. Дегенмен, қол ұшын созуға әрқашан дайын тұратын қарапайым жандардан бастап, Константин Севцов, Ольга Севцова, Роман Цой сынды азаматтар мен «ТорғайПетролиум» басшылығы, «Қазпошта» ұжымын және қаладағы бірқатар кәсіпкерді айтуға болады.
– Биылғы еріктілер жылына нендей жоспар құрдыңыздар? Қандай жаңа жобалар жүзеге асады?
– Жақында «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыстық балалар ауруханасының ішінен инклюзивті ойын алаңын аштық. Алдағы уақытта осы үрдісті әрі қарай жандандырсақ деген ниеттеміз. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, тағы бірқатар орындар ашу жоспарымызда бар. Ал еріктілер жылы – ауызбірлік жылы болса дейміз.Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, артымызда із боп қалар бір жоба қалдырсақ екен.
Сұқбаттасқан Айдана Сейіл
14 қаңтар 2020 ж. 1 733 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 039 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам