Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚҰРМЕТТЕ АЛДЫМЕНЕН АТА-АНАҢДЫ

ҚҰРМЕТТЕ АЛДЫМЕНЕН АТА-АНАҢДЫ

    Бұл өмірде ең бақытты жандар – ата-ананың мейірімін сезініп, қамқорлығын көріп өскен жас ұрпақ. Өйткені, қазіргі қоғамда жылы сөздің өзіне зар болып жүргендер қаншама. Оны көз көріп, құлақ естіп те жүр. Қандай жағдай болмасын, жаныңнан табылып, жанашырлық танытатын әрине, ол – әке-шешең. Олардың демеу болғанының өзі бір ғанибет емес пе?! Алайда, бүгінде сол бақыттың қадірін ұғына білеміз бе? Ата-анамыз өздеріне тиісті құрмет төрінен көрініп жүр ме?
Осындайда «Қолдағы алтынның қадірі жоқ» деген тәмсіл еріксіз еске түседі. Қазіргі кезде ата-ана қамқорлығын аңсап жүрген жетімдер қаншама. Тіпті, олар таңға дейін терезе алдында телміріп, зарыға күтеді. Ал, әке-шешесі қасында жүргендер ата-ананың бағасына жете алмауда. Бұл – қынжылтатын жәйт. Дегенмен, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Өйткені, арамызда олардың орнын басар адам жоқ және болуы да мүмкін емес екенін түсінетіндер бар.
Қашанда қазақ үшін әке, ана деген сөздер өмірдегі ең асыл, ең қасиетті де қастерлі ұғым. Дегенмен, бүгінде бұл атауға сызат түскендей. Себебі, қазір қарттар мен жетімдер үйі көбейді. Сондай-ақ, ата-анасы мен өз баласынан бас тартқан тасжүрек жастардың саны артты. Бұл әрине, біз үшін қасірет. Өмірде қайырылмай кеткен баласын аңсап дүниеден өткен әке-шеше қайғысынан артық қайғы бар ма?! Осы ретте кемеңгер ойшыл Абайдың «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» деген сөзі еске оралады.
Қарап отырсаңыз, қарт кісілер кішкентай бала сияқты. Перзентінің мейірімі мен жылы сөзіне зәру. Олардың көңіліне қуаныш, жүзіне күлкі сыйлау үшін аспандағы айды алып беру қажет емес. Әрбір ата-анаға балаларының жылы сөзінің өзі жеткілікті. Бірақ, жастар десек өзімізге тиеді. Өйткені, солардың біріміз. Қазір көбісіміз әке-шешенің қадірін түсінбей тоңып емес, тойып секіріп жүрміз. Арамызда ол кісілердің ақылын тыңдамай, өзі болып толғандай өмір сүретіндер көп. Бір өкініштісі, баласына ата-ана тек ақша үшін ғана еске түсетіні жасырын емес.
   Алла Тағалаға құлшылық ету – адамдарға нақты үкіммен бұйырылған парыз, ата-анаға жақсылық жасау да сондай маңызды міндет. Сондай-ақ, ата-ана ақысын аяқ астына таптауға ешкімнің құқығы жоқ. Алланың ақысынан кейінгі ата-ананың ақысы Құран кәрімде былай баяндалады: «Сендерге Алланың нені харам еткендігін білдірейін. Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!» – деген аятта ата-ана ақысы Алланың ақысынан кейін айтылады. Сонымен қатар, күнәлардың үлкені – әке-шешеге тіл тигізу. Алла Тағаланың алдында ең сүйкімді істің бірі ретінде ата-анаға жасалған жақсылық екені баяндалады, – деді орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Бақыт Олжаев.
Бүгінде аймақта «Қамқорлық» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Ол жерде қилы тағдырға тап болған жандарды кезіктіресің. Орталыққа жол түсіп, барғанымда жанарына жас толып, терезеге телміре қараған егде тартқан келіншекті көзім шалды. Көңілі құлазыған, жүзі жабырқаулы жанды көріп қамықтым. Бұл әйелдің басына қандай тауқымет түсті екен деп іштей күрсіндім. Жанын жегідей жеген қандай мәселе екен деп жанына жайғастым. Дегенмен, сөз бастауға батылым жетпей біраз үнсіз отырдым. Сөйтсем, жалғыз ұлынан зорлық-зомбылық көрген бейбақ ана екен. Сол үшін амалсыздан осында келген.
– Дағдарыс орталығы өмірдің түрлі жағдайына тап болған жандарға қол ұшын беруге әрдайым дайын. Мәселен, осыдан үш-төрт жыл бұрын мұны халық бірден қабылдаған жоқ. Өйткені, бұл біздің менталитетке жат еді. Бірақ, қазіргі кезде заман талабына сай ақпараттың қолжетімділігінің арқасында ұжым жұмысын оң бағалап, келушілер саны артуда. Қазіргі кезде халық өз құқықтарын білуге, өз-өзін қорғауға көшті. Өкінішке орай, өмір болған соң адамдар түрлі оқиғаларды бастан кешеді. Оның ішінде аналардың, қыз-келіншектердің тағдыры бізді қатты алаңдатады. Сондықтан қол ұшын созу үшін бар күшімізді салудамыз, – деді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.
Расында, кейде олардың қадірін кеш түсінеміз. Себебі, бүгінде қаншама перзент өз әке-шешесінен безіп жүр. Алайда, олар ата-анаға не істесең алдыңа сол келер деген даналықты ескермей жүрген сияқты. Орталық директорының айтуынша, мұнда соңғы кездері тек әйелдер ғана емес, көмек сұрап келетін ер азаматтар қатары да көбейген.
Бала күнімізде үлкендер «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас» деген тәмсілді жиі айтушы еді. Бірақ, ол кезде оның астарына терең бойлап, мәнін түсінбейтінбіз. Десе де, қазір осындай даналық сөздердің қалай тауып айтылғанына қайран қаласың. Өйткені, ананың ақ сүтін, әкенің ақылын ешкім де саған бере алмайды. Олардың орнын баса алмайды. Тек соны дер кезінде түсініп, асылдарымызды құрметтей білсек болғаны.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
21 желтоқсан 2017 ж. 3 212 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам