Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Еріктілердің еңбегі ерен

Еріктілердің еңбегі ерен

   Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев өзінің бір сөзінде «Жас ұрпаққа қамқорлық, оның бүгіні мен болашағына қам жеу мемлекет саясатының басты мағынасы» деген еді. Сондықтан әрбір жастың сапалы білім алып, қызмет жолын қалыптастыруына, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасалған.
Бүгінде елдегі халық санының үштен бір бөлігін құрайтын жастар қауымының көзі ашық, көкірегі ояу. Олардың болашаққа деген мақсат, міндеттері айқын. Әсіресе, уақытын жоспарлай алатын, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренетін жастардың өсіп келе жатқандығы қуантады. Осы орайда 2019 жылдың жастар жылы деп жариялануы олардың белсенділігі мен патриоттығын пысықтауға, өмір белесіндегі орны мен озығын түгендеуге негіз болды. Соған сәйкес түрлі іс-шаралар өткізіліп, оларды қолдау бағытында түрлі бағдарлама әзірленді. Жыл соңында бұл бағытта атқарылған жұмыстар сарапқа салынып, қорытындыланды.
Биыл – еріктілер жылы. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің түсінігімізде еріктілер ұғымы қалыптаспаған еді. Соңғы 2-3 жыл көлемінде қоғамға өз пайдасын тигізгісі келетін, ол үшін ешбір ақы сұрамайтын еріктілер қауымы пайда бола бастады. Олар аты айтып тұрғандай өз еркімен қоғамға қызмет ететін жандар.
Елімізде жалпы волонтер ұғымы 2010 жылдан бастау алады екен. Сол уақытта «Ұлттық еріктілер желісі» құрылып, жұмысын бастаған. Мұндай бастамаға негіз болған азаматтар түрлі семинар-тренинг, оқыту курстарын өткізіп, жан-жақты хабарландыру арқылы кең ауқым алуына да жағдай жасаған. Ал, алғашқы нәтижелі істі желі сарапшылары Атырау қаласында ұйымдастырған. Ондағы «Теңізшевройл» мұнай өндіру компаниясы қызметкерлерінен жасақталған топ сол аймақтың әр түрлі санаттағы тұрғындарына көмек берген. Бұл бағыттағы шаралар еліміздің өзге аймағында да көрініс тапты.
Бүгінде қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілер қатары жыл санап артып келеді. Әсіресе, олардың басым бөлігін жастар құрайды. Зерттеулерге сүйенсек, әлемде 900 миллионнан аса адам осы қатарда екен. Былтыр Қостанай қаласында өткен Қазақстан-Ресей жастарының кезекті форумында «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынады. Бұл ұсыныс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қолдау тапты.
– Мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Сондықтан сіздердің келесі 2020 жылды «Еріктілер қозғалысының жылы» деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз, – деген еді ол өз сөзінде.
Қазіргі таңда еріктілер қоғамның қозғаушы күшіне айналған. «Көп түкірсе, көл болар» демекші, мейірімді жандардан құралған топтың мақсат, міндеті – көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру, қайырымдылық жасау. Қайырымды іс жасауда Сыр жұртшылығы да қалыс қалған емес.
– Енді еріктілер қозғалысы дамудың жаңа кезеңіне өтеді. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен биыл жастар жылының жалғасы ретінде «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Жастармен бірлесіп, түрлі бағытта іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Әсіресе, «Bilim», «Saylyq», «Sabaqtastyq», «Taza Qazaqstan», «Asyl mura», «Qamqor», «Umit» бағыты бойынша тың бастамаларды жүзеге асырсақ дейміз. Сондай-ақ, «Жомарт жүрек» жобасы аясында мүгедектерге, қарттарға, жетімдерге, жалғызбасты және баспанасыз адамдарға көмек көрсету мақсатында «Студенттік бастама» еріктілер қозғалысын құрып, жас волонтерлердің базасын жасақтамақпыз. Қазіргі таңда орталық жанынан құрылған еріктілер мектебі бар. Онда 90-ға жуық жас қайырымдылық шараларына белсене араласады, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Бауыржан Мәстеков.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылорда топырағыда жүрегі жомарт жаннан кенде емес. Иә, өмір болған соң адам басында небір жайттың орын алатыны бар. Бірі туғанынан көмекке зәру болса, ендігісі тағдыр тауқыметіне түсіп жатады. Мұндай сәтте бір ауыз жылы сөздің өзі жанға шипа болары сөзсіз. Қоғамда өз орныңның, айналаңда игі жақсылардың барын сезінудің өзі оларға үлкен демеу. Осындай ізгілікті істің ұйытқысы ретінде «Жомарт» қоғамдық бірлестігін айтуға болады. Бүгінде онда жомарт жүрек кәсіпкерлерді қоспағанда, қарапайым жандардан құралған 50-ден астам ерікті бар.
– Мен еріктілер қатарына 2017 жылы қосылдым. Алғаш сал дертіне шалдыққан балаларға арналған қайырымдылық шарасына қатыстым. Содан бері бұл менің ерікті түрде жасайтын тірлігіме айналды. Кейін Майя Наримованың «Жомарт» қоғамдық бірлестігіне кірдім. Сол арқылы қоғамдағы қиыншылық пен оны жеңуге талпынған қайсар рухты жастарды көрдім. Адам өмірде түрлі сынаққа түссе, шытырман шеңберден шығуда қоғам қамқорлығының маңызы зор. Қазақта сауап деген сөздің мағынасы қаншалықты терең болса, біздің борышымыз мейірімнің, жанашырлықтың негізі, – дейді ерікті жас Ақмарал Сермахан.
Татулығы мен бірлігі жарасқан халқымызда «асар» деген де ұғым бар. Ел арасында қалыптасқан үлгілі үрдісті бүгінгі еріктілер қауымының тірлігімен ұқсас деуге болады.
Айдана СЕЙІЛ

06 қаңтар 2020 ж. 1 092 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам