Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Асқарбек Есжанов: Жүрекпен сезіну мейірімге бөлейді

Асқарбек Есжанов: Жүрекпен сезіну мейірімге бөлейді

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқарбек Есжанов: Жүрекпен сезіну мейірімге бөлейді

   Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев «Біз әлемдік мәдени құндылықтармен үндес жаңа заманғы қазақтың озық мәдениетін қалыптастыруымыз керек» деген еді. Өскелең ұрпақтың ата-баба дәстүрін, ұлттық құндылықты бүгінгі болмыспен байланыстырудағы маңызына айрықша тоқталған. Бүгінде бұл мақсатта түрлі бағдарлама әзірленіп, ұлттық кодты сақтаудың жөн-жоспары айқындалған. Ал оны жүзеге асыру мәдениет саласымен тікелей байланысты. Осы орайда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқарбек Есжановпен кездесіп, атқарылған жұмыстарды бағамдап қайтқан едік.

  – Асқарбек Темірбекұлы, өткен жылды қалай қорытындыладыңыз? Ауыз толтырарлық қандай жұмыс атқарылды?
     – Қала мәдениетін дамыту, оны Тәуелсіз еліміздің жастарының сұраныс деңгейіне көтеру, таланттарды насихаттау,  шаһардың мәдени-рухани жаңаруы –біздің басты мақсатымыз. Өткен жылды өз деңгейінде қорытындыладық деп ойлаймын. Жоспарға сай барлық шаралар жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Өздеріңізге белгілі, 2019 жыл Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Жастар жылы» деп жариялады. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын шықты. Соған сәйкес мақалада айтылған ұлттық ділімізді дәріптеу, жастарды руханиятпен сусындату бағытындағы шараларға басымдық берілді. Ұлттық болмысты ұлықтаған «Бұрымды ару» бағдарламасы, республикалық жас ақындар айтысы,  «Сырдағы сұхбат» атты кездесу кеші, «Ізет. Иба. Парасат» атты ене мен келіндер арасындағы қалалық байқауы өткізілді. Бұдан өзге түрлі қалалық жыр мүшәйрасы, спорттық байқаулар, танымдық кештер, өнер сайысы, жыр марафондары т.б өтті. Мұның барлығы өскелең ұрпақтың санасына рухани құндылықтарды сіңіру,  ата-баба дәстүрін тереңінен ұғындыру, мәдениеттілікті қалыптастыру мақсатында жасалды. Біз осы арқылы жастар арасында ұлттық мәдениеттің қадір-қасиетін ұғындыра алдық деп ойлаймын.
­  – Мемлекет басшысы алғашқы Жолдауында мәдениет саласына баса көңіл бөліну керектігін айтқан. Нақты тапсырмалар жүктеді. Сала қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жеңілдіктер беріледі деген еді...
– Иә, дұрыс айтасыз. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өзінің  халыққа арнаған алғашқы Жолдауында осы салада жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбегендігін атап өтті. Сол себепті лайықты мамандардың келмейтініне баса назар аударды. Енді биылдан бастап Президенттің тапсырмасына сәйкес мәдениет қызметкерлерінің  жалақысы көбейді. Міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілетін болды. Әрине, бұл мәдениет саласына үлкен бір серпін болды. Қызметкерлердің де көңіл-күйі көтеріліп, жұмысқа деген құлшынысы артқаны байқалады.
– Мәдениет саласында тек әнші, әзілкештердің үлесі басым сияқты көрінеді. Руханиятты дәріптеуде бір күндік шара, байқау, party-дан басқа не істеуге болады? Осы салада қолтаңбаңыз қалатындай не жасар едіңіз?
   – Әзілкештер мен әншілердің үлесі басым деп айтуға болмайды. Еліміздің мәдениетін тек осы жанрдың мамандарымен бағалау дұрыс емес. Әрине, олардың да еңбегі орасан. Жалпы, мәдениет екіге бөлінеді. Рухани және материалдық. Осы ретте, екі тармақты бірдей қамтамасыз ету және өскелен ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз. Халық сахнаға шыққан әртісті ғана көргенімен, сахна артында қаншама мәдени қызметкерлер тер төгіп, адал еңбек етіп жүргенін байқамайды. Сіз айтып отырған бір күндік шараға қанша күн дайындалатынын ескергенміз жөн. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында байқаулар мен фестивальдің, ұлттық құндылықты дәріптейтін кештің, айтыс, ұлт руханияты дәріптелетін дөңгелек үстелдің алар орны ерекше. Қазақ тарихында айшықты орын алатын ұлы ғұламалардың даталы күндері де қазақ руханиятын ұлықтаудың бір бағыты. Барлық мәдениет қызметкерінің мақсаты осы. Өткізілетін іс-шараның көбісі белгілі бір аудиторияға арналып жатады. Онда көбіне көпшіліктің «өз көрерменін» тарту мәселесіне, жастардың заманауи үлгідегі шараларында ұлттық мәдени құндылықтарға да басымдық беруге тырысамын. Қай салада болмасын кез келген басшының өзіндік қолтаңбасы қалатын шығар. Маған осы саланы басқаруға сенім білдірілген соң, сол үмітті ақтауға бар күш-жігерімді саламын. Бағаны мен емес уақыт өте келе халық бере жатар.
    – Мәдениет пен өркениет егіз болғанымен, бірге өмір сүре алмайды деген ұғым бар. Адамзат өркениетке қадам басқан сайын мәдениет жұтылады дейді. Шығармашылық адамы, мәдениет маманы ретінде бұған не айтасыз? Жаһандану дәуіріне ұлттық құндылығымызбен бірге енудің жолы қандай?
        – Өркениеткеқадам басқан сайын мәдениет жұтылады деген пікірге мен келіспеймін. Жаһандану мәселесі көтерілген сайын ұлттық құндылықтарға, өнерге, мәдениетке, тілге аса ден қойылып келеді. Әлбетте, жыл өткен сайын мәдениеттің тамырын ұлттық құндылықтармен байланыстырып, олардың шығу тегін зерттеуге деген қызығушылық өсуде. Бұл бағытта, ұлттық бірегейлікті сақтап қалудың ең ұтымды жолы – жас ұрпақтың бойында ұлттық руханилықты дамыта отырып, мәдени-эстетикалық тәрбие беру. Ол үшін ұлттық мақтаныштың кешегі тарихи тұғырларымен бірге бүгінгі тіректері де болуы шарт. Санамызды, мәдени келбетімізді қалыптастыруда тікелей әсер ететін көшеден, теледидардан күнделікті сан мың рет көретін шетел­дік жарнама, телехабар, фильм, жаңалықтар, т.с.с. әсер етуде. Десек те, кейінгі жас буын, яғни, жаһандану дәуірі  өкілдерінің адамзат мүддесін көздейтін мәдениетті қабылдамауы мүмкін емес. Біз осындай сындарлы көзқарас ұстану арқылы мәдениетіміздің дұрыс бағытта дамуына ықпал ете аламыз. Өткен ғасырдың тыныс-тіршілігінен де, оның озық мәдениетінен де оқшауланбай, мұның бәрі заңды құбылыс екенін түйсіне отырып, қоғам мүддесіне сай тұстарын креативтік көзқараспен қабылдау керек.
        – Ал сіз  креатив ұғымын қалай түсінесіз?
        – Креативтілік – айрықша идеяларды ойлап табу, оны іске асыру, түрлі ситуациялық жағдайларды интеллектуалдық тұрғыда шешу, заманауи көзқараспен қабылдау. Жаһандану дәуірінде қоғамның жаңа талап, тілектері мен әлеуметтік сұранысын қамтамасыз етуде креативті жастардың идеясы өте маңызды.
    – Биыл республика көлемінде Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150, А.Құнанбаевтың 175, Алтын Орданың750 жылдығы сынды бірқатар маңызды мерейтой аталып өтеді. Оған қаланың дайындығы қалай? Ысырапшылдық болмайды ма?
   – Қала бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Ақпан айында  «Алтын Орданың» 750 жылдығына орай ұлы ақын А. Құнанбайұлының 175 жылдығы мен ғалым-философ Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала ұлағаты» аттыреспубликалық ақындар айтысы бастау алады. Сондай-ақ, жыл көлемінде бірқатар шараны ұйымдастыру жоспарлануда. Оның ішінде  Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Абайды оқы, таңырқа...» облыстық байқауы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл, Абай Құнанбаевтың туылғанына  175 жыл толуына арналған «Көзімнің қарасы...» атты өзге ұлт өкілдері арасындағы облыстық  сайыс, «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» облыстық жыр мүшәйрасы, «Желсіз түнде жарық-ай» ашық  аспан астындағы жастардың ойын-сауық бағдарламасы, «Абай деп соққан жүректер» облыстық ән байқауы және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Жеңіспен жеткен – көктем» атты  соғыс жылдарындағы әндерді орындаушылардың облыстық байқауы өтеді.  Алтын Орданың 750 жылдығы орай жас ғалымдар арасында республикалық  интеллектуалдық  сайыс,  облыстық жазба ақындардың мүшәйрасы және ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылады. Сонымен қатар, өнер фестивалі, шығармашылық кештер, концерттік бағдарламалар және  мемлекеттік мерекелерге және атаулы күндерге арналған шаралар жоспарда бар. Бұл жоспар бекітіліп, алғы шарты белгіленген. Әсірешілдікке және ысырапшылдыққа жол берілмейді.
    – Абайды оқисыз ба? Қай шығармасын жатқа білесіз?
  – Хакім Абайдың өлеңдері мәңгілік рухани мұра деп айтуға болады. Оны қай жаста да қайыра оқу артық етпейді. Жас деңгейіне қарай оқыған сайын философиялық  мән-мағынасын тереңдеп ұғына түсесің. Әр жаста өзгеше ой салады деп ойлаймын. Абай ол – адамзаттың рухани айнасы, қоғам қайраткері. Абайдың қара сөздерінде ақыл мен қайратты бағындырған жүрек мәселесі көп қозғалады. Дүниені жүрекпен сезініп, адамдардың бір-біріне қамқорлық танытуы айналаны мейірімге бөлейді. Мейірім ортайған мына заманда Абай өлеңдерін жастар санасына сіңірудің маңызы зор болмақ. Ұлы ақынды оқу арқылы жүрек көзін аша білген адамның айналасымен қатар, қоғамға да тиер пайдасы арта түсері анық. Абайдың «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» деген үш поэмасын, 45 қара сөздерін және прозалық шығармаларын оқыдым. Бала кезімізден біраз шығармаларын жатқа білеміз. Осы жерде айта кеткім келіп отыр, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай аудандық байқауда Абай әндерін орындаудан жүлделі орын алғанмын.
  – Сіздің ақындық қырыңыз барын білеміз. Шығармашылықпен әлі де айналысасыз ба? Нендей жаңалығыңыз бар?  
    – Негізі мен өзімді ақынмын деп санамаймын. Алайда, арасында қолыма қалам алып, әртүрлі тақырыпта қалам тербейтінім бар. Негізі өзім өлеңге, поэзияға, өнерге құмар жанмын. "Өлең – адамның көңіл күйінің көшірмесі" деп жатады. Жүректерді тербеген сәтте шығатын толғаныстарды, жан дүниеңдегі болып жататын төңкерісті, айналаңды қоршаған сұлулық пен әсемдікті көргендегі сезімді қағаз бетіне дер кезінде түсіргің келеді.  Әлбетте, табиғатты жырламаған, туған жерінің топырағын, өзен-суын, тау-тасын жырына қоспаған ақындар да кемде-кем. Осындайда шығармашылық адамы үшін әдеби ортаның қалыптасуы маңызды екені байқалады. Менің түсінігімде ақынның айналасы кең болуы керек. Шығармашылық жандардың арасында достық, шығармашылық байланыс болу керек деп ойлаймын.
          – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдана СЕЙІЛ

01 ақпан 2020 ж. 2 623 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 13 922 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам