Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жұмабек АҚҚҰЛОВ: ЖЫРАУЛЫҚ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ КЛАССИКАЛЫҚ ӨНЕРІ

Жұмабек АҚҚҰЛОВ: ЖЫРАУЛЫҚ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ КЛАССИКАЛЫҚ ӨНЕРІ

  Сыр өңірі – өнер дәулеті қонған киелі топырақ. Заманында мұнда небір даңғайыр жыраулар өмір сүрді. Сол өткен мен бүгінді жалғап, оны жастар санасында жаңғыртып жүрген өнер жанашырларының бірі – республикаға белгілі жырау Жұмабек Аққұлов. Асыл мұраны дәріптеген ағамызбен бабадан қалған текті өнер төңірегінде аз-кем әңгімелескен едік.
– Жанға қорек, елге керек өнердің өкілісіз. Әңгімені өмір жолыңыздан бастасақ...
– Жастайымнан сол өнердің қайнаған ортасында өстім. Жалағаш ауданы – Сыр сүлейлерінің үлкен бір шоғыры шыққан қасиетті жер. Сондағы Мәдениет ауылында дүниеге келдім. 1971 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың музыка және ән бөлімін бітірдім. 1994 жылға дейін Жалағаш ауданында балалар музыка мектебінде оқытушы, директор, аудандық оқу бөлімінде әдіскер болып қызмет атқардым. Осылайша, еңбек жолым мәдениет саласынан басталды.
– Жетпісінші жылдар – облыс өнері тарихында арнаулы балалар музыка мектептері ашылған уақыт ретінде қалды. Оқытушылық қызметіңізбен тұспа-тұс келген осы кезең туралы айта кетсеңіз.
– Қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген, ұстаз, композитор, дирижер Мүлкаман Сүлейменұлының шәкіртімін. Бұл күнде өнер әлеміне танымал болған көптеген шәкірттері елімізде және шет елдерде абыройымызды асқақтата көтеріп, дүниежүзі мәдениетіне үлес қосуда. Уақыт пен өмір өлшеулі екенін ойға алғанда «Елім дейтін ұл болса, ерім дейтін халқы бар» деген аталы сөз еске түседі. Тұңғыш өнер мектептерінің қалыптасуына белсене араласып, облыс мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқан алғашқы қарлығаштар қатарында болғанымды мақтан тұтамын.
– Жұртшылық сізді «Алтын арай» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі ретінде де таниды...
– Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ мәдениеті мен әдебиеті жаңа белеске көтерілді. Осы жылдары біздің ауданымыздың да рухани өмірінде сілкініс болды. Алпысыншы жылдардың соңында, нақтырақ айтсақ, 1969 жылы Жалағаш аудандық мәдениет үйі жанынан «Алтын-Арай» ән-би ансамблі құрылып, аз уақытта оның атағы республика көлемінде әйгілі болды. Ол кезде ауданда үлкен рухани орта бар еді. Ансамбль құрылған жылы көркемөнерпаздар ұжымдарының облыстық байқауында жеңімпаз атандық. Сөз жоқ, сол кездегі ансамбль құрамындағы өнерпаздар нағыз өз саласының майталмандары екенін көрсетті. «Алтын-Арай» 1976 жылы Алматы қаласына екі рет өнер сапарымен барып, астана жұртшылығына 10 рет концерттік бағдарламасын ұсынған.
– Өнер ұжымының құрамында кімдер болды?
– Ол кезде басқа аудандарда мұндай үлкен өнер ұжымы жоқ еді. Облыс көлемінде «Сыр Сұлуы» ән-би ансамблінен кейін құрылған осы – «Алтын-Арай». Ансамблдің алғашқы құрамында Ақназар Бектасов, Садық Оспанов, Иосиф Цой, Әбутәліп және Раушанбек Салмановтар, Қазақбай Мәжитов, Бақыт Айлауова, Төлеш Жүсіпов, Әлиакпар Өткелбаев, Халық Сабытов, Төлеген Тасбергенов, Темір Жүсіпов, Бектас Жапақов, Кеңес Серәлиев, Төлеш Жүсіпов, Төлепберген Тасқараев, Оразкүл Тасбергенова, сондай-ақ, ансамблдің екінші буынында менен өзге Жұма Данилов, Қали Ыбыраев, Әбдімәлік Сыздықов, Рәш Отызбаева, Құдайберген Бекіш, Анатолий Дойнов, Сәуімбай Шегебаев, Фарида Глазова, Тойған Қалжекенова және тағы да басқа талантты өнерпаздар өнер көрсетті. Сондай-ақ, Зордан Салықбаев, Жақсыбай Сарбалаев, Мәлік Аяпов секілді ақындар да ансамблдің шығармашылық құрамында болды.
– Қазақтың жыраулық дәстүрі сынды өлмес өнерін насихаттау бағытында 1955 жылдан бері еңбектеніп келесіз. Әңгіме ауанын осы тақырыпқа бұрсақ...
Әрине, біз дәстүрлі өнерді насихаттап, ата-бабадан қалған өсиетті, өнегелі сөздерді тірілтіп, елге жеткізіп жүрміз. Бұл қазақтың қанында бар өнер, оның жарнамасы аздау болып жатқан шығар. Осы мақсатта 1840 жылдарда жазылған Сайыпназар ахунның «Мұхаммед-Ханафия» дастанын, халық ауыз әдебиетінің 100 жылдығына арнап өз орындауымда ноталық жазбасын күйші Төлепберген Тоқжанмен бірлесе отырып баспаға ұсынғаным бар. Сол секілді көне мұраларды жүйелеп, жұртшылыққа ұсыну арқылы қайта жаңғырту жағы әлі де ұқыптылықты қажет етеді.
– Жастар көбіне сөзі де, сазы да жанды баурай қоймайтын арзан әндер мен уақытша дәуірі жүріп тұрған әншілерге әуес. Жыр-термеге құлқы жоқ, неге?
Бұл жағынан жастарға кінә артуға болмас. Талғамы әлі қалыптаса қоймаған жастарды жыр-термелерді тыңдай білуге баулу да үлкендердің міндеті. Негізінде, олар жыршы-жырауларды көздерімен көріп, Тұрмағамбет, Нұртуған, Балқы Базар сияқты бабалардың өсиет-нақыл сөздерін тыңдаса, оған деген қызығушылығы артады. Жастар жырды естісе, ата-анаға, бауырға, жалпы адам баласына деген мейірімі, аяушылығы оянар еді. Себебі, өсиетті жай ғана сөзбен біреуге айтсаң, ол жүре тыңдауы мүмкін. Ал осыны мақамға салып айтсаң, тыңдаушы оған қалай ұйиды дейсіз.
– Жалпы, жыр-термелерді таспаға түсіру жағы қаншалықты жолға қойылған?
– Қалай болғанда да, бұл жағынан дәстүрлі өнерге мемлекет тарапынан қамқорлық та, күнбе-күн жарнама да аз емес. Жастарға күнде осындай дүниелерді тыңдатса, біртіндеп оның мәнісін түсіне бастайды, мақамдары баурап әкетеді. Содан кейін олар да жатырқамайтын болады. Қазақтың салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, жөн-жоралғысы бәрі осындай жыраулардың жырларында тұнып тұр. Қазақтың рухын өлтірмей келе жатқан жыр-термелерді идеологиялық құрал ретінде пайдалана білсе ұтылмайды.
– Әйгілі «Шаһнаманы» таспаға түсірген 23 жыраудың бірісіз. Мұндай үнтаспалардың қатарында тағы қандай туындылар бар?
– Бір ғана Тұрмағамбет мұраларын насихаттау мақсатында жыраудың 400-ден астам туындысын таспаға жаздырып, 23 сағаттық дискі жасадым. «Қайталанбас дауыстар», «Сыр әуендері», «Сыр саңлақтары» және тағы да басқа жинақтарға шығармаларым енді. Менің жыр қоржынымда талай дүниелер бар. Дегенмен, ең алдымен мақамның сақталуына мән бердім. Себебі, бір мақам ұмыт қалса – бір жырау тарихтан өшеді. Жоғалған мақамды таба алмайсың.
– Сіздің ел арасына танылуыңызға да Тасберген жыраудың «Маңырамасын» ерекше шеберлікпен орындауыңыз әсер етті деп жатады. Мақамның мәні не өзі?
– Жыраулық дәстүрдің мақам-саздары поэзиядағы ақындық дарын, дауыс тембріндегі көмеймен, таңдаймен, көкірек пен көмейді байланыстыра айтудағы орындаушылық ерекшеліктер, аспаптағы қағыстық, құрылымдық, пернелік, әуендік орындаушылық ерекшеліктер, орындаушылық дәстүрлердің үндестігінен туған. Осы орайда мақамның да түрі жеткілікті. Мемлекеттік қолдау жасалса, арнайы жоба аясында мың түрлі жыр мақамын табуға болады. Дегенмен, қазір қолға алған жұмыстарымның бағыты басқа.
– Қазіргі қай бағытта еңбектеніп жүрсіз? Жыр сүйер қауымға жаңалығыңыз бар ма?
– Қазіргі уақытта «Жұртымнан жыр жинадым» деген атпен тағы бір кітабым облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жарық көрмек. Жыраулық қазақтың ұлттық классикалық өнері. Жыршы-жыраудың әрқайсысының көкірегі толған қазына. Сондықтан жаңа кітапқа өңірдегі 300-ден астам жыршы-жырауларын топтастырдым. Олардың қатарында өткен ғасырда жасаған, бүгінге дейін есімі елеусіз қалып келген жыраулардан бастап, бүгінгі таңда үлкен өнерде өз қолтаңбасын қалдырып үлгерген жас орындаушыларға дейін түгел қамтылған.
– Бұл еңбекті жазуға не түрткі болды?
– Өңірде өнер академиясы құрылатыны ең алдымен дәстүрлі өнерімізге тың серпін әкелген жаңалық болғаны белгілі. Кітап – сол игі істің бастамасы. Іргесі қаланбақ жаңа өнер ордасы үшін әдістемелік оқулық ретінде жарайтын жинақ жасауды мақсат еттім. Кітап жазуда тек осыны негіз етіп алдым. Зерттеуге деген ынтам болды. Оған қоса, жыр-терме орындаушысы болғаннан кейін аймағымыздың қазіргі дәстүрлі орындаушыларын жақсы білемін. Тек ерінбей осының бәрін қағазға түсіру керек болды.
– Әңгімеңізге рахмет!
                                                                                        Сұхбатты жүргізген Биболат Сәтжан
12 маусым 2018 ж. 2 978 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам