Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » КӨҢІЛДІҢ ГҮЛІ, КӨЗДІҢ НҰРЫ

КӨҢІЛДІҢ ГҮЛІ, КӨЗДІҢ НҰРЫ

  Кішкентайымызда анамыз жылы жүзімен мейірімін төгіп, махаббатын нұр тұнған жүзімен ғана сездіретін. Оның қараған бір көзқарасынан-ақ ананың балаға деген өлшеусіз сүйіспеншілігі төгіліп тұратын. Ал, әкеміз маңдайымыздан сүйіп, жәй ғана емеурін танытушы еді. Кейде сағынып келіп, еркелете қалса, әжеміз: «Емешегің үзілмесін. Үлкен тұр екен-ау демейсіңдер. Біз барда сендерге бала қайда?» деп ойын-шыны аралас жекіп тастайтын. Ондайда әкем жеңілген кейіп танытып, кінәлі адамдай тыпыршып қалушы еді. Ал, ештеңенің мәнісін ұға бермейтін біз сол кезде әжеміздің бұл қылығын аса жақтыра қоймайтынбыз. Шамасы, әкемізге бүйрегіміз бұрып тұрса керек. Бірақ, асқартауымыз кейде қабақпен тәрбиелеп, көзбен қорқытқанда, сол ата-әжеміздің қойнын барып тасалаушы едік. Иә, отбасында әкенің тәрбиесінен асқан мектеп жоқ. Аракідік балалыққа салынып, шеттен шығып жатсақ, бізді бір көзқарасыменен-ақ орнымызға қоятын. Сондағысы баласының шаңырақта әйтеуір бір адамнан «тәйт» көрсін дегені болса керек. Кішкентайынан тыйым көріп өскен жастың жаман болмасы анық қой. Орнымен айналып-толғанады, ал қажет болса қамшының ұшымен иіргендей темірдей тәртіпке салатын. Осындай тәрбие көргендіктен шығар, ешбір жерде орынсыз қылық көрсете қойған жоқпыз. Жалпы, отбасындағы тәрбиеде балажанды қасиеттің де өз орны, өз шама-шарқы бар екенін өмір тәжірибесі дәлелдеп келеді. Расында, адамзат баласы үшін дүниеге ұрпақ әкелу – міндет болса, оны салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеп, бойына адамдық қасиеттің асыл дәнін еге білу – одан да үлкен міндет. Аузы дуалы текті халқымыздан «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бестен әрі онымен досыңдай ақылдас» деген өте тағылымды тәмсіл қалған. Осы екі-үш ауыз сөз бала тәрбиесінің тұтас философиясын өн бойына жиып тұрғандай. Шынымен де, алғашқы мүшел жасқа енгенше бауыр етіңді өзіңе жәрдемші етіп, тіршілікке икемдеудің еш айыбы жоқ. Тіпті, қай іске болмасын, жаныңа ертіп жүріп, кез келген нәрсенің қыр-сырын меңгертудің зияны болмақ емес. Керісінше, болаттың майданда шынығатынындай, бала көрген сайын, істеген сайын ысылып, пісіп-жетіле бастайды. Ал, балиғат жасқа аяқ басқанда онымен сырласып, азамат ретінде түрлі жағдайға оның көзқарасын да назарға алудың еш әбестігі жоқ. Мұндайда бала кез келген нәрсеге танымдық тұрғыдан сауатты ұрпақ ретінде парасат-пайымын еркін білдіруге дағдыланады. Кейбір ата-аналар «Өзіміздің көрмеген, білмеген нәрсемізді осылар көрсін, осылар ішіп-жесін. Қу тірлікте бала үшін деп жанталасып жүр емеспіз бе? Кезінде өзіміз мұндай қызық көруге мүмкіндігіміз болмады» деп баланың сұрағанын беріп, бетінен қақпай жатады. Дұрыс қой, тапқан-таянғаныңды балаңның қуанышына шашқанға не жетсін? Десек те, бөбегінің ертеңін саналы түрде ойлайтын кез келген ата-ана бұған да шекара қоя білуі тиіс. Себебі, отбасында «тәйт» көрмей, бетіне үп етіп жел тимей өскен бала ертең өзімшіл, менменшіл болмайтынына кім кепіл? Үлкеннің бір ауыз сөзіне тоқтамай, өзім білемге салынатын баланы қазақ ежелден «бетпақ» деп көңілге жайсыз атау берген. Кішкентайынан қайыру көрмеген өреннің анаған да, мынаған да бір жармасып, сүйкімін кетіруі сондай көргені аз тәрбиенің кесапаты екені сөзсіз. Басқа теуіп, тасқа шапқан мұндай жастың болашақта да қоғамға сіңісіп, қадірлі жанға айналары да екіталай. Оны ынта-ниетіне қарай қоғам өзі сұрыптап алары анық. Тіпті, қазіргідей жастардың еліктеуі белең алған заманда отбасында балаға бір «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмаса, сол қиын...Әйтсе де, үйдің базары, өмірдің ажары – балақайларды ата-аналық мол мейірім-шапағатқа бөлеп өсіру де маңызды. Бірақ, өз орнымен. Шәйға тәтті дәм берер қантты шамадан тыс қосып жіберсеңіз де, тіліңіз уылып, беймаз күй кешесіз ғой. Бала тәрбиесі де дәл осындай қант секілді. Бәрі мөлшермен. Сонда тіліңіз де, аузыңыз да күймейді...

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.


28 қараша 2017 ж. 2 135 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам