Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Директор. Продюсер. Жетекші

Директор. Продюсер. Жетекші

Бір басында бірнеше қызметі бар бауырымыз Мәскеудің маңдайалды азаматының бірі. Қазір ол Ресейдің ең ірі музыкалық каналы – «Муз ТВ»-ның бас директоры. Бұл - Арман Дәулетияров еді.
Арман Елубайұлы 1970 жылдың 12 тамызында Орынбор облысы Тамар Өткел ауылында дүниеге келген. 14 жасында Мәскеуге көшіп барған. Алғашқыда "The Эфир" жобасына қатысып, шоу-бизнеске бет бұрады. Бұған қалай келгенін өмір жолынан іздеп көрелік.
Арман мектеп табалдырығын аттаған жылы аға-әпкесі қалаға оқуға кетеді. Білімге құштар оқушы Арманның болашағынан мұғалімдер де үлкен үміт күтеді. Арман он үш жасқа толғанда әкесі Елубай дүниеден өтеді. Бар салмақ үйдің кенжесі мен анасына түседі.
Анасы таңмен таласып жұмысқа кетеді. Ал Арман сабағына дейін малға жем-шөбін беріп, бар жұмысты жайғастырып қояды. Осылайша анасына қолқанат ол сегізінші сыныпты аяқтаған жылы Мәскеуге оқуға апаратын болып бірауыздан шешім қабылдайды. Ағасы қасында, бауырының болашағы жарқын болатынына сенім ұялатқандай еді.
Мәскеуде тұрғылықты тіркеуі болмағандықтан, өзі қалаған заң оқуына түсе алмайды. Амал жоқ, кәсіптік-техникалық училищеде оқуынатура келді. Содан кейін Мәскеу инженерлік құрылыс институтына құжат тапсырады. Арада екі жыл өткен соң әскерге шақыртылып, азаматтық борышын Венгрия мен Бакуде өтейді. Әскерден келген бойда оқуын Мәскеу заң университетінде жалғастырады. Бертін келе бұл саланың да өзіндік қиындығы барын түсініп, ағасының ақылымен сырттай бөлімге ауысады. Сол уақытта өзі бұрын оқыған оқу орнында заң және арнайы технологиялар бағыты бойынша сабақ береді.
«Сол кезде менде бір ғана қара костюм, шалбарым болды. Соны тастамай күнде киетінмін. Күн сайын студенттерге бес-алты дәріс оқимын, кешке оқуыма барамын. Оған қосымша бір компанияда жұмыс істедім. Мұның бәрі маған үлкен тәжірибе болды. Әртүрлі адаммен жұмыс істеуді үйрендім» дейді Арман Елубайұлы.
«Сабақты ине сәтімен» демекші, оның жолы болғыш екен, бәрі кездейсоқ оқиғадан басталды. Оның шоу-бизнестегі жолын «А-Студио» тобы ашты. Сол кезде бұл топқа атақты Алла Пугачева қамқорлық танытатын. Продюсер, әнші Батырхан Шүкеновтен қолтаңба алмақ болған Арман Дәулетияровқа екеудің таныстығы сәттілік сыйлады.
«Бала кезде тек теледидардан көретін атақты Алла Пугачевамен жақыннан араласып, дастархандас болам деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті», – деп таңданады ол.
Осылай Арман Елубайұлы шоу-бизнес әлемінен бір-ақ шықты. 1995 жылы «Медиастар-концерт» деп аталатын продюсерлік компанияға жұмысқа ораналып, көп ұзамай-ақ компанияның бас директорына тағайындалады. Ұйымдастырушылық қабілеті танылған Арман 2000 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы мемлекеттік академиясын аяқтап, басқару психологиясы мамандығын алып шығады. Бұдан кейін «Единая Россия» партиясының жастар қанатын басқарып, 2007 жылы «Музыкальная единство» продюсерлік комитетінің президенті болды. Ал, 2013 жылдан бері 22 жылдық тарихы бар ресейлік «Муз-ТВ» арнасының бас директоры.
2001 жылы өзінің «Музыкалық бірлік» атты жеке продюсерлік компаниясын ашады. «А студио», «Динамит», Мұрат Насыров және тағы басқа әйгілі топтар мен әртістермен продюсер ретінде жұмыс істеген. 2011 жылы Алматыда өткен Қысқы Азиялық Олимпиада ойындарының жабылу салтанатының бас продюсері болды. Сондай-ақ ол бірнеше музыкалық жүлделердің жетекшісі.
Бүгінде Арман Дәулетияров – Ресейдегі танымал медиа-директорлардың бірі. Оның тікелей қатысуымен «Мәскеудегі Астана күндері», «Ресейдегі Қазақстан жылы», Астанада «Алтын диск» фестивалі секілді басқосулар ұйымдастырылды. Осылайша талантты азамат екі ел арасындағы мәдени байланыстың үзілмей жалғануына күш салып келеді.
Жалпы, оның бойындағы адами қасиеттерін аңғарған Ресей Федерациясының Халық әртісі Филипп Киркоров: «Арман, сіздің «минусыңыз» – сіз бәрін жақсы көресіз және кешіресіз», – деген екен. Ал, Арман болса әншінің бұл сөзіне: «Шоу-бизнес әлемінде жүргендіктен, ең алдымен әртістің шығармашылығын жақсы көру керек. Онсыз болмайды», – деп жауап берсе керек.
Қазақстан елі қазақтың ұлы Арманды алақанына салды. Тұңғыш Президент –Елбасы Н.Назарбаев «Құрмет» орденімен және «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткері» атағымен марапаттады. Мұнымен қоса Ресейдің де бірнеше жоғары марапаттары бар.
Қазақы дәстүр бойынша анасы баласына жарды өзі таңдайды. Текті жердің қызына құда түсіп, ибалы да инабатты қазақ қызын келін қылады. Төре әулетінің түтінін түзу шығарам деп түскен жас келін де жібектей мінезімен айналасын баурап алады. Ақыл-парасатымен азаматына қолдау білдіріп, арыстай бес перзент дүниеге әкеледі.

2011 жылы Арман Даулетияровтың «Мәскеулік Шыңғысханның тарихы» авторлық кітабы жарық көрді. Ал 2015 жылы «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша «Сіздермен бірге, Арман Дәулетияров» бағдарламасының жеті шығарылымы көрсетілді.

Қ.Құрбан


11 сәуір 2020 ж. 1 199 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам