МҰЗҒА ЖАНҒАН АЛАУ...
Елдің өткен шежіресі – ұрпақтар сабақтастығында аманат болып қалатын қасиетті де қастерлі ұғым. Тұтас ұлт тамырындағы тарау-тарау тарих қатпарлары мен ел болу жолындағы талай кезеңдер хатталып, бүгінгіге мирас болып жетіп отыр. Қазақ елінің өз алдына шекарасы шегенделіп, тәуелсіз мемлекет атануына тікелей түрткі болған кешегі Желтоқсан оқиғасы да халқымыздың сондай бір тарих толқынында алтын әріптермен мәңгіге таңбаланып қалғаны рас.
Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанның басшысы қазақ болуы тиіс деп ашық алаңға шыққан жалынды жастардың жасымас жігері әлі күнге дейін отансүйгіштіктің, елжандылықтың биік өнегесіндей кейінгіге үлгі болып қалды. Сол желтоқсанның ызғарыда ерліктің үлгісін көрсеткен бауырларымыздың көзі тірілері бүгінде орта жастан асқан аға буын өкілдеріне айналды. Өткенге өкпесі жоқ олардың бүгінге шүкірі көп. Иә, 1986 жылдың желтоқсаны сол жолы бұрынғыдан өзгерек өтіп еді. Себебі, бой тоңдырған ызғарлы желтоқсаннан соң тоқсан бірде азаттықтың ақ таңы атып, ел аңсаған егемендікке қол жеткіздік. Сол бір қиын кезеңде жастардың жан төзбес аяусыздықпен жазаланғанын естіп, еңкілдеп жылаған халық тоқсан бірде Тәуелсіз ел атанған еді. Ұлт болашағын ойлап, бойдағы қазақы қаны тулаған боздақтар бостандық үшін өз тағдырын құрбан етті. Тәуекелге бел буып, ажалмен бетпе-бет келді. Қаншама жауқазын ғұмыр мезгілінен ерте солды. Қазақстанды бұл елдің тыныс-тіршілігінен мүлде хабары жоқ «үш қайнаса да, сорпасы қосылмайтын» өзге ұлттың адамына басқартпауды талап еткен олардың арман-тілегі үлкен толқумен аяқталған-ды. Десе де, «Еркек тоқты құрбандық, атам десең атындар!» деп жігерін жаныған жастардың қайтпас қайсарлығының арқасында бұл қозғалыс тұтас бір алып империяның іргесі сөгілуіне әкеп соққан еді. Ол қазақ халқының өте өжет, намысшыл, табанды екенін төрткүл әлемге дәлелдеген қозғалыс ретінде тарихта қалды. Сондықтан да болар, арада қаншама уақыт сырғып өтсе де, бұл батырлардың есімін халық әлі де ұмыта қойған жоқ. Еске алады, әруағына тағзым жасап, ерлігін өнеге етеді.
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар.
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!..
деп жырлаған Мағжанның үкілі үміті бүгінде ақталған сыңайлы. Жасын ғұмырдай жарқ етіп, құйрықты жұлдыздай артында із қалдырған Қайрат, Ләззат, Ербол сынды қыршындар желтоқсанда мұзға жанған алаудың құрбанына айналды. Қаһарлы қыстың ызғарлы күнінде аяусыз ажал құшқан жастардың ішінде біздің білмейтініміз қаншама? Талай ұл-қыздарымыз сансыз соққының салдарынан жарым-жан күй кешті, бірі оқудан аластатылды, бірінің төлқұжаттарына «бүлікші» деген қара таңба басылды. Тіпті, олардың ата-аналары мен туған-туыстары да қудаланып, азып-тозды. Ал, қанды оқиғадан соң барлық құжаттардың көзі жойылып, талай жастың өлімі жұмбақ күйінде қала берді.Талай жыл бодандық қамытын киіп, сан тоқпақ сүрлеудің қорлығын көрген халқымыз қазір еңселі егемендігі бар, айбарлы Ата-Заңы бар, ұлан-ғайыр даласы бар қуатты мемлекетке айналды. Ерке Есіл бойынан тәуелсіздігіміздің тәбәрігіндей, жастық пен жасампаздықтың мекеніндей болып әсемдігі аспанмен тілдескен ару қала – Астана бой көтерді. Зайырлы мемлекет ретінде әлемдік аренада өз орнын айшықтап, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда нығая түсті.
Егемендіктің жемісін біздің Сыр өңірі де көріп келеді. Талай тарихи кезеңді бастан өткерген Алаштың анасының бүгінгі бейнесі жасанып, жаңарған. Дамудың даңғыл жолына түсіп, кемелдікке бет түзеген. Қала тынысы күн өткен сайын кеңейіп, түрленіп келеді. Заманға сай индустриялдық аймаққа айналып, экономикалық тұрақтылығы артуда. Енді болашақта Сырдария өзенінің сол жағалауынан сәулеті келіскен жаңа шаһар бой көтермек. Ендеше, тәуелсіздік таңы тарту еткен бұл байыпты бастамалар толайым табыстарға бастайтынына сенім кәміл.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.