ҚАЙНАҒАН ҚАЗАНДА ҚАСИЕТ БАР...
Ауыл... Атамның арнайы ошақ салуға деп жинап қойған сайдың тасындай ірі-ірі кесектері кәдеге асты. Сол кесектен салынған ошақта лаулап жатқан қып-қызыл жалында қара қазан былқылдап қайнап жатыр.Қазан дегеннен шығады... Бұрынырақта атамның көзі тірісінде өз аузынан естіген мына бір әңгімесі кеше ғана естігендей әлі де құлағымда тұр. Ерекше әсер етсе керек, сөздері қаз-қалпынша бәрі есімде сақталып қалыпты. Әр нәрсеге үлкен байыппен қарайтын ол кісі сол кезде: «Ее жарықтық, қара қазан талай жанды асырап, талай жанға жәрдем болды ғой» деп бастаған әңгімесін. – Құрышбайдың Тәңірден тілеп алған жалғыз ұлын тілсіз жау – тұңғиық су түбіне әкеткенде тұтас ауыл-аймақтың бүкіл еркек кіндіктісі шырақ алып кезгендей теңіз табанынан жұмыла іздеген едік. Ұшы-қиыры жоқ ұшан-теңізде жоқ іздеу оңай ма? Сол күнгі ашық айдында кенеттен тұрған бұрқасын шынашақтай баланы қай тұңғиыққа апарып тыққанын кім білсін? Бәлкім, жан сақтап бір бұтаның түбінде тұрып, тірі қалар деген үмітпен үш күн тынбай іздедік. Ізім-ғайым жоқ. Уақыт ұзаған сайын баланың дін аман қалғанына қай-қайсысымыздың да ішімізде жаман ой қылп етсе де, сыртымыз сыр бермеді. Төртінші күнге қарағанда жалғызынан айырылып, ебіл-себіл болған Құрышбай бәйбішесінің быламық қайнатып қойған қара қазанын жұлып әкеліп, көк теңізге төңкерді де жіберді. Содан не керек, әлгі дүние айдын бетінде қалқи жүріп, бір кезде судың қою қара түсті жеріне шырмалып айнала берді, айнала берді. Бәріміз жапа-тармағай сол тұсқа қарай ұмтыла жөнелдік. Сонда бір жәйсіз нәрсені жүрегі сезсе керек, Құрышбай жағада тізерлеп отыра қалып, жас балаша еңкілдеп кеп жылады-ау, жарықтық. Қазанды аударып жіберсек, баланың үстіне киген ақ жейдесі көлбең ете қалды. Бәріміз де еріксіз аһ ұрдық. Теңіз түбіндегі шыбықтай ғана кішкентай бұтаға ілініп қалған екен. Қара қазан Құрышбайға ұлының қайтпас сапарға аттанғанын осылайша естірткен еді. Ал, оның бүгінде сол қастерлі дүниенің қасиетін біреу білсе, біреу біле бермейді. Қазір далада итаяқ болып жатқан сол жәдігерді көрсем, көкірегім қарс айырылар күй кешемін. Бүгінгілер оның қадірі мен қасиетін қайдан білсін?» деп отырушы еді.Бұл қазақ шаңырағының қадірлісіне айналған дүние төңірегінде естіген жалғыз әңгімем емес. Мәселен, аталмыш дүниені төңкеріп қою ежелден жаман ырымға баланған. Шаңырақта адам қалмай, бәрі о дүниелік атанса, үйдің қазаны төңкеріліп қойылған. Ол бұл шаңырақта енді түтін түтететін адам жоқ дегенді білдіреді екен. Ел аузындағы «Қазаның төңкерілсін» деген қарғыс осыдан қалса керек. Қазан мен қазақ қашанда егіз ұғым. Ол – халқымыздың қуаты. Кезінде қаламы мен қалқанын қатар серік еткен Махамбет батыр да «қара қазан мен сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деп жырлады емес пе? Қалай десек те, халқымыздың әрбір тіршілігі осынау дүниемен астасып жататындығы рас. Ауылда өскен әрбір қарадомалақ баланы жетілдірген де сол құнды дүние. Сіз де, біз де соның түбін¬дегі несібемен жетіліп, берекелі астан дәм татып өскен жандардың біріміз. Талай шаңырақтың жылуы болып, асыңды алдыңа әкелген осы бір қадірлі ыдыстың құдіретін кешегі көнекөз қариялар әлі де ұмыта қойған жоқ. Тарих тезіне сәл шегініс жасасақ, талай қазақты аштықтан аман алып қалған сол жәдігеріміз ғой. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен жаугершілік кезеңде қазан астына жасырынып қанша бала тірі қалғанын білеміз. Ал, рухани жаңғыруымыздың қайнар көзіне айналып, береке-бірліктің ұйытқысы болған қасиетті дүниені қадірлей білуі оларға парыз. Халқымыздан «Шаңырақтан қара қазан кетсе, үйден ырыс кетедi» деген тағылымды тәмсіл қалған. Ырым жасап, жақсылыққа ниет ететін көреген ұлтымыз ер баласы еншісін алып бөлек шыққанда да «Осы үйден қонақ арылмасын» деген пейілмен сый ретінде әуелі сол құнды затты алып барған. Бар жақсылық атаулының, бейбітшілік пен молшылықтың символына айналған оның қаны қазақ әрбір жан үшін құны бөлек. Сондықтан да болар, Ұлыстың Ұлы күні наурыз мерекесінде ниеттес ағайын «Қазаның аққа, қамбаң дәнге толсын» деп жүрекжарды тілегін білдірген. Ендеше, біз де тұрмысы қазанмен астасқан әрбір қазаққа «Қазаның ортаймасын!» дейміз. Қанағатпен қарын тойғызған халқымыз үшін бұдан асқан ақеден тілек те жоқ сыңайлы...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.