ТАРИХЫ ТЕРЕҢ АЛТЫН ҰЯ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған әрбір Жолдауында білім саласының көкжиегін кеңейтіп, осы саланы дамытуға бағытталған келелі мәселелерге назар аударып келеді. Қазақта «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген қанатты сөз бар. Осы сөздің өзектілігі бүгінгі күні өте айрықша мәнге ие. Себебі, бұл заманда өрелі өреннің өрісі кең. Елдің қуаты – білім мен ғылымда. Сол игілікті қажетке жаратып, тұрмыс игілігіне пайдалана білсек қана өзге жұрт бізді бағалайды.
Осы орайда Қызылорда қаласындағы өзіндік орны бар П.Д.Осипенко атындағы №8 орта мектепте атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
Өткен күндер өнегесі
Мектептің тағылымды тарихы бар. Білім ошағы сан алуан кезеңнен өтті. Соған қарамастан әр жылды табысты аяқтап, жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Аталмыш мектепке биыл 77 жыл толды. Оның қабырғасы 1940 жылы қаланған. Ол кезде білім ордасы тек 3 сыныпты болған. Бұл шаңырақ Кеңес Одағының батыры, ұшқыш Полина Денисовна Осипенко атымен аталып келеді.
Соғыс жылдарында қызметін тоқтатқан мектеп 1952 жылы қайта ашылды. 1954 жылы алғашқы түлектерін ұшырды. Мұнда ұстаздар құрамы негізінен майдангерлерден құралды. Олар – Қ.Құрманов, В.Я.Волков, В.К.Шеглов және ширек ғасырдан аса уақыт мектепті басқарған Ә.Рысдаулетов.
Күні бүгінге дейін білім ұясында белгілі азаматтар жетекшілік жасады. Әр жылдағы білім нәтижесі жетістікке толы болды. Ал, 2016 жылдан бері мұнда директорлық қызметті Қарлығаш Төлеуова жалғастыруда. Жас, жігерлі басшы келгелі білім ұясындағы жетістік одан сайын арта түскені белгілі. Өйткені, мұғалімдер мен оқушылар әртүрлі байқаудан жүлделі орындарға ие болуда. Бұл – қажырлы еңбектің, маңдай тердің арқасы.
Мектеп мультимедиялық, физика, химия, алғашқы әскери дайындық және биология кабинеттерімен жабдықталған. Оған қоса 85 компьютер бар, оның 50-і интернет желісіне қосылған. Қазіргі таңда 7 интерактивті тақта, 2 проектор жұмыс істейді.
Мұғалім – мектеп айнасы
Расында ұстазға қарап, бала бойын, санасын түзейді, білім алады. Алға ұмтылады. Міне, әр оқушыны болашағы зор жарқын жолға жетелейтін мұғалімдердің орны ерекше.
Ұлағатты ұстаздардың жемісті еңбектерінің нәтижесінде мектеп жетістігі жоғары ұжымға айналып отыр. Оған мұндағы мамандардың әр жылдары жеткен көрсеткіштері дәлел бола алады.
Бүгінде мектепте 60 ұстаз қызмет етеді. Физика пәнінің мұғалімі Элла Имтосими ҚР білім беру ісінің үздігі атанған. Ал, Айзат Камалатдин «Білім беру ісінің майталманы» төсбелгісінің, Гүлнәр Үсманжанова «Құрмет», Алмагүл Мұстафаева, Нұргүл Есенбекова «Әл-Фараби» медалінің, Баян Бисенбекова, Ақмарал Омартаева «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегерлері болды. Сонымен қатар, білім ошағында жоғары санатты мұғалімдер саны – 15, қалғаны І, ІІ санатты ұстаздар. Ал, директордың орынбасарлық қызметтерін Жазира Үсманова, Салтанат Дәулетбаева, Нұргүл Есенбаева, Гүлзат Мұсаева мен Мәрзия Ниязова атқаруда.
– Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Жаһандану дәуірінде соның арқасында ғана Қазақстанды танытып, абыройын одан әрі асқақтата түсу – бүгінгі ұрпақ парызы. Сондықтан да бұл салаға жүктелген міндет орасан зор. Өзіндік тарихы бар мектептің алар асуы әлі аз емес. Осындағы ұжымның біліктілігінің арқасында білім шыңынан көрініп келеміз. Қазір мектебімізде 451 оқушы бар, – деді мектеп директоры Қ.Төлеуова.
Ұстаздар жеткен жетістік
«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ыбырай Алтынсариннің дана сөзі бар. Оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беруде тәжірибелі мамандар жоғары биіктен көрініп келеді.
Қалалық «Еркін елдің ертеңі» КТК сайысы бойынша жеңімпаз болған ұжым мүшелері облыстық байқауда екінші орынға қол жеткізді. Одан кейін қалалық білім бөлімі мен облыстық білім жетілдіру институтының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді дамыту, мектептерде қазақ тілі кабинеттерінің деңгейін көтеру мақсатында өткен «Ең үздік қазақ тілі кабинеті» атты байқауында еңбектері еленді. Онда «Алғыс хатпен» марапатталып, ынталандыру сыйлығын алды.
Ал, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Қалекееваға қалалық пәндік олимпиадада бірінші орын бұйырса, «Жас дарын» республикалық ғылыми жұмыстар конкурсынан Г.Әбдиева жүлдегер атанды. Ұстаздардың бағындырған белестері тек мұнымен шектелмейді. ҚР жалпы білім беру ұйымдарының және ҚР бойынша педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында олар білімдерін шыңдап, осы технологиямен жұмыс жасауда.
Мерей тасытқан шәкірттер
Жыл сайын түлектер ҰБТ сынағына қатысып, жоғары көрсеткішпен мектеп абыройын асқақтатуға өз үлестерін қосуда. Соның нәтижесінде Гүлжайна Бакирова Абылайхан атындағы әлем тілдері университеттің, Игорь Юн Қаныш Сәтпаев атындағы техникалық университетінің мемлекеттік грант иегері болды. Ал, Ж.Байділдаева, С.Ғазизова, М.Көшерова, А.Шайхуддинова, А.Ақжігітова, Ж.Тайманова, Қ.Тыныштықбаева мемлекеттік грантты жеңіп алды. Сондай-ақ, Д.Шурен КИМЭП-те, Н.Қазбекұлы жоғарғы әскери оқу орнына түссе, А.Ерлыбайқызы Мәскеу университетінің грантына қол жеткізді. Ал, 2015-2016 оқу жылында 7 оқушы мемлекеттік грант иегері атанса, биыл 32 түлектің 12-сі осындай жетістікке қол жеткізді.
Қашанда ұстаз мәртебесі оқушы жетістігімен өлшенеді. Олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, білім беру, ғылыми жұмыстарға бағыттау, бос уақыттарын тиімді пайдалану, түрлі жарыстарға қатыстыру мәселесіне мектепте мән берілген. Айталық, жас өрендер тек білім алып қана қоймайды. Алған білімдерін ары қарай шыңдай түседі. Математика, биология, физика, қазақ тілі және тарих секілді пәндер бойынша озық шыққан озаттар сол сөзіміздің айқын дәлелі.
Аталмыш мектеп оқушылары Алина Мұратова «Көркем сөз» сайысынан ІІІ орын алса, Молдағали Мұратұлы ағылшын тілінен озық көрінді. Ал, Әсем Орақбаева «Жас дарын» республикалық 1-ші жоба конкурсынан табысты оралды. Математика және география пәнінен облыстық олимпиадалар бойынша Нұрхан Дайырхан мектеп атын асқақтатып отыр.
Есімі белгілі түлектер
Тарихы терең білім мекемесінен қаншама түлек ұшып шықты. Соның ішінде елге қызмет етіп отырған есімі белгілі азаматтар да баршылық. Кімдер бітірді десеңіз, олардың қатарында бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова, аймаққа белгілі хирург Абдулла Шүленбаев, ҚР Президенті аппаратында әлеуметтік сала бойынша қызметтер атқарған Кеңес Махамбетов бар. Сондай-ақ, велоспорттан Азия чемпионы Берік Көпешов те осы білім ошағының түлегі.
Толағай табыстарға, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан еңселі білім ордасының жарқын болашаққа бағдарлаған міндеттері де мол. Мектеп директоры Қ.Төлеуованың айтуынша, бүгінгі күн талабына сай оқу мен білімді ұштастырып, мұғалімдер мен оқушыларға жаңа технологияларды меңгерту, материалдық-техникалық базаны нығайту, жоғары талапқа сай жұмысты жоспарлау – алға қойылған мақсаттың бірі.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.