ЖАНСАРА ЖАСАҒАН БҰЙЫМДАР
«Ана көрген тон пішер» дегендей, кейіпкеріміз Жансара бала кезінен анасының өнеріне тамсана қарап өсті. Одан кейін оның ізін басып, қолөнер шебері атанады. Бүгінде ол – Шиелі ауданы Ортақшыл ауылына қарасты Қызылқайың елді мекенінде тұрады. Шалғайда жатқан шағын ауылда небәрі 45 шаңырақ тұрады. Кезінде мал шаруашылығымен айналысса, қазіргі күні әркім өзінше кәсіп етуде. Соның бірі – Жансара Бөлегенова.
Жастайынан жанына осы өнерді серік еткен, қолынан тоқымасы мен құрағы түспеген шебер иесі – Қызылқайыңдағы жалғыз қолөнер бұйымдарымен айналысып отырған жан. Былтыр жазда Сыр өңірінің бірқатар БАҚ өкілі "EXPO-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне барған едік. Сонда Қызылорда облысының мәдениет күндерінде «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің туындылары мен облыстық музей қорындағы құнды жәдігерлер көрмесі өтті. Бір қызығы, шетелдіктер қазақы текеметке қызығушылық танытты. Ежелгі Сыр елі – көне дәуір көзі, мәңгі өшпес те өлмес мұралардың қазыналы мекені. Сол шараға шеберлер металдан, теріден, сүйектен, ағаштан жасалған туындыларын, тоқыма, тігін, киіз бұйымдарын дайындап әкелді. Олардың арасынан Жансара Бөлегенова айрықша көзге түсті. Әрине, туындылары көз тартады.
1978 жылы кейіпкеріміз мектеп бітіріп, Шиелі ауданының жігітіне тұрмысқа шыққан. Одан соң шопанның көмекшісі болып еңбек етті. 1992 жылы Кеңес одағының тарқауына байланысты жұмыссыз қалады. Бірақ, әйел заты қашанда мықты емес пе... Кез келген қиындықтан жол тауып кетеді. Сөйтіп, анасынан дарыған қолөнер шеберлігін қайтадан қолға алды.
Міне, содан бері ұлттық құндылықты ұрпақ алдында дәріптеп келеді. Еңбегінің арқасында біраз халықтың көзайымына айналып жүр. Көптеген жетістікке жетуде. Осындай жарқын сәттеріне әрдайым шүкіршілік етіп отырады.
Шебердің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады. Оны қолөнер мәдениетінің ерекше үлгісі деп қарасақ та артық емес. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Осы өнерге жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық қажет. Шығармашылық ізденіс үстіндегі халық шеберлері тұрмысқа қажетті қолөнердің алуан түрлерін ойлап тапты. Сол секілді Жансара апаның жасаған туындылары нағыз тұрмысқа қажетті екені көрініп тұр. Киізден тіккен дүниелерінің арасынан балалар ойыншығын, үйге арналған қазақы текемет, кәде-сыйлар мен пиманы кездестіре аламыз.
– Тапсырыс жан-жақтан түседі. Әсіресе, қысқы маусымға қарай пиманың саудасы жүріп тұр. Бағасы келісім бойынша, – деді шебер сөз арасында.
– Сонда пиманы қалай жасайсыз? Қанша уақыт кетеді?
– Жұқа киізден жиегін оюлатып дайындаймын. Кішкентай баладан бастап ересектерге дейін жасауға болады. Айталық, баланың пимасына 1 күн кетеді, – деді Жансара апа. Содан соң шебер иесі пиманың денсаулыққа пайдалы жағын айтып берді. «Денсаулыққа жақсы әсер етеді. Таза өнім болғандықтан ауа өткізіп тұрады. Әсіресе, терлейтін аяқтарға пайдасы зор» деді.
Бүгінде үйге текемет төсеу ұмытылып барады. Оның орнын түкті кілем басқан. Алайда, қазақылықты сақтаған кейіпкеріміз өз үйінде заманауи етіп жасаған киізді төсеп қойыпты. Үйіне кіре қалсаңыз, ауылдың иісі аңқып тұр. «Осы күндері Астана, Алматыда кілемнің орнына оюланған киізді төсеуге мән берілуде. Өйткені, оның пайдасын енді түсініп келеді. Шағын киіздің бағасы 20-25 мың теңгеден басталады» деді.
Отбасында ол 3 ұл, 1 қызды тәрбиелеп отыр. Тұрмыстағы қызы анасының жолын жалғастыруда. Ұрпағының сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен ана өз бойындағы бар асыл қасиеттерін үйретуде. Сонымен қатар, шәкірттері де бар. Солардың бірі – қазалылық Айдана есімді бойжеткен.
Алдағы уақытта Жансара Бөлегенованың өз жоспары бар. Қолөнер иесі ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық өнер мұраларын сақтап, сұрыптап, қазіргі уақытта сәнді әрі заманауи етіп өркендету мақсатында мектеп ашқысы келеді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.