ҒАЛЫМДАР ЖЕРДЕГІ ТІРШІЛІК ТУРАЛЫ БІЛУІ МҮМКІН ТОҒЫЗ ПЛАНЕТАНЫ АТАДЫ
Неміс және британ ғалымдары бірігіп Жердегі тіршілік иелері туралы білуі мүмкін деген тоғыз планета тізімін құрастырды. Аталған тізім MNRAS журналында жарияланды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ria.ru сайтына сілтеме жасап.
«Ғаламшардың көлемі қаншалықты үлкен болса, соғұрлым өзі айналып жүрген жұлдыздың жарығын көлеңкелейді. Мұнымен қатар, ғаламшардың басқа ғаламшарларға көрінуі оның Күнге қаншалықты жақын орналасқанымен де байланысты. Сол себепті, бөгдепланеталықтар басқа алып ғаламшарларды байқамаса да, Жер мен оған жақын орналасқан «көршілерін» көре алады», - дейді Белфастағы Квинс университетінің маманы Роберт Уэллс.
1960 жылдың өзінде астроном Френсис Дрейк Галактика құрылымы, ондағы жұлдыздар мен ғаламшарлар негізінде бөгдепланеталықтар санын анықтауға болатын формула ойлап тапқан болатын. Осы формулаға сенсек, қазіргі таңда бөгдепланеталықтар саны өте көп. Десе де, олар туралы нақты ақпарат осы күнге дейін белгілі болмай отыр.
Уэллстың айтуынша, ғалымдар бөгдепланеталықтар санының көптігіне қарамастан, не себепті біздің оларды көрмей отырғанымызды түсіндіруге тырысып келеді. Ғылымда мұны «Ферми парадоксі» деп атайды. Уэллс командасы бұл мәселені басқа қырынан шешіп көруге тырысып, керісінше Жерді қанша ғаламшар мекендеушілерінің көре алатынын анықтады.
Есеп қорытындысы бойынша, бөгдепланеталықтардың Күн жүйесіндегі Жер мен оның өзге «көршілерін» көру мүмкіндігі тек 2,5%. Яғни Жерді кей экзопланеталарды мекендеушілер ғана көріп, бақылай алады. Әрине, оларда «Кеплер», «Хаббл» сынды телескоп түрлері болса. Жалпы мұндай экзопланеталар саны 65-ке жетіп отыр. Олардың көпшілігі Меркурийді, ал тоғызы Жерді көреді.
Бұл тоғыз ғаламшар тізіміне Аққу шоқжұлдызы HAT-P-11 жұлдызының маңындағы газ планета, Тауешкі шоқжұлдызы WASP-68b «лаулаған юпитер», Суқұйғыш шоқжұлдызы WASP-47 жүйесіндегі төрт алып ғаламшар, Возничный шоқжұлдызындағы жаңадан түзіліп жатқан LkCa 15b, Сарышаян шоқжұлдызы 1RXS 1609 жұлдызындағы алып газ және Бикеш шоқжұлдызындағы WD 1145+017 ақ ергежейлі «каннибал» алдындағы ғаламшар кіреді.
Ғалымдардың айтуынша, бұл тоғыз ғаламшарда тіршілік иелері жоқ. Олар осы күнге дейін бөгдепланеталықтар туралы нақты ақпараттың болмауын осылай түсіндірді. Мұнымен қатар, олар TESS және Джеймс Уэбб сынды телескоптардың арқасында алдағы уақытта жаңа ғаламшарлар ашылады деген үмітте.