Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ЖЕКЖАТ

МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ЖЕКЖАТ

  «Құда болсаң, құл да болса сыйлас» дейді дана халқымыз. Бұл халқымыз үшін құда-жекжаттың айрықша орнын айшықтайды. Өзара қыз алысып, қыз беріскен жандардың көңіл жақындығы мен сыйластығы қашанда жарасымды. Ал, екі ел арасын жол ететін мұндай дәстүр қазақта «құдалық» деп аталады. Өзара жекжаттық қатынас қыз бен жігіттің екеуара сөз байласуымен басталады. «Құданы Құдай қосады, үйірі басқаны ноқта қосады» демекші кейде ата-аналардың көңіл қалауы арқылы да шаңырақ көтерген отбасылар бар. Ертеректе, осылай қос тараптың келісімінен соң құдаласу рәсімі бойынша қызға үкі тағуға жігіттің етжақын адамдарынан төрт-бес туысы барады. Мұны бүгінде «сырға салу» деп те атап жүр. Сөйтіп, екі жақтың ортақ шешімімен құдалық уақыты белгіленеді. «Ағайынның қызығы – алыс-беріс, құдалықтың қызығы – барыс-келіс» дегендей содан кейін ортада алтын көпір орнайды. Қазақ халқында екі жастың үлкен өмірге қадам басуында ата-ана риза¬шылығы аса маңызға ие. Ата жолын көріп, тәрбиесін тағылым етіп өскен әрбір жас әуелі әке мен ананың ақ батасынан кейін ғана ақ некесін қиған. Ал, мұндай дәстүрге қырын қараған жас жұбайларды ата-ананың ризалығын алмады деп топшылаған. Оларға тұтас рулы ел теріс қарап, жылы шырай танытпаған.Негізі, бар жиған-тергенін тойға шашатын қонақжай халқымыз құдалыққа келушілер санын ешқашан шектемеген. Десе де, сыпайылылық салтын ұстанған бабаларымыз мәдениеттілік сақтап, меймандардың санын жеті-сегізден асырмаған. Осы орайда көрші апамыздың айтқан мына әңгімесі ойға еріксіз оралады. Әу бастан-ақ жаңа құдаларының тұрпайы әрекеті көңілге жақпаса керек, ол кісі ішіндегісін қымсынбай жайып салғаны бар. «Мені талан-таражға салуға келді ме? Тайлы-тұяғына дейін қалмаған сыңайлы. Бәрі үдере көшіп келіпті. Саны 40-тың үстіне жетіп жығылады. Әулетіндегі бас ұстар ақсақалдары мен сыйлас жақын-жұрағатынан он-он бесін жіберсе де аз емес. Арадағы туыстық көпір енді орнап жатыр. Бас аман болса, қалған ағайыны келіп, ретті сыбағасын бұйырған күні жеп кетер» деп шамданғаны бар. Ол кісінің сөзінің де жаны бар. «Қыз бергеннің назы бар» десе де, құда болғанның жөні осы екен деп үйіліп-төгіліп кіріп барудың да әсте реті жоқ. Сондықтан мың жылдыққа өрбитін туыстық қатынасқа бастамай жатып, қылау түсіру әбестік сыңайлы. Ондайда әуелі күйеу жігіттің әкесі мен шешесі, атасы мен әжесі, ағалары, жеңгелерімен бірге жора-жолдастары болса, қалған тума-туысы «Сіздер барсаңыздар, біз түгелміз» деп түсіністікпен қарауы тиіс. Ағайынның бір-біріне деген жанашырлығы, қолдауы осындайда білінеді. Ал, данышпан халқымыз ерекше тапқырлықпен олардың әрқайсысына өзіндік атау берген. Мәселен, құдалықты бастап баратын беделді, жасы үлкен адамды бас құда деп атаған. Сондай-ақ, жігіт әкесінің одан кейін жолы үлкен аға-інілері барған болса, ол омыртқа құда делінген. Ал, күйеу жігіттің өз әкесіне әдетте бел құда деген атау берген. Құдаша, құда бала деп қыз бен жігіттің іні-қарындастарын теліген. Мұндай туыстық атауларды, әсіресе, үйдегі үлкендер жағы жиі қолданады. Бұл атаулар бір жағынан, енді құдаласқан жандардың қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсуге өз ықпалын тигізген. Халқымыз қашанда құда-жекжатын жоғары бағалай білген. Өзара сый¬лас¬тықтың зор үлгісін көрсеткен. Осындай құрметке кейде еріксіз қайран қаласың. Бұл байланыс жылдан-жылға нығайып, түбінде бір туған жандардай ағайынға айналады. Қазақтың жан-жағы, жақын-жұрағаты осылайша кеңіген, үрім-бұтағы осылайша өрбіген. Сөйтіп, олардың арасындағы құрмет пен өзара сыйластық ғасырға татырлық уақытқа жалғасқан.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.









16 қаңтар 2018 ж. 2 634 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам