СЫРҒА ТАҒУДЫҢ СЫРЫ БАР...
Әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаев ағамыздың елге танымал өлеңдерінде нәзікжандылардың әшекей бұйымдары жайлы көп айтылады. Соның бірі «Сырғалым» әні.
Көркем шығармалардан оқығанымыз бойынша, ертеде бойжеткеннің басы бос, атастырылмаған болса, қыз баланың сырғасын керегеге, кілемге, тіпті бақанға іліп қоятын ғұрып бар екен. Үйге келген қонақ ілулі тұрған сол дүниені көріп, бұл үйдің бойжетіп келе жатқан қызы бар екен, әлі ешкіммен құда болмапты деп ой түйген деседі. Оған нақты мысал – қазақтың «Ер Төстік» ертегісі. Онда басты кейіпкердің әкесі Ерназар керегенің басында ілулі тұрған сегіз сырғаны көріп, тоғыз ұлыма бірі кем болды деп жыламайтын ба еді.
Сонда бәйбіше тұсбақаннан тағы біреуін әкеліп, «Кенжекейім бір төбе» деп қартты қуантушы еді ғой. Ғаламтордағы ақпараттарға сүйенсек, оның ғұрыптық мән-мағынасы бар, ол құлаққа дүлей күш¬терден сақтау мақсатында тағылған. Әдетте, көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын ала сақтайтын киелілік және емдік қасиеті бар деседі.
Халық түсінігінде ол құлақты жағымсыз энергия, жаман сөздерден, өсек-аяңнан қорғайды. Кейде әйелдердің өзара әңгімелесуі кезінде жас балаларға «құлағына алтын сырға» дейтіні де сондай ғұрыптың жұрнағы болса керек.
Қазіргі заманның өзінде кейбір елдерде діни-мәдени дәстүрлерге сәйкес ата-ана қыз баласының құлағын бір айлық кезінде тесіп, сырға тағады. Мәселен, Түркия мен Үндістанда бұл шара жаңа өмірге бастайтын ерекше әдет-ғұрып саналады. Америкада кішкентайлардың құлағын сырғамен сәндеу перзентханада іске асады.
Батыр Бауыржан атамыздың келіні, этнограф-жазушы Зейнеп Ахметова апамыз қыз баланың құлағын жеті жасынан тесетінін жазыпты. Бұған дейін қуыршақ ойнаған кішкентай қыз одан кейін бірден өзгеріп, қолына кесте алып, үй шаруасына көмектесуге ұмтылады екен. «Қыз баланың құлағын тек сәндік үшін, әдемілікке бола теспейді. Бұл да – тәрбиенің бір түрі. Мұны қыз баланы ертеңгі күні келін болуға дайындаудың алғашқы баспалдағы деп айтуға болады. Бұл – қыз баланы ісмерлікке, шеберлікке үйретудің басы. Ол біртіндеп үйдің шаруасына араласа бастайды. Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты, қыздың құлағын тесу де ата-анаға парыз болып саналады» дейді ол. Мұндай өзгерістерден кейін қыз бала өзін ересек сезініп, үлкендерден үлгі-өнеге алуға тырысады. Сөйтіп, сырға тағу дегеніңіз – әуелден жат жұрттық болып жаратылған қыз баланы үлкен өмірге дайындау екені белгілі. Сондықтан қыздардың құлағын үш немесе бес жастан тескеннен гөрі жеті немесе тоғыз жасында тесіп, сырға салып, тәрбиелеудің мәні бар. Ол міндетті болып саналады, мәні жағынан сүндеттеумен теңестірген.
Қалай десек те, қазақ бұрымдыларының сән әлемінде сыңғырлаған осы дүниенің орны ерекше. Ал әр өрнегіне сыр бүккен сырғаның тағылу мазмұнында үлкен ұлттық тәрбие нақышы бар екені көрініп-ақ тұр.
Дайындаған: Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ.