АРАҚ АДАМДЫ АБЫРОЙДАН АЙЫРАДЫ

Қария әлі бақуатты көрінді. Сөзі де ширақ. Өзі туралы, отбасы жайлы жұқалап сыр шертіп тастады. Өте қарапайым, ақкөңіл екен. Әңгіме әу-жайынан байқағаным, қалаға жақын ауылдан келгендей көрінді. Ол ауылдың біраз адамын таниды екенмін. Сондықтан сөзіміз жарасым тауып кетті. Ақсақал өткен шақ жайында майын тамыза әңгімелеп отырған-ды. Осы сәттің бірінде көшеде кетіп бара жатқан бір үлкен кісі бұрылып келіп, ағамызға сәлем берді. Ақсақал да ол кісіні бірден тани кетіп «Әй, сен, Өтенбісің» деді. Біраз қауқылдасып болған соң, әлгі кісі: «Бәке, айып етпе, бір бөтелкеге ақша табыла ма?» деді. «Әй, інім-ау, жетпістен ассаң да ішуді қоймағансың ба?» деп қалды ақсақал кейіп. Сол кезде ақша сұраған ағамыз шарт ете қалды. «Одан да бала-шағаны жағалап, күнімді зорға көріп жүрмін десейші» деп кекете қарап, ана кісіге қолын бір сілтеген күйі кете барды. Ол жақын жердегі дүкен жанында жиналып тұрған жастары өзі құралпы адамдарға барып қосылды.
Сол кезде жанымдағы ақсақал өз ренішін білдіре: «Мына Өтен әбден тойынғаннан ішіп жүрген болуы керек. Өйткені, балаларының бәрі үлкен қызмет атқаруда. Ойындағысы болып тұр. Бір жағынан, ол екі-үш немересінен шөбере сүйіп отырған, бір әулеттің ақсақалы. Менен бір он жастай ғана кішілігі бар. Кезінде бұл да қызмет істеген. «Адам тойынса не боларын білмей кетеді» деген ғой, інім. Мен де ішкі істер саласында ұзақ жыл қызмет жасадым. Атағым да, дәрежем де болды. Адам шүкірлік ете білуі керек. Бірақ, жаңағы Өтеннің айтып кеткен сөзі тойынғандықтың белгісі екені анық. Соншама үстем сөйлеуі соған саяды. Қазақ атамыз «Семіздікті қой көтереді, қойдан басқа не көтереді?» деген тәмсілді білмей айтпаған, қарағым. Әйтпесе, анау Өтеннің тұрысы не? Ішіп алып, жан-жағына сөз бермей есіп тұр ғой, қарашы. Сол үлкен кісіге лайық па? Көшеде тұрып бөтелкелерін жарқырата құйып, арақ ішіп тұрғаны дұрыс нәрсе емес қой. Солай екенін ол білмей тұр дейсің бе? Азып-тозған дегенге тіптен келмейді. Мына қақаған сары аязға да қарар түрі жоқ бұлардың. Неткен денсаулық? Бәрі ақыл тоқтатқан адамдар. Жандарынан бала-шаға, келін-кепшік өтіп жатыр. Ана топ болып тұрған азаматтардың бәрі – ата сақалдары ауыздарына түскендер. Оның ішінде жасын көріп тұрған жоқпын. Мына, Өтенге не жоқ? Бір үйдің батагөйі, ақылгөйі болуы керек емес пе? Әй, атаңа нәлет қу арақ, әжептеуір адамды маймыл етіп жібереді ғой. Бұл арақ елді бұзып болды ғой. Не бәлесі бар? Адамды өзіне ынтық етіп, есін алып тастайтын?» деп ақсақал әбден күйінді. Ақырында көшеде ішіп тұрған ақсақалдар бір-бірін сүйей жетектеп, тарқай бастады. «Қой, мыналарды көргенше, кетейін» деп қария да орнынан көтерілді.
Ішімдікке әбден қызып алған олар екеу-екеуге бөлініп, бір-бірлерімен тартысуға көшті. Бала-шаға оларды қызықтап тұр. Ең қиыны – осы. Қария деуге аузың бармайтын мына адамдардың қылығын көріп, олар жастарға не айтпақ деп ойланып келем. Ар мен ұят деген ізгі қасиеттен аттаған мына үлкендердің бұл тірлігіне кім не айтқандай? Онсыз да сан мың оқыс оқиғалар мен қатыгездік белең алған бүгінгідей қоғамда жүрек сыздатар, көңілді күпті етер небір жағдайлар ойды он саққа бөледі.
К. БАЙЕГІЗ.