КӘСІПКЕРЛЕРДІ ТЕКСЕРУ 19 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕГЕН
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қызылорда облысы бойыншабасқармасының бөлім басшысы Дильмұрат Иминов Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Қызылорда облысының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында айтты.
«Кәсіпкерлік қызметті жүргізуде заңсыз кедергі келтіретіндердің жолын кесу, бизнеске түсірілетін әкімшілік қысымды азайту біздің жұмысымыздың бағыты», - деген Дильмұрат Иминов өткен жылмен салыстырғанда бақылау, қадағалау органдары тарапынан кәсіпкерлерді тексеру көрсеткішінің төмендегенін жеткізді.
Мәселен өткен жылы бақылау, қадағалау органдары тарапынан 3126 кәсіпкерлік нысанын тексеру тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш 19 пайызға төмендеп 2524-ті құраған.
Дегенмен мемлекеттік органдар тарапынан әлі де болса заңсыз тексерушілер қатары азаймай тұр екен. Дильмұрат Иминов Құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасымен осы жылы жеке кәсіпкерлерді заңсыз тексерудің 44 фактісінің алдын алғандықтарын жеткізді. Кәсіпкерлерді заңсыз тексеруге құлықтылардың басым бөлігін қоғамдық денсаулық сақтау органдары мен төтенше жағдайлар органдары құрап отыр екен.
Тиісті органдар жұмыс жасағанына қарамастан кәсіпкерлік нысандарын заңсыз тексеру фактілері бәрібір орын алыпты. Өткен жылы 2 факті ғана болса, биыл бұл көрсеткіш 12-ге жеткен. Заңсыз тексергендер де сол қоғамдық денсаулық сақтау органдары мен төтенше жағдайлар органдары екен. Аталмыш 12 заңсыз тексерудің 10-ы Жаңақорған ауданында орын алса, 2-еуі Қармақшы ауданында болған.
Осы ретте, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасының мамандары Бас прокуратура қолданысқа енгізген «Qamqor» мобильді қосымшасын қолданып, тексеруге қатысты шағымдары болған жағдайда жедел түрде мәлімет жеткізуді сұрайды.