ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ЖӘДІГЕР
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт музейі филиалында тарих пен болашақты үндестірген талай тағылымды дүниелер сақталған. Экспозиция залының оң жағында орналасқан үлкен шкаф көпшілік назарын өзіне бірден аудартып тұр. Залға енген бойда біз де өзгелер секілді алдымен осы дүниеге қарай аяңдай бастық. Көрдік те, таңғалдық. Себебі, сан мың жыл өтсе де, сыны мен сырын жоғалтпаған жәдігер кәдімгі заманауи үй жиһазынан еш кем емес.Әңгіме барысында филиал меңгерушісі Кенжекүл Ахметова біразға дейін ағаштың табиғи түсімен сақталып, бертін келе оңып кеткен соң, қайта бояуға тура келгенін айтты. Десе де, шкаф әлі де сыр бере қоймапты, ұқыпты күйін сақтап тұр. Музей қызметкерлерінің айтуынша, оны XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында ресейлік ағаш өңдеу шеберлері жасапты. Тұтас ағаштан жасалған үй жиһазы ертеректе көшіп-қонып жүрген қазақтар үшін жинап-құрауға өте қолайлы етіп құрастырылған. Бір қызығы, шкафқа бірде-бір шеге қағылмаған. Соған қарамастан қазірге дейін сүйегі ажырамаған жиһаз кезінде ағаштан түйін түйген нағыз шебердің ісмер қолынан шыққандығын аңғартып тұр.– Пайымдауымызша, бұл дүние қайың немесе үйеңкіден жасалған. Кезінде мұндай әсем тұрмыстық заттар көбіне зиялы қауым өкілдері мен ауқатты адамдардың төрінде тұрған көрінеді. Оны тарихи жәдігерлерге бейжай қарамайтын Гүлнар Баяділова есімді қала тұрғыны Шымкенттің көркемсурет галереясынан арнайы алдырып, музей қорына табыстаған. Бүгінде ол облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтау КЗМ-КП-6347/1 нөмерімен тіркеліп, құнды экспонат ретінде сақталып тұр, – дейді филиал меңгерушісі. Түрлі ою-өрнекпен әспеттеліп жасалған жиһаздың биіктігі екі жарым метрден асады. Ал, үстіңгі бөлігінің ені – 1 метр 30 сантиметрді құраса, жанындағы киім-кешек салуға арналған бөлігінің биіктігі – 1 метр, ені 95 сантиметрге жетеді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.