ҰЛТ ҰЯСЫНА АЙНАЛҒАН ӨҢІРЛЕР БАЙЛАНЫСЫ
Өңіраралық әріптестік байланысты жан-жақты дамыту негізінде Қызылордада Жезқазған қаласының мәдени күндері өтті. Ауқымды шара шымылдығы халық әртісі Серке Қожамқұлов атындағы сазды-драма театрының «Кетбұға» қойылымымен түрілді. Бұдан соң көркемсурет галереясында «Туған өлкенің мәңгілік мұрасы» мен «Кетбұға жырау – Бұланты шайқасы» тақырыбында көрме көпшілік назарына ұсынылды. Жезқазған тарихи-археологиялық және М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен балқыту ісі музейлері экспонаттары қойылған мәдени шараға қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысты. – Музей – көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізетін бірден-бір мәдени ошақ. Оның тарих үшін орны айрықша. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, мұнда Жезқазған өңірінің бай тарихын жан-жақты айғақтайтын құнды деректер орын алған. Бұл шара қос облыстың өзара әріптестік байланысын алдағы уақытта одан әрі нығайтуға ықпал етпек. Сіздерді келесі жылы өтетін қаламыздың 200 жылдық мерейтойында да үлкен ықыласпен күтеміз. – деді ол.Арқалаған жүгі салмақты шара өз кезегінде Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі тарихи-архитектуралық ескерткіштерін қорғау, олардың маңыздылығын насихаттау, рухани мәдениетті қайта түлету мақсатын көздейді. Осындай мәдени-рухани қазынаны дәріптеген жиында көпшілік Бағаналының төрт босағасы атанған – Кәдір, Сандыбай, Бабыр, Шегір билердің, танымал тарихи тұлғалар – А.Иманов, Б.Бұлқышев, Ш.Ділдебаевтардың көне жәдігерлері, тұтынған заттары мен ескі кітап топтамаларын тамашалады. Оның ішінде белгілі публицист жазушы Баубек Бұлқышевтың қолданған астауы, Шегір бидің қырмызы шапанына, кезінде қалмақтармен болған қырғында үш жүзге ерен ерлігімен танылған Күшікбай баһадүрдің кісе белдігіне жиналған жұртшылық ерекше қызығушылық танытты. – Бұл – біздің Сыр өңіріне алғаш табан тіреуіміз. Ұзын саны 200-ге тарта құнды жәдігер әкелдік. Жалпы, екі өңір де мәдени-рухани байлықтан кенде емес. Келер ұрпаққа қалдырар мұрасы жетерлік. Соларды насихаттап, кейінгіге жеткізу, Елбасы бағдарламасына сәйкес рухани жаңғыруды жүзеге асыру – музей қызметкерлерінің міндеті. Сондықтан қызылордалық әріптестерімді осындай мәдени байланысты кеңейту мақсатында, алдағы уақытта музейіміздің 40 жылдық мерейтойы қарсаңында өтетін ауқымды шараға атсалысуға Ұлытау аймағына шақырамын, – деді Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова. Расында, ұлттың ұясына айналған – Ұлытау қойнауы тарихи жәдігерлер мен құнды деректерге өте бай өлке. Соларды топтастырып үлкен мәдени ошаққа айналдырған музей қорында қазір 50 мыңға тарта жәдігер бар. Оның алтын қорын академик Ә.Марғұлан өткізген тасмүсін, Жошы ордасынан табылған мыс теңгесі, Шотқара қонысы мен Қараағаш қорымынан шыққан алтын бұйымдар, зергерлік әшекейлер мен ат әбзелдері құрайды. Жезқазған қаласының мәдени күндері аясында мұнан өзге Т.Қалмағамбетов атындағы филармония ұжымының концерттік бағдарламасы, «X-XIII ғасырлардағы түркілер қоғамы және оның тарихындағы Кетбұқаның орны» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.