ҰСТА ЖӘНЕ КӨРІК
Ертеде зергерлік бұйымдардың басым бөлігі көріктің көмегімен дайындалған. Жасалған бұйымның сәтті шығуы да соған байланысты. Көрік – ұста, зергерлерге қажет былғары немесе теріден жасалатын үрлеуіш сайман. Қазір оны көнекөз қариялар болмаса, көпшілік біле бермейді.
Бұл бұйым темірді балқыту кезінде пайдаланылады. Оның көмегінсіз шебердің шаруасы бітпек емес. Қолданылуына орай бірнеше түрі бар. Мәселен, қол, мес, аяқ және қос көрік – ұсталарға нағыз керек дүние. Ертеректе бұл сайман кеңінен қолданыста болған. Қазіргі таңда уақыт ағымына қарай түрлері де өзгерді.
Техника дамыған бүгінгі заманда мазут, солярка, газбен жағылатын және электронды көріктер пайда болды. Соның ішінде қазір электронды түрі жиі қолданылады. Десек те, кейбір зергерлер бұйым жасауда сол көнесінің көмегіне жүгінетінін жасырмайды. Мәселен, өңірімізге белгілі ұста Бекзат Әнесұлы бабасынан қалған құралды жұмыс барысында пайдаланады. Тіпті, онсыз жұмысы бітпейді деуге болады.
Сондай-ақ, қаладағы «Дорстрой» мекемесінде қызмет ететін Құлахмет Аманов өзінің отыз жыл ғұмырын ұсталыққа арнаған. Жасынан осы кәсіпті серік етіп келеді. Жұмысына келгенде алдымен көрікті қолға алады.
– Бұрындары жиі қолданыста қол көрік болатын. Сол арқылы отты үрлеп, темірді қыздырып аламыз. Сосын түрлі формаға келтіріп, сан алуан бұйымдар жасаймыз. Ертеректе ата-бабаларымыз небір әшекей бұйымдар мен қолданысқа қажетті құрал жасап шығарған. Бүгінде көріктің заманға сай жаңа түрлері шықты. Менің қазіргі қолданатыным – темірден жасалған электрлі көрік. Тоққа қоссаң өздігінен жұмыс жасайды. Ескі түрінен айырмашылығы сол. Соның арқасында біраз шаруа тындырамын. Біздің серіктестік жол салатын мекеме, сондықтан керек заттарды шетелден алдыртамыз. Кейде қажетті затты өзіміз жасаймыз. Сондай кезде көріксіз ештеңе де жасай алмайсыз. Қала бойынша бұл дүниемен жұмыс жасайтын біз ғана. Ескі түрін қолданатын бірен-саран ұсталар бар шығар. Онымен көбіне зергерлік бұйым жасайды. Ал, заманауи көріктер газ, солярка, мазутпен жағылады. Олар тек белгілі бір температурада қалың, қатты металды ғана қыздырады. Ұсақ-түйек құралдарды жасауға келмейді, – дейді Құлахмет ұста.
Расымен, қазір бұл көне құралды тек мұражайдан ғана табуға болады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында олардың бірнешеуі сақталған. Мұражайда көріктің алғашқысы 1980 жылы жеткізілген. Бертін келе тағы біреуі қойылған. Музейдің өлке тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Кенжегүл Ибрагимқызы:
– Біздің мақсатымыз – мекемені құнды ескі заттармен толықтырып, келешек ұрпаққа аманат ету. Мұражайда арнайы ұста құралдарына арналған орын бар. Көрікті де сол жерден таба аласыз. Көпшілік оған қызығушылық танытады. Қолданылуы туралы сұрайды. Соңғы рет 2014 жылы тағы біреуін алып келдік. Оның егесі – Арал ауданы, Мергенсай елді мекеніне жақсы таныс Ысқақов Төлеу деген зергер, темір ұстасы. Ол көбіне қыз-келіншектерге арнап сақина, білезік, алқа сынды бұйым мен үй шаруасында пайдаланатын заттарды жасаған. Оның әшекейлері мен саймандары аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталған. Ал, пайдаланған көрігін балалары бізге тапсырды, – дейді.
Ерте кезде ұста дүкені жеті қазынаның бірі деп бағаланған. Ұстаның өз желеп-жебеушісі болады деп сенген. Дүкенге кірген кісілер шаруасын айтпас бұрын «Көрігің желді, көлігің жемді болсын» деп амандық сұрасқан. Бұл ата кәсіптің ертеден қалыптасқан дәстүрі болса керек. Осыдан-ақ, халқымызда төл өнердің киелі саналғанын аңғаруға болады.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ.