АҚПАН АМАЛЫ
Көзді ашып-жұмғаншақ қыстың тура екі айын өткердік. Ықылым заманнан «ақпан-дақпан» атымен мәлім сын кезеңнің соңғы ширегі – ақпан айы да есіктен еніп үлгерді. Тауық жылының соңғы айы мал-жанға жайлы басталғанымен қаңтардың екінші он күндігінен кейінгі кезең шаруақор ағайынға оңайға соқпағаны анық. Қылышын сүйреткен қыстың тосын мінезі алаңқай аумаққа қоныс тепкен ауыл түгілі, зәулім-зәулім ғимараты бар қаланы да бейжәй қалдырмады. Күшейе соққан екпінді жел аязды да «әлдендіріп», айналаны бір сілкіп алғандай. Төңіректі ақ ұлпа қар түгел жаппаса да, қара жердің қысқы күнгі ызғары бет қарықтырып, саршұнақ аяз өңменнен өтіп кетті.
Өзге аймақтарда да кәрі құтан қыс күшіне мініп, біраз жұртты әбігерге салды. Қала шетіндегі тасжолдар жабылып, біршама уақытқа байланыс тоқтатылды. Бұрқасын күтілетін күндері арнайы алдын ала дабылды ескертулер беріліп, жан-жақты сақтық шараларын қабылдады. Оқушылар да уақытша мектептен босатылды. Күзет, құтқару мамандары күнді-түні көз ілмей қырағылықпен жұмыс жасап, төңіректі жіті бақылауда ұстады. Осындай ыждаһаттылықпен жасалған еңбектің арқасында апатты жағдайлар орын алмай, аман-есен ақпанға да іліндік. Қыстың соңғы айы мамыражай басталды. Күн көзі көрініп, аяз да біраз ішін тартқан сыңайлы. Сонда да қаңтардың бет қаратпайтын ызғарынан сескеніп қалған жұртшылық әлі де босаңси қоймаған секілді. Мезгілі жеткен күннің қайта айналып соғар аумалы-төкпелі мінезіне сенім жоқ дегендей от-суларын әзірден қамдап отыр. Десе де, ауа райын болжаушылар бұл айда жағадан алып, алқымнан қысар аяз болмайтындығын алға тартуда. Қалай дегенмен де, «сақтықта қорлық жоқ» дейтін халқымыз қашанда қамсыз қалуды құп көрмейді. Себебі, алда әлі ақпан амалы бар. Дала данышпандарының «Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн» дейтіндері де сондықтан. Үлкендердің айтуынша, аталмыш құбылыс осы айдың 10-15-ші жұлдызы аралығында байқалатын көрінеді. Жалпы, тіліміздегі «ақпан» атауы ақ ықпа, яғни боран деген сөзінен шыққан деседі. Тіпті, ол туралы ел аузында аңыз-әпсана да сақталыпты. Халық аңызында Ақпан, Тоқпан есімді ағайынды екі жігіт кезекпен қой бағатындығы баяндалады. Ақпан қой жайған күні ауа райы кенеттен бұзылып, қоймен бірге далада қалып, үсіп мерт болыпты. Сол қыс жұтқа айналып, содан «ақпан амалы» атауы қалған деседі. Кей өңірлерде бұл амалды «Ақпан-дақпан» деп те атап жүр. Ал, аталмыш құбылыс өткеннен кейінгі ауа райын «түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз» дейтін көрінеді. Яғни, бұрқасыннан соң күннің көзі шуақтанып, ашық күндері түс қайта жіпсіп тұратын болған. Десе де, ел аузындағы ақ түтек, ат құлағы көрiнбес боран, сырғыма, жаяу борасын, ақ байтал ала қаншық сынды небір суық ұғымдары табиғаттың осындай тосын жәйттерінен сақталып қалғандай. Әні-міне дегенше ұршық жібі айналғандай ақпан да түгесіліп, төл алу науқаны басталады. «Туған ай туралған етпен бірдей» деген осы...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.