АҚ ОЛИМПИАДАҒА СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ САҚАДАЙ САЙ
Пхёнчхан тауларындағы құбылмалы климат биатлоншылар үшін қиындық тудыруы мүмкін. Әсіресе екпінді жел нысана көздеуде кедергі келтіреді.
Ал жасанды қар жылдамдықты тежейтіні анық. Бұл жөнінде алдағы олимпиадада ел намысын қорғайтын спортшылар біздің арнаға берген сұхбатында айтты. Ұлттық құрама өкілдері осыдан дәл 1 жыл бұрын Оңтүстік Кореяда өткен олимпиада апталығына қатысқан еді. Сонда биатлон бәсекесі өтетін алаңды тыңғылықты байқап қайтты. Бірақ жерлестеріміз әр нәрсені сылтаурата беруге болмайтынын алға тартады. Дұрыс және жүйелі дайындық арқылы барлық қиындықты еңсеруге болады. Олимпиадаға дейін биатлон шеберлері Әлем Кубогінің бірнеше кезеңіне қатысады. Одан кейін Алматыда соңғы дайындық жұмыстарын тағы бір пысықтап, ақпан айының басында Оңтүстік Кореяға аттануды жоспарлап отыр.
Алина Райкова, Ұлттық құрама мүшесі:
- Үкімет пен Федерация тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Соның арқасында әлемнің түкпір-түкпірінде шеберліктерімізді шыңдап жүрміз. Сондықтан Оңтүстік Кореядағы климаттық ерекшелік пен сағаттық белдеу ешқандай кедергі келтірмейді деп ойлаймын. Біздің жылдар бойы жинаған тәжірибеміз бар. Енді соның жемісін көретін уақыт келді. Қазір қысқы ойындарға соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатырмыз.
http://sport.inform.kz/