ҚЫС ҚЫЗЫҒЫ
Қыс. Меңіреу тартқан даланың ақ мамыққа малынғанына да ай жарымнан аса уақыт өтіпті. Айнала құндақталған бейкүнә сәбидей ұлпа қарға оранып, мүлгіп тұр. Тек жалғызаяқ жолдағы қардың көбесінен сөгілген дыбысы ғана сықыр-сықыр, гүрт-гүрт етеді. Аязды күні адамдардың аузынан шыққан ыстық демі құдды бір паровоздың түтініндей будақтап барады. Ал, анау әудем жердегі төбешік басында балалар ұлан-асыр ойнап, сырғанақ теуіп жатыр. Екі беті алаулап, үсік шалған олардың ойын қызығына кіргені соншалық, ауа-райының қытымыр мінезін де елер емес. Олардың осындай шынайы күлкісі, риясыз көңілі мезгілі жеткен күннің бет қарыған сарышұнақ аязын бір сәтке ұмыттырып, қыс ажарына одан әрі көрік бере түсетіндей. Хәкім Абай кезінде «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды...» деп дәл осы бір көріністің суретін сөзбен салып кеткендей.Расында, қыс қызығы – сырғанақ қой. Бала күнімізде өзіміз де қар жауғаннан шанамызды сайлайтын едік. Сосын айналаны тегіс қар жапқанда бір топ балалар биік жоталарға қарай бет түзейтінбіз. Ерсілі-қарсылы сырғанап, ойын қызығына алаңсыз бататынбыз. Екі бетіміз домбығып, қолғабымыз аяздан сіресіп қатып қалушы еді. Сөйтіп, сілеміз қатып, кешқұрым үйге бір-ақ ораламыз. Ертесіне аққала жасаймыз. Жабысқақ қар жауса, тіптен керемет. Бойымызбен бірдей аққаланы үймелеп-үймелеп лезде-ақ тұрғызып қоямыз. Үйден ала шыққан бір түйір сәбіз бен шелек те өз орнын тауып, бала қиялынан шыққан дүниенің көркін еселендіре түсетін. Үлкенді-кішілі жұмаланған қарларды үш-төрт бала біріге үймелеуші едік. Кейде енді жасап болдық-ау дегенде әлгі қарлы шеңбер қақ ортасынан жарылып, шашылып қалатын. Ондайда аққаланы қайта тұрғызып, әбден әбігерге түсеміз. Қарап отырсақ, мұның бәрі қыс мезгілінің естен кетпес естелігі мен балдәурен балалық шақтың тәтті елестері ретінде бүгінге дейін санамызда жатталып қалды. Айнала ақ көрпе жамылған сәтте сол бір қызықты шақ еріксіз ойға оралады... Қылышын сүйреткен қаһарлы қыстың адамға осындай ерекше әсер қалдыруы да аталмыш мезгілдің ғажайып көріністеріне көп адамды ынтық етеді. Қырау-суретшінің де терезеге салған таңдай қағарлық суретшілік өнері табиғат шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдейтіндей. Бейне бір ісмер апам ою-өрнектен кесте тігіп, терезеге жабыстыра салғандай көздің жауын алады. Ал, бүгінде алыстағы таулы қыраттардан арқан бойы ұзап шыққан дала құстары әсем табиғаттың осынау ғажап шағына мейлінше құмарта қанат қаға оралған. Сонау қия-белдердегі қалың қар көктемнің жылы лебі келгенше басқа тіршілікке орын босататын емес. Себебі, табиғаттың түгел алтын құрсауы қыстың көркем көрінісімен қабысып өріле түскендей. Айнала тегіс ертегі кейіпке енген. Қараған көз демалатындай ерекше әдемі. Туасы, қыс қызығы бөлек әлем ә...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.