АЙНАДА ТАЛАЙ СЫР БАР
Дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған атам қазақ ұрпақтарына ырым-тыйым арқылы тәрбие берген. Үлкендердің әрбір сөзінде терең мән-мағына жатыр. Олардың әрқайсысында үлкен ғибадат, тәлім-тәрбие болып бар. Сол арқылы өрісімізді кеңейтіп, өнеге алып өсіп келеміз. Бала кезімізден «Айнаны ашық қалдыруға болмайды», «Айнаның бетін жауып жүріңдер» деген сөздер жадымызда жатталып қалды. Таңертең айна алдында 10-15 минут уақыт жұмсаймыз. Алайда, күнделікті құралымызға айналған оның тарихына үңілген емеспіз.
Оның өзіндік сырлары мен ерекшеліктері бар. Мәселен, айнаны сыйға тартуға немесе бұрын қолданылғанын сатып алуға болмайды екен. Өйткені, айна – қараған жанның энергиясын тартып алып, адамдардың бет-бейнесін, қимыл қозғалыстарды компьютер бағдарламасы секілді жадында мықтап сақтап қалады деген әңгімелер айтылады. Ескі айна басқа жанға кері әсерін тигізуі мүмкін. Ал тіптен қолданылмаған жаңасының адамға еш қауіпі жоқ көрінеді.
Бала кезімізде үлкендер айнаға көп қарауға тыйым салатын. Тіпті, анамның «Айна алдында ұзақ отыруға болмайды» дейтіні әлі есімде. Бүгінде сол сөздің астарында үлкен мән бар екенін түсіне бастадық. Себебі, «Айнаға көп үңілсең, сұлулығыңды тартып алады. Сынған айнаға қарама, бақытсыз боласың» деген ырымдардың астарында үлкен ғибрат бар екені белгілі.
Қазіргі таңда айнаны қарапайым қажеттіліктен гөрі үйге, кеңселерге, демалыс орындарына сән беру мақсатында да іліп қояды. Алайда, оның пайдасынан басқа, адамзатқа тигізер зиянды жағы бар екен. Бұл жөнінде көпті көрген көнекөз анамыз Ханшайым Жарылқағанова:
– Әрбір айтылған сөздің мағынасына терең мән беру қажет. Бүгінде бойжеткендер оны елеп-ескере бермейді. Мәселен, жаңадан босанып келген әйел түнде айнасы бар бөлмеге ұйықтамағаны немесе оның бетін жауып тастағаны жөн. Олай болмаса жас нәресте шошынып, ұйқысы қашады деген түсінік баяғыдан бері айтылады. Сондай-ақ, ата-бабамыз сәбиді 3 жасына дейін айнаға қаратпаған. Өйткені, бала кекештеніп, тілі кеш шығуы мүмкін деп ұғынған. Ал, қазір жастар мұндай жоралғыларға көп мән бере бермейтін секілді. Қазіргі уақытта әр үйдің барлық бөлмесінде айна ілулі тұр. Оған күнде қарамаса да сәндік ретінде қоя берген. Дегенмен, олардың кері әсері тимей қоймайды. Себебі, атам қазақтың жөн-жоралғысы, наным-сенімі әрқашанда дұрыс келген, – дейді.
Рас, нәзік жандылар айнаның алдында сәнденіп, көп уақыт өткізгенді ұнатамыз. Алайда, оның денсаулыққа зиян екенін естен шығармағанымыз абзал. зиянын тигізіп алмайық. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының ғалымдары магнитті-толқын детекторының көмегімен 15 жыл бойы айнаның адамға тигізетін кері әсерін зерттеген. Олардың дәлелінше, бұл құралдың алдында көп уақытын өткізіп, оған қарай беретіндер бойында әлсіздіктің пайда болады екен. Сондай-ақ, есте сақтау қабілетінің нашарлауын сезіне бастағандар да табылған. Яғни, айна адамның энергиясын тартып алушы екендігі ғылыми түрде осылайша дәлелденген. Егер сіз айнаға үш минуттан астам уақыт бөлсеңіз, сіздің бойыңыздан да осындай үдерістер байқалмақ. Тіпті, көшірмеңді дәп-дәл түсіретін әйнекке көп қарай беретіндер тезірек қартаю белгісіне ұшырайтын көрінеді.
Қалай десек те әр нәрсенің бір жаманы мен жақсылығы бар. Мәселен, айнаға жақсы көңіл-күйде қараған дұрыс. Яғни, өз бейнеңізге күліп қарасаңыз, онда ағза жағымды қуат алып, күшейе түспек. Тек оның алдында сағаттап уақыт өткізбеңіз...
Айтолқын АЙТЖАНОВА.