Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » КИІКТІҢ КИЕСІ

КИІКТІҢ КИЕСІ

 Ең сұлу, киелі жануар қандай десеңіз, әрине, киік алдымен ойға оралады. Маң даланың еркесі, сәні, тамылжыған табиғаттың көркіне көрік қосар сұлуы, мөлт-мөлт еткен көздерін айтпағанда, желпілдеген танауының өзі әдемі көрінді, сол қылығымен еріксіз баурап алады. Атам қазақ оны киелі деп санаған.
Табиғаттың сыйы – сұлу бөкенге Сәкен Сейфуллин өлең арнап, әнге қосты. «Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің» деп Кәкімбек Салықов жырлады. Жазық даланың осындай көркем келбетін, тамаша көрінісін бүгінде қанға бояп, дәрменсіз киікті қырып жүрген қаныпезерлер де жоқ емес. Бұрын да болған, қазір де жалғасып келеді. Осындай да Мұқағали Мақатаев амалсыздан тілсіз жануарға:
Киіктер, мұнда жүрмеңдер,
Бас бұғып отыр сұр мерген.
Боласың ғайып, байғұстар,
Қоштасып сайран күндермен.
Тасада отыр сұр мерген,
Кетіңдер аулақ бұл жерден, – деп өлең жолымен ескерткен еді. Аталған үш өлеңде де тақырып біреу – байғұс киіктің амандығы, Алланың жануардан артық етіп сана берген адамдарының қатыгездігі.
Расында да бір кездері киікті аямай атқандар көп. Тіпті, оның етіне, мүйізіне қызыққандары қаншама. Өйткені, олар атқан киік етін сол жерге қалдырып, тек мүйіздерін кесіп алғандары кездесті. Браконьерлер мүйіз үшін даланы жазықсыз жануардың қанына бөктіріп кеткен оқиға жиі орын алды. Қытайда дәстүрлі медицина үшін оның мүйізі дәрілік шикізат ретінде аса сұранысқа ие. Міне, мүйізге қызығушылықтың себебі осында.
Тіпті, осындай жолды кәсіп еткендері де бар. Құныққандары соншалықты көздері жәутеңдеген киіктердің қанға боялғанын көрмейді, елемейді, аямайтын еді. Осындай да үлкендеріміз жиі айтатын: «Жер бетінде қыбырлаған, кеудесінде жаны бардың әрқайсысында кие бар. Соның ішінде киіктің киесі қатты болады» деп.
Қарап отырсақ, көпті көрген көнекөздеріміз дәл айтқан. Бір отбасы болды. Әп-әдемі ұйып отырған шаңыраққа көбі таңқалатын. Себебі, жұмыс жасамаса да, ауылдағы табысы мол жандардың бірі еді. Ал, оларға осыншама ақша қалай келіп жатты? Сөйтсе, сұлу жануарды алаңсыз атып, етін, мүйізін сатып, әжептеуір байып, мол қаржы жинап үлгеріпті. «Әке көрген оқ жонар» демекші, сол үйдің иесінің кәсібін көріп өскен балалары да осы жолда жүрді.
Бірақ, соңы жақсы болмады. Байлық та, береке де ұзаққа бармады. Көп ұзамай әкесі айықпас сырқатқа ұшырады. Ұлдары аяқ астынан ажал құшты. Бір отбасындағы мұндай келеңсіздіктің бірінен соң бірі орын алғанын сол кездері үлкендер тарапы былай болжады. «Киіктің киесі ұрды» деп. Себебі, ағайыны мұның дұрыс еместігін айтып, бірнеше рет ескерткен еді. Әйткенмен, байлыққа көзі тоймаған, қанағат тұтпаған отбасы құлақ та аспапты. Қайта керісінше, ағайынның айтқанын көреалмаушылыққа балады. Міне, өмірдегі бір дәлел.
Сұлу жануардың саны қанша?
Кеңес дәуірінде тап мұндай қатыгездік бола қойған жоқ. Үкімет тарапынан киіктерді өсіру қолға алынды. 1950-жылдардан бастап сұлу жануарды өсіру кәсіби жолға қойылып, жыл сайын олардың саны 120-150 мыңға өсіп отырған. Арнаулы шаруашылықтар арқылы ауланған киіктердің мүйізі шикізат ретінде Орталық Азия мен Еуропа елдеріне жіберіліп, жыл сайын Қазақстан 3,5-4 миллион АҚШ доллары көлемінде пайда тапқан.
Қазақстанда бөкендер Бетпақдала, Үстірт және Орал топтарында топтасқан. Ресми деректердің бірінде осыдан шамамен 20 жыл бұрын Қазақстан аумағын 1 миллионнан астам киік жайлаған. Ал, біздің аймақтағы мәліметке сүйенсек, Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Бақтияр Мұсаевтың айтуынша, киік деген киелі аң 5 облыста мекендейді. Соның ішінде біздің аймақ Бетпақдала таралымына кіреді. Былтырғы көрсеткіш бойынша 36200 киік болса, биыл олардың саны 51700-ге жетті. Республика аясында айтар болсақ, өткен жылы 108300 жануарды құраған. Осы жылы олардың саны артты, яғни, 152600 болды.
– Жалпы, киіктің біразы қыстай біз жақта мекендейді. Өйткені, олар үшін қысқы мезгіл жайлы. Ал, киелі жануардың көзін жазықсыз жою мәселесіне келсек, биыл Арал ауданында екі оқиға тіркелді. Бұл мәселені біз үнемі қадағалап отырамыз, – деді бөлім басшысы.
Дегенмен, мамандардың мәліметі бойынша киіктер санында өсім бары байқалады. Бірақ, «Қызыл кітапқа» енген даланың ерке жануарын жауыздықпен қыру оқиғалары әлі де бар. Араша сұрап қараған киіктің жәудіреген көздері де, киесі де, «Қызыл кітап» та, қабылданған Заң да браконьерлерге кедергі болмай тұрғаны өкінішті... Ойланатын жайт...

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.

31 қазан 2017 ж. 4 062 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам