Балабақшада ағылшын тілін оқыту тоқтатылмақ
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бағдарламасынан ағылшын тілін оқыту алынып тасталуы мүмкін екенін айтты.

Аймағамбетов елде бірыңғай электронды кезектің болмауы мен кейбір балабақшада лицензия мен аккредитацияның жоқтығы да мәселе туындататынын атап өтті.
"Әсіресе жеке меншік балабақшаларда келеңсіз жағдайлар көп. Осы бойынша біз тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Мектепке дейінгі білім беру бағдарламасынан ағылшын тілін оқытуды алып тастау және тәрбиешілердің жалақысын арттыру жоспарланып отыр", - деді министр білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының алдын ала қорытындысы туралы баяндамасында.