ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР ӘЛЕУЕТІ
Бүгінде қоғамда аз қамтылған отбасыларына берілетін төлемдер, әйелдердің зейнетке шығу жасының ұлғаюы төңірегінде сұрақтар өте көп. Осыған нақты түсіндірме беру үшін қалалық мәслихатта арнайы мәжіліс өтті.
Аталған жүмысты жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы бекітілді. Осыған орай Сыр өңіріне арнайы іс сапармен келген ҚР «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес АК төрағасының орынбасары Ғалым Қарқынбаев әлеуметтік жүйедегі жаңалықты жіті таныстырды. – Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84 қадамында «Әлеуметтік көмекті оның сипатын күшейте отырып, оңтайландыру тапсырылған. Яғни, келер жылдан бастап жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу арқылы әлеуметтік көмекті көрсету жүйесінің реформалануы қарастырылған. Жалпы, аймақта 2015 жылдан бері енгізіле бастаған «Өрлеу» жобасына қатысушылардың саны бүгінгі күнге дейін 3616 адамды құрап отыр. Бұл бойынша жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа форматтағы бірыңғай жәрдемақы-атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. Бұл көмектің түрі табысы аз отбасыларға арналған қолданыстағы үш әлеуметтік төлемді біріктіреді. Яғни, төрт және одан да көп балалы жандарға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.
Жаңа форматтағы АӘК табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға олардың еңбекке қабілетті мүшелерін міндетті түрде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларына қатыстыра отырып, шартты түрде көрсетіледі. Бұл дегеніміз – жәрдемақылар біріктіріліп, азаматтар үшін оңтайланады және олардың мөлшері артады деген сөз. Егер бүгінде азаматтар осы үш жәрдемақыны алу үшін үш пакет құжат даярлап, үш түрлі мекемеге баратын болса, енді жаңа жүйе аясында бір пакет құжат әзірлеп, бір мекемеге, жұмыспен қамту орталығына жолығады.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің өзіндік шарттары да бар. Үйдегі еңбекке қабілетті азаматтардың барлығы еңбекпен қамту шараларына мемлекеттік бағдарламалар аясында оқыту, кәсіби біліктілікті арттыру, жұмысқа тұру, кәсіп ашуға қатысуы шарт. Еңбекке қабілетті әрбір азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе микрокредит алып, өз ісін ашуға қолдау жасалады. Егер ондай адамдар жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Алайда, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға, бала күтімімен отырған аналарға, нақты себептерге байланысты жұмыс істей алмайтындарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалып, төленеді.
Мәжілістегі келесі мәселе – зейнетақы жүйесі. Қазақстан Республикасында әлеуметтік-экономикалық жүйелердің барынша қарқынды дамыған бөлімдерінің бірі – зейнетақы жүйесі. Бүгінгі күні зейнеткерлердің жинақтаған қорларының зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіздігі, демографиялық мәселелердің толық қанды шешілмегендігі, өмір сүру ұзақтығының және еңбек ақы төлеудің әр түрлілігі, ерлер мен әйелдердің зейнетақы мөлшеріндегі айырмашылықтары төңірегінде түсінбеушіліктер бары жасырын емес.
Бірақ, айта кетерлігі, зейнет жасын көтеру мәселесі тек біздің елімізде ғана емес, көптеген шет елдерде Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, оңтүстік Корея, Чехия, Әзірбайжан, Украина, Эстония сынды мемлекеттерде де қолға алынғандығы белгілі. Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2020 жылы ерлердің жасымен теңестірілетін болса, 5 ел оны әзірше кейінге қалдырып отыр тәріздес. Бұл мемлекеттерде зейнеткерлік жасты арттыру кезең-кезеңмен жүргізіледі. Әдетте, ол жылына 2 айдан 6 айға дейінгі мерзімді құрайды. Оңтүстік Кореяда әйелдердің зейнеткерлік жасын 65-ке жеткізу 20 жыл ішінде жүргізілсе, Францияда 62 жасқа дейін 8 жылда, Украинада 60 жасқа дейін 10 жылда жүзеге асырылатын болады.
Ал, біздің елде зейнетақы жасын ұзарту келер жылдан басталады деп жоспарлануда. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, он жыл ішінде ақырындап 63 жасқа жеткізу көзделуде. Яғни, әйелдер тек 2028 жылы ғана 63 жасында зейнетке шығады. Ал, бірінші ілінген азаматшалардың базалық зейнетақысы 2 есеге көбейтіледі. Сонда ерте зейнетке шыққандардың алатын ақша жағынан ұтары болады, – деп жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, мәжіліс соңында әлеуметтік сала бойынша сұрақтарға жауап берілді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.