Жақында латын әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылмақ
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жақын арада көптің көңілінен шығатын латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылып қалуы мүмкін деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, жаңа әліпбиге қатысты пікірталастар баршылық. Десе де, олар техникалық сипаттағы мәселелер ғана екенін ескеру керек. «Пікірталастардың болғаны да дұрыс. Бұл дегеніңіз көпшіліктің тіл тағдырына бей-жай қарамайтынын білдіреді. Қазақ тілінің жаңа әліпбиі бойынша лингвистер де, тілтанушылар да, тіпті ІТ-мамандар да жұмыс жүргізіп жатыр. Сондықтан, кей сұрақтар бойынша қайшылықтың болғанына аса таңғалудың реті жоқ. Бұл ньюанстардың барлығын Елбасы да, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та біліп отыр. Міне, осы себепті аталған бағыттағы жұмысты жалғастыруға пәрмен берілді. Менің ойымша, жақын арада барлығының – оқушылардан бастап профессорларға дейін көңілінен шығатын жаңа нұсқа таныстырылады», - деді Дәурен Абаев.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға жаңа әліпбиді жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы ҚР Президенті өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.