КӨКЖИЕГІМІЗ КЕҢЕЙЕ ТҮСПЕК
Бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда латын әліпбиін енгізу қиындық туғызбасы анық. Бұл қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік екені даусыз. Латын қарпіне көшу көкжиегімізді кеңейте түседі.
Бұл шешім – еліміз үшін өркениетті қадам. Қарап отырсаңыз, бүгінде жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылады.
Осының арқасында ана тіліміз әлемдік деңгейге көтеріледі. Мұның өзі – ертеңгі келешек үшін зор мүмкіндік. Бүгінге дейін латын әліпбиіне байланысты қаншама ұсыныстар түсіп, жан-жақты сүзгіден өтті. Елбасы жарлығымен өмірімізге енген латын әліпбиінің жаңа нұсқасы көпшілік көңілінен шықты деп ойлаймын. Бұл өзгерісті әріптестеріммен бірге кең көлемде талқыладық. Ол – жаңашылдық жұрт күткен, тілдік заңдылықтары сақталған, халықтың көңілінен шығатын әліпби. Оның бір ерекшелігі қолданыстағы кириллица бойынша қазақ тілі 42 әріппен таңбаланса, латын қарпі 32 әріптен құралды.
Қазір ақпараттың 70 пайызы латын әрпімен таралады. Ғылыми-техникалық прогресс те осы тілде басым жүруде. Латын әліпби – біздің болашақ дамуымыздың басты бағдары. Біз осы бағытта жаңашылдықпен жұмыла еңбек етеміз.
Ғазиза БАЙНИЯЗОВА,
№144 С.Әлжіков атындағы
орта мектеп мұғалімі.