Егінші еселеп, кеусенші кеселеп...
Қазақ халқы қазан айын тоқшылық мезгілі деп есептейді. Бұл уақытта елдегі еңбекшіл қауымның еңбегі еселенеді. Ала жаздай төккен тері ақталып, мол несібеге кенеледі. Күріш ору аяқталып, астығын қамбаға жинап алған жұртшылықтың көңілі бір демге түседі.
Әлі есімде, 5-6 сынып оқып жүргенімде осындай уақытта ата-анам мектептен сұрап алып, егін жинауға алып кететін еді. Алайда, бақша жұмысына барғанымызды сыныптастарға айтуға намыстанамыз. «Ауырып жатырмын» деп ұстаздарға ескертіп қоямыз. Салыстырып көрсек, бүгінде гектарлап картоп, сәбіз, қауын егетіндер азайған. Ауыл адамдарының өзі дайынды сатып алғанды жөн көретін секілді.
Әкем егін еккен кезде жыл сайын, ала жаздай еңбегі ақталып, мол өнім алатын. Үйге машина-машина қауын, молынан сәбіз, картап, пияз келіп түсетін. Қашаннан бір-бірінен қол көмегін аямайтын халықпыз ғой. Әсіресе, астық жинау кезінде ағайындар қол көмекке келеді. Асарлатып, суық ұрмай еккен өнімдерді теріп алуға тырысады. Сол кезде әкем көмекке келген кісілердің бәріне бір-бір қаптан сәбіз, картоп таратады. Молшылық кезінде ешқашан қол тарылмайтын. Оны «кеусен» деп атайды.
Үйдегі үлкендер «кеусен» береміз дегеннен, ол сөздің мағынасын ұғынуға тырысатын едім.
– Берекелі кезде тұрғындар қырман бастырып жатқан шаруалар қосынан табылып, ақ тілегін білдіріп, қол көмек берсе, кеусен алып кететін болған. Ол – қырман бастырып жатқанда жақсы тілек айтып келген адамдарға астықтай берілетін сыбаға-несібе. Әуелі жұмыс басталмай тұрып, қырманда көмекке келген адамдарға арнап, бір қой сойылады. Одан кейін жер ошаққа тайқазан асылып, ауылдағы ағайын дала дастарханын молынан жаяды. Асқа жиналғандар содан кейін жұмыла жұмысқа кірісіп кетеді. Егін иесі қол көмек еткен адамдарды құр қол қайтармайды. Оларға алған өнімінен «құшыр» қолүзік дән бөліп береді. Оны қазақ ғұрпында «кеусен» деп атайды, – дейді әкем түсіндіріп.
Ал жиым-терімнен өз үлестерін алған кісілер алғыстарын айтып тарқасатын.
Қазіргі уақытта ешкім бұл сөзді айта бермейді. Егін егу азайғандықтан ба, туысқа көмектесу де ұмытылып барады. Ағайын адамның өзі берген затын ақшасына сатқысы келеді.
Осы орайда Сыр бойында ертеде өмір сүрген Әлішынар есімді диқанның хикаясы ойыма орала кетті. Ол әрдайым егін егеді екен. Жаз болса, егінін күтіп-баптап, күзде орып, жинап алады. Өзінің ішіп-жемі мен тұқымдығынан артылған астықты ел-жұртына таратып, халықтың алғысын алыпты. Адамдарға істің көзін үйретіп, кәсіпке баулыпты. Диқанның бір жомарт қасиеті егін бастырып жатқанда қырманға кімде-кім келіп, қолғабыс берсе, қабына бидай, күріш салып береді екен. Өзі бұл сыбағаны «кеусен» деп атапты. «Егінші еселеп, кеусенші кеселеп» деген сөз содан қалған деседі. Оны бергеннен диқанның ырысы кеміп қалған емес. Дәулеті де, әулеті де көбейе беріпті. Атақ-құрметі ел арасына кең жайылған.
Әлішынар үнемі балалары мен шәкірттеріне:
– Шырақтарым, Құдайға шүкіршілік етіңдер. «Біссіміллә» деп дән сепсеңдер, еңбектерің ескерусіз қалмайды. «Егінші мәрт, жер жомарт» деген. Ниеттерің тарылмаса, бақ-береке арылмайды, – деп ақыл айтқан көрінеді.
Халық Әлішынарды келе-келе диқан баба деп атап кеткен. Содан болар, егіншілер егін егерде, ең алдымен, Диқан бабаның рухынан медет тілеп, Алладан жәрдем сұраса, егіні бітік шығады екен. Қырманға кім келсе де, бос қайтармай, кеусен беріп жібереді екен.
Жақында бір тойда болдым. Маржан есімді ағайын әпкем егінін жинасуға қол көмекке адам жинапты. Шын ниетпен қол ұшін бергендерге қап-қап картоп, сәбіз таратыпты. Қазақы дәстүрімізге сай дархан көңіл әлі де бар екен ғой деген ойға қалдым.
Ал, сіз осындай егін жинау кезінде ағайынға қол көмек беріп, тілек тілеп кеусен алып көрдіңіз бе ?
Айтолқын АЙТЖАНОВА