КҮЗ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Алтын күздің нағыз берекелі шағы – егін жинау науқаны. Сыр еңбеккерлері сындарлы шақты тағы да абыроймен аяқтап шықты. Бүгінге дейін егістік даласында қызу тірлікке жауапты адамдардың бәрі бос болмады. Себебі, олардың әрқайсысы күрішті тез жинап алуды мақсат тұтты. Еселі еңбектің нәтижесінде қамба сары алтынға толды.
Сыр өңірі соңғы бес жылда күріштен рекордтық өнім алып келеді. Осындай еңбектің ерен үлгісін танытқан диқандар қатарында қалаға қарасты округ еңбеккерлерінің де үлесі бар. Биыл қала бойынша барлығы 7689 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде жаздық бидай, арпа, сұлы, жаңа, ескі жоңышқа, картоп, көкөніс, бақша секілді дәнді дақылдар 4109 гектарды құрап отыр. Яғни, жаздық бидай, арпа, сұлы, жаңа, ескі жоңышқа, картоп, көкөніс, бақша дақылдары. Ал, негізгі дақыл – күріштің көлемі 3743 гектарға егілді.
Биылғы егілген ақ егісті жинауды шілде айының ортасында толық аяқтап, гектар түсімі бойынша жаздық бидайдың әр гектарынан 10, арпадан 7, сұлыдан 1,3 центнерден өнім алынды. Сонымен қатар, көкөніс, бақша және маз азық дақылдары да жиналды. Ал, күріштен 18715 тонна өнім қамбаға құйылды. Орташа өнім гектарына 50 центнерден алынды.
Егін шаруашылығымен қалаға қарасты Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Ақсуат және Ақжарма секілді 4 ауылдық округ айналысады. Алдымен Сыр маржанын егумен айналысатын 12 шаруа қожалығы бар Қосшыңырау ауылдық округінен бастасақ, мұнда егілген 1603 гектар күріш дақылының әр гектарынан 51,6 центнерден өнім жиналды.
Қарауылтөбе ауылында 720 гектар күріш дақылының әр гектарынан 40 центнерден өнім алынып, барлығы 2880 тоннаны құрады. Ал, Ақжарма диқандары еккен 1120 гектар күріш дақылының әр гектарынан 58,9 центнерден өнім алынып, барлығы 6601,3 тонна астық жиналды. Ақсуат ауылдық округінде егілген 300 гектар күріштің әр гектарынан 42 центнерден өнім алып, барлығы 1260 тонна болды.
Күріш өсірудің қилы ауыртпашылығын білетін, өнімге баладай күтім жасайтын диқандардың орақ науқаны осылай аяқталды. Олардың ең басты ұстанымы – Сыр салысын дер кезінде ысырапсыз жинап алып, биік дәрежеден көрінуге аянбай тер төгу. Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев атамыз «Егінші – мәрт, жер – жомарт» деп ұлағатты сөзі осылайша текке айтылмағаны тағы бір мәрте дәлелденді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.