Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ашамайға мінгізу

Ашамайға мінгізу

   Баланы ашамайға мінгізу – олардың өміріндегі қуанышты әрі атаулы күн. Қазақы тәрбиелік мәні бар салт ұл балаға арналған. Ол жеткіншектің ат үстінде ойнай алатын жасқа жеткенінде жасалады. Әрине, қазақ ұрпағы үшін атқа міну таңсық емес. Өйткені олар 2-3 жасынан бастап-ақ жылқы малымен жақын болып өседі.
         Ашамайға мінгізу – баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың бірі. Жас өренге бәсіре ретінде аталған тайды ашамай деп аталатын ермен ерттеп, қолына арнайы қамшы өріп береді. Аталмыш дәстүр жөнінде бүгінде жастар білмегенмен, орта буын ағалар әлі ұмытпаған.
– Алғашқыда баланың аяғы қысқа болғандықтан, оған үзеңгі салынбайды. Терлік жабағы жүннен жасалады. Тайға салынатын тоқымды көз тартатындай әдемілеп, жиегін шашақтап өрнектейді. Ашамайдың үстіндегі аткөрпені де балаға лайықтап тігеді. Оның үстінен тепкішек салынады. Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқа мінген кезде екі аяғын соған салады. Ашамайлы тайға мінетін күні бозбаланы әдемілеп киіндіреді. Шашу шашылып, тілек айтылады. Жас жігітті үлкен аталарының бірі қолтығынан көтеріп тайына мінгізеді. Содан кейін ол ағайын-туғанына барып, ауыл аралайды. Олар шашу шашып, көрімдік береді. Міндетті түрде ерге қажет ат әбзелдерін тарту етеді, қамшы сыйланады. Себебі, қазақ – көшпенді халық, сондықтан әркімнің өзінің жеке ер-тұрманы болған.  Үлкендер жағы «міне, сен ат жалын тартып мінер жігіт болдың» деп бұдан кейін өзінің жеке тайы бар екенін балаға ұғындырып өсірген, – дейді Сырдария ауданы Бесарық ауылдық округінің тұрғыны Серікжан Жүнісбаев.
Бұл дәстүрдің ерекшелігі – баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы. Ондағы мақсат бәсіре тайын ендігі жерде жас өрен бағып-қағады. Жануардың алдында баланың жауапты, соның иесі өзі екенін сезініп өсіру – негізгі қағида. Яғни, жауапкершілікке жастайынан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады, ой-санасы өседі, байсалды мінез қалыптасады.  
– Әсілі, біздің қазақ балалары ойыншықпен көп ойнамаған. Ал қазіргі орда бұзар жасқа келген жігіттерге қарап, балалығы әлі қалмағанын байқаймыз. Себебі, қай үйге барсақ та, бөлме толы қытайдың ойыншығы. Яғни, аталы сөзді ұғынбайтын ұрпақтың көбеюінің бір ұшы осында. Сондықтан кішкентай қазақты жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы – осы ашамайлы тайға мінгізуден басталады. Осы дәстүр орындалғаннан кейін жас өреннің көңілі өсіп, өзгелерден ерекшеленіп, тұратыны байқалады, – деп ағамыз қазіргі өсіп келе жатқан ұрпаққа көңілі толмайтынын жеткізді.
Иә, расында бүгінде қолынан телефоны түспейтін бозбалалардың атқа мініп жүргенін көрмейміз. Қала түгіл, қазақы бұзылмаған ауылдың өзінде бұл көрініс азайды. Сол себепті де ежелден келе жатқан дәстүрлерді еске салып, ұмыт қалдырмағанымыз жөн болар. Сондай-ақ қазіргі таңда ер жігіттердің ұсақталып бара жатқаны да алаңдату қажет секілді. Асық лақтырып, ат үстіне мінбеген өреннен қандай жігіт қалыптасуы мүмкін?
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
05 қараша 2019 ж. 1 267 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам