Кіндік шеше
Біздің әулетте Шолпан апаға ерекше құрмет көрсетіледі. Ол – әжемнің туған жеңгесі. Үйге келген сайын үлкендер жағы оған құрақ ұшып, аяғынан тік тұрып қызмет істейді. Өйткені, ақ жаулықты кейуана отбасының барлық баласының кіндік шешесі. Қазақ салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа өте бай халық. Әрбір дәстүр өмірмен тығыз байланысты. Олардың астарында үлкен тәрбие мен мән жатыр.
«Дүниеге келген сәбидің кіндігін кім кессе, бала соған ұқсайды» дегенді жиі естиміз. Әсіресе, үлкендер оның мінез-құлқын, жүрген жүрісін, барлық жақсы қасиетін кіндік шешемен байланыстырады. Бұрын қазіргідей перзентхана болған жоқ. Аналарымыз үйде босанған. Келіннің бойына шарана бітіп, аяғы ауырласа, енесі балаға кіндік шеше іздестірген екен.
Әйелдің ай-күні жетіп, толғағы басталған уақытта ауылдағы ақжаулықтылар сол рәсімге қатысуға ұмтылатын. Бірақ, кез-келген адам оған лайық деп танылмаған. Қолынан іс келетін, көпке сыйлы, ұл-қыз өсіріп отырған ұлағатты ақжаулықты ғана баланың екінші анасы атанған. Себебі, халқымыз кіндік кесуді абыройлы іс деп қараған. Ал, үй үлкендері оған ырым бойынша кәде-сый жасап, алғыс білдірген. Осыдан-ақ, бала өмірінде кіндік шешенің орны ерекше екенін аңғаруға болады. Шолпан апа бұл жайында кезінде бізбен сыр бөліскен еді.
– Алғаш рет абысынымның босануына көмекші болдым. Өзім екі-үш балаға ана болғаннан кейін ғана сол топқа қосылдым. Қайнымның баласының кіндігін алғаш кестім. Оны үлкендер маған сеніп тапсырды. Өздері басында қасымда айтып отырды. Түрлі қиындық болды. Нағыз маманы емеспін ғой. Баланың кіндігін кесіп, оны жөргекке орау – үлкен жауапкершілік, Сондықтан бәріне жіті мән беру керек. Арнайы оқымасам да уақыт өте бұл істің қыр-сырын меңгерген нағыз маман болдым. Бүгінде біраз баланың кіндік шешесімін. Қай жерге барсам да олар алдымнан жүгіріп шығып, қолынан келгенше сый-құрмет көрсетіп, төрінен орын береді, - деді Шолпан апа.
Соңғы жылдары менің замандастарым кіндік шешенің кім екенін білгенімен оны танымайды. Қандай адам болғанынан да бейхабар. Біз перзентханада дүниеге келген ұрпақтармыз. Онда мұндайдың барлығы дәрігердің қолынан өтеді.
Осыдан үш жыл бұрын сіңілім дүниеге қыз бала әкелді. Сонда перзентханада дәрігер баланың кіндігін менің анам, нағашы әжесіне кестірді. Немересінің кіндік шешесі атанған анамның қуанышында шек жоқ. Қазіргі кезде сол жиенімнің қылығы, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзіне дейін анама ұқсайды. Осыдан кейін бұл ырымды жоққа шығара алмаймыз. Шын мәнінде, әр бала кіндігін, тұсауын кескен, аузына түкірген адамға міндетті түрде ұқсайды деген рас-ау...
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді дана халық. Баланың кіндігі түскеннен кейін жасалатын ырымдар да жетерлік. Солардың бірі оның кіндігін адам баспайтын жерге «жемістей көп болсын» деп жеміс ағашының түбіне көметін болған. Ал, қазіргі кезде «оқымысты болсын» деген мақсатпен кітаптың арасына, «өнерлі болсын» деп домбыраның ішіне сақтап қояды.
Бір өкініштісі, қазіргі кезде осы кіндік шешенің мән-мағынасына ешкім үңіліп жүрген жоқ сияқты. Өйткені, жастар арасында мұндай ырым-тыйымдарға мән берілмейтін болды. Дегенмен, не нәрсе де тектен текке айтылмаса керек. Сондықтан бүгінгі күні оны жойып алмай, ертеңге жеткізу – біздің басты міндет.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ